Айдос Сарым Жер комиссиясы жұмысындағы кей кемшіліктерді сынға алды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Комиссия мүшесі Астанада өткен жиында ұйымдастыру мәселелеріне байланысты бірқатар кемшіліктерді атап өтті. Айдос Сарым комиссия жұмысының нақты кестесінің әлі күнге жасалмауына, өңірлерге шығу кестесінің бекітілмегеніне назар аудартты. Отырыста Айдос Сарым ел ішінде жерге қатысты тарап жатқан түрлