Ақын қыздарымыздың жалғыздық тақырыбына арналған өлеңдерін оқысаңыз, еріксіз жанарыңызға жас үйіріледі. Олардың алғашқылары бұдан отыз жылдан астам бұрын жарық көрген. Соған сай-сүйегім сырқырап отырып, «Жаралы жүрек жалғыздар» атты жыр жазып, ол 1990 жылы «Ана тілі» газетінің № 18 санында жарияланды.
Жыр газетте жарияланғаннан кейін, «Ана тілінің» келесі санында Тараз қаласынан Сая есімді қыздың «Екінші әйелі болғым келеді» атты мақаласы жарық көрді. Содан айтыс-талқы басталды да кетті. Сол жылғы «Ана тілі» мен «Қазақ әдебиеті» газеттерінің бетінен бұл мәселе айлап түспей қойды. Талқылауға атақты жазушылар мен ғалымдар, қоғам қайраткерлері үн қосып жатты. Ол кезде Компартия да, Одақ та әлі тарай қоймаған болатын. Соған қарамастан көпшілігі екі әйел алуды жақтап, оның пайдасы мен артықшылығын жан-жақты дәлелдеуге тырысты. Содан бері өткен 24 жыл бойы бұл мәселе ауық-ауық қозғалып келеді.
2007 жылы парламентте «Неке және отбасы» кодексі талқылана бастады. Онда: «Діни нормалар бойынша неке қию (ерлі-зайыптылық) мемлекеттік азаматтық хал актілерін тіркеу органында тіркелгенмен теңестірілмейді және тиісті құқықтық салдарлар тудырмайды» деген әділетсіз тұжырым бар (3 тараудың 14 бабы). Мен заң жобасын оқып шығысымен осы бапқа қарсы «Кішіжар көбейтер қазақты» деген мақала жазып, оны Астанада шығатын «Ел» газетінің 2007 ж. 23 қазан күнгі санында жарияланды.
Басын ашып алатын және бір мәселе – екінші әйелдің қалай аталатыны. Басылымның бәрі тоқал-тоқал деп, тақылдаумен келеді. Тоқал деген тұрпайы сөз. Қазақтың бұрынғы зиялылары бәйбішеден кейінгі әйелді кішіжар деп атаған. Құда түсуге келгенде «қызыңызды тоқалдыққа сұрай келдік» демеген, «кішілікке сұрай келдік» деп сыпайылап айтқан. Тоқал сөзін қызғаншақ, күндес, көкдолы әйелдер шығарған, тоқал ешкі, тоқал сиыр дегендей кемсітпек болған. Қазақ халқының тарихында қаншама ұлы тұлғалар, батырлар мен билер, бектер кішіжарлардан туып тараған. Мысалы, қыпшақ батыры Тілеулінің тоғыз әйелінен өрбіген ұрпақ қазір тоғыз рулы ел болып тамыр жайған. Сондай бір өзінен бір рулы ел өсіп-өнген аяулы аналарды және Абайдың Әйгерімін қалай тоқал деп кемітерсің. Демек, екінші әйелді кішіжар деп өзінің негізгі атауымен атап, қалыптастыруымыз қажет.
Біз – ислам дініндегі халықпыз. Құдайымыз – Аллаһ, кітабымыз – Құран, пайғамбарымыз – Мұхаммед, мұсылманбыз. Ал, мына неке заңы біздің мұсылмандығымызды мойындамай, ислам дінімізбен есептеспей отыр! Алланың үйі – мешітте қиылған некені мойындамау, оның заңдық күші жоқ деу Құдай заңына қарсы шығу, күнәһәр болу деген сөз. Осыны ойладық па? Парламентте де, баспасөз беттері мен телеарналарда да пікір-сайыс осы бап төңірегінде болуы тиісті еді. Бірақ, олай болмады. Екінші әйел алу жайындағы мәселені жеңіл-желпі, үстүрт талқылады, бәтуасыз құрғақ әңгіме күйінде қал-ды.
Депутат Бақыт Сыздықова «…онда бірнеше күйеуге ие болғысы келетін әйелдерге де рұқсат беру керек» деді. Егер бір еркек төрт әйел алса, өмірге келген балалардың әкесі де, шешесі де болады. Ал бір әйелдің қанша күйеуі болса да, туған баланың шешесі ғана болады, әкесі болмайды. Өйткені, оның қай күйеуінен пайда болғанын әйелдің өзі де білмейді!
Тито Сыздықов қарсы шыққанымен қоймай: «Егер екінші рет үйленгің келсе, бірінші әйеліңді қоя бер де, үйлене бер» деп келеңсіз сөз айтты. Осы депутат айтатын сөз бе? Ол олай деп айтпаса да, әйелін баласымен қоса тастап кетіп жатқандар мың-мыңдап саналады. Жыл сайын үйленгендердің үштен бірі ажырасып жатады. Сондай тірі жесір әйелдер мен тірі жетім балалардың тағдырын парламент депутаттары бір сәт ақыл таразысына салып, салмақтап ойлап көрді ме екен?
Егер кішіжар алуға заң рұқсат берсе, онда қыздай алған, кезінде сүйіп қосылған бәйбішесін қоя бермей-ақ, өзара ризашылықтарымен тұра берген болар еді.Ондай отбасы ел көлемінде жүздеп саналады.
Мәселе солардың құқықтарын АХАЖ-ға тіркелгенмен теңестіруде болып отыр. Ол үшін не істеуіміз керек? Құранда «некесіз туған бала – шайтанның баласы» делініпті. Әрине, некесіз, көлденең жүрістен туған баланың да, оны тапқан ананың да жазығы жоқ. Оған бар әкесін бар деп айтып, заңдастыруға рұқсат бермей отырған бүгінгі қоғам, оның неке туралы әділетсіз заңы кінәлі. Кінәлі ғана емес, айыпты.Статистикалық мәлімет бойынша, қазір елімізде 24-25 жастан жоғары 550 мың шамасында бұрын күйеуге тимеген кәрі қыздар мен 445 мыңнан астам күйеуінен ажырасқан немесе жас жесір келіншектер, жалғызбасты аналар бар деп есептеледі. Екеуін қосқанда – 995 мың, миллион десе болады. Бұл көрсеткіш Еуропадағы Лихтенштейн, Люксембург, Андорра, Монако, Сан-Марино атты бес мемлекеттің халқының санына тең деген сөз. Не істеп отырмыз? Соншалық халықты жетім-жесір етіп, қорғансыз, панасыз, тірексіз, сүйенішсіз қалдырып отырмыз. Сұмдық қой бұл! Оларға парламент депутаттарының да, үкіметтің де жаны ашымайды. Неткен безбүйректік!
Мәселеге кәрі қыздар тұрғысынан ғана келуге болмайды. Жаралы жүрек жалғыздар қатарына жыл сайын үйленгендердің ажырасқан үштен бірі келіп қосылуда. Солардың көбі жиырманың ішіндегі жап-жас келіншектер. Олар да қайтадан тұрмыс құрып, жоғалт-қан бақытын қайта тапқысы келеді. Ажырасқан жігіттің көбі қайтадан жас қызға үйленіп алады. Ал, келіншектердің көбі бойдақ әйелдердің санын көбейткен үстіне көбейте береді. Оларда бір ғана жол бар, ол – бір ердің етегінен ұстап, кішіжары болу. Бірақ біздің неке заңымыз оларға ондай бақытты қимай тұр. Олар амалсыз әйелі бар жігіттердің көңілдесі болады. Ол да бұйырмағандары жезөкшелік жолға түседі. Жұмыссыздық, қымбатшылық қос бүйірден және қысады. Ал біз оларды айыптауды ғана білеміз, себебі мен салдарын саралауға бас ауыртқымыз келмейді.
Жоғарыда мысалға келтірілген алты мемлекет әлемге аты әйгілі елдер. Солардың халқының санына тең бойдақ қыз-келіншектердің тағдырына бұрынғыдай үстірт қарамай, оған мемлекеттік тұрғыда мән беріп, жаралы жүрек жалғыздар мәселесін шешуге барынша күш салуымыз керек. Маған: «сенің нең кетті, бұған неге сонша бәйек болып жүрсің?» дейтіндер бар. Әсіресе, әйелімнен сөз естіп жатамын. Біріншіден, туған еліңнің ғана емес, әлемнің қайғы-қасіреттерінің салмағы алдымен ақын жүр-егіне түседі. Бұл жалаң сөз емес, шындығы солай. Екіншіден, «Жаралы жүрек жалғыз-дар» жырын жазуға мәжбүр еткен сол жаралы жүрек ақын қыздардың жан тебірентіп қана қоймай, жүрегіңді ауыр-тып сыздататын өлеңдері болды.«Мың жалғыздың біріне» деп, біреуіне жыр арнап жібергенім де бар. Үзінді келтірелік:
Заманға қандай жеттіңдер?
Жыр-моншақ көзден төктіңдер.
Жаралы жүрек жалғыздар,
Көбейіп неге кеттіңдер?
Қымбат деп ару басқан із,
Жыр жазар едік тасқа біз.
Ақын қыз мұңлық болғанда,
Қайтеді сонда басқа қыз?
Міне, алдымда жақсы ақын Жанат Әскербекқызының «Қаракөз—бұлақ» және Елена Әбдіхалықованың «Шынар көлі» жыр жинақтары жатыр. Осы екі ақын қызымыздың өзі-ақ барша жаралы жүрек жалғыздардың жан жарасын, мұң-қайғыларын сай-сүйегіңді сырқырата, жеріне жеткізе жырлап берген. Жанаттың лирикалық кейіпкердің сырын шерткен бір өлеңінде мынадай шынайы жыр жолдары бар:
…Бір құшаққа сияды екен қос әйел,
Жер-көңілін паш етеді кімге енді.
… Үсік ұрды үлбіреген сезімін,
Басыбүтін жар сүюдің өзі мұң…
Басыбүтін жар бұйырмай, некелі ерге телініп жүрген жүздеген мың жалғызбасты қыз-келіншектер мен бейбақ әйелдердің мұңлы тағдырын ақын өлеңмен жетеңе жеткізе бейнелеп берген. Сонымен бірге бір ер құшағына қос әйелдің сиятынын, бірақ, әттең оған заң жол бермейтінін аңғартады. Бұл барша жалғызбасты әйелдердің ортақ ой-пікірі десек керек.
Олай болса, мұсылман елі бола тұра, Алланы, Құранды, Мұхаммед пайғамбарымызды мойындап тани тұра, неге біз жүздеген мың қыздар мен жас жесір келіншек, бойдақ әйелдерді кішіжар болып, өз бақытын тауып, ана болып бала сүю құқынан айырып отырмыз? Кімнен қорқып, кімнен ұялып бет моншағымыз үзіліп жүр? Еуропадан ба? Оларда бізді айыптайтындай бет бар ма әуелі? Еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің үйленулерін заңдастырып, жезөкшелікке ашық жол беріп, моральдық азғындыққа ұшырап отырған Батыстан қаймыққанымыз қалай? Бұларың не десе жауабымыз дайын емес пе. Біріншіден, оларға: «дініміз—ислам, екі әйел алу адамды да, қоғамды да аздырмайды, қайта түзейді, жетім-жесірлік, жезөкшелік болмайды, екіншіден, қайта адамзатты сендер аздырып жатырсыңдар» демейміз бе.
Шешенстан екі әйел алуды заңдастырыпты. Ресеймен ұзақ жылға созылған соғыста өзі аз халық он мыңдаған ер азаматтарынан айырылды. Солардың орынын толтырмақ. Біз де аз халықпыз, ұшы қиырсыз алып даланы алып жатырмыз. Көз алартушылар көп. Аз халықпен ұлы даламызды қалай қорғаймыз? Бұл бүгінгі бәріміздің бас ауруымыз емес пе?
Түйіндей келгенде, бұл – толғағы жетіп, пісіп тұрған, тездетіп шешуді талап ететін аса маңызды мәселе. «Айқын» газеті 2009 жылы 24 қазан күнгі санында Ольга және Таиса атты екі орыс әйелі бар, өзі отыз сегіз жастағы шығыс қазақстандық Байболат есімді азамат туралы қызық мақала жариялады, суреті қоса беріліпті. Батырың екі сұлудың ортасында күлімдеп отыр. «Паһ, сабаз»! деп, еріксіз сүйсінесің. Екеуін де қыздай алған, екеуінен де екі ұл, екі қыздан төрт баласы бар. Тойға екеуін де ертіп барады: бір әйелінің төркініне барса, екіншісін де қалдырмайтын көрінеді. Газеттер өзге ұлт өкілдерінен де сұхбаттар алып жариялап жатты. Мысалы, бір сән үйінің директоры Нина Ковалева, «Инталев-Казахстан» компаниясының бас директоры Евгений Плужниктер екі әйел алуды қолдап қана қоймай, оның көптеген пайдалы жақтарын жақсылап айтып берген. Сол бірнеше жылға созылған айтыс-талқылау барысында қолдаушылардың пікірлері төмендегідей тұжырымға тоқайласты.
Біріншіден, мешітте қиылған неке АХАЖ-бен теңестірілсе, ерлер жасырын жансүйерлерін жарыққа шығарып, заңды түрде тіркетіп, баласы әкесін табады. Сөйтіп, ер де, әйел де Аллаһ алдындағы ауыр күнәсынан арылады.
Екіншіден, қазақтың «аға өлсе, жеңге мұра» деген әлемде теңдесі жоқ тамаша салт-дәстүрі қайта жаңғырып, жесір әйел, жетім бала болмайды.
Үшіншіден, заңды жар құшқан қыздар мен жесір келіншектер, басқа да жас әйелдер арман еткен аналық бақытқа ие болады. Халық тез, қарқынды түрде еселеп өседі. Қазақ бүгінге көп әйелділік арқасында ғана жеткен!
Төртіншіден, екінші әйел алу заңдастырылса, қыздай сүйіп алған бәйбішесін баласымен қоя беру тоқтар еді. Жетім мен жесір санын солар көбейтіп жатыр.. Ажырасу – отбасы үшін де, ұлтымыз үшін де зор трагедия. Соны терең түсінуге парламент депутаттарының өресі жетпеді. Тек 2008 жылғы ажырасқандар саны 149195 екен. Сұмдық қой! Демек, ажырасуды болдырмайық, онсыз да көп жетім-жесірлерді одан әрі көбейтпейік десек, бұл мәселені қайтадан дұрыстап қарап, оң шешім шығару керек.
Бесіншіден, жезөкшелікті тиюға мүмкіндік туады. Қаракөз қыздарымызды қор қылмай, оларға жанұялы болуға жол ашамыз.
«Мәңгілік ел боламыз»! деп, жалаң ұранды жалаулатқанмен мәңгілік бола алмаймыз. Тәуелсіздігімізді сақтап, баянды ету үшін ұранға қоса іс керек. Соның бірі – сырттағы қазақты тезірек көшіріп әкелу; екіншісі – көп әйел алуды заңдастыру. Біз ол екеуін де тоқтатып қойып отырмыз. Мұны Отан қауіпсіздігіне жасалған қастандық десек артық айтқандық емес.
Демек, бұл екі мәселе қазақтың болашақта тәуелсіз ел болып қалу-қалмауын шешетін басты фактор. Бүгінгі 10-11 миллион қазақпен қай жыртығымызды бүтіндейміз? Онымен қоса басты самұрықтың да, аузын арандай ашқан айдаһардың да жолына кесе тұрып, бетін қайтара алмаймыз. Олардың бірі бүрем дейді, екіншісі жұтам дейді. Осыны терең түсінейік! Мен қауіптің алдын ертерек алуға, Отан қорғауға, тәуелсіздігімізді баянды етуге күні бұрын қам жасауға шақырамын! «Ойлан, қазақ!» Міржақып Дулатовтың бұл ұраны қазір бұрынғыдан да өткір. Шынында, шындап ойлан, Қазақ!
Ойлана келе іске көшкен мәрт мінезді жайсаң жігіттердің бірі- атақты боксшымыз, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков. Ал, үйленген кішіжары облыстық білім басқармасының бастығы Альбина Елшиева екен. Одан да қызығы – оған орамалды бірінші әйелі, 3 баланың анасы Жанардың өзі салған. Міне, мәрттік, міне қазақтың салиқалы салт-дәстүрінің қайта жаңғыруы!
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, социолог.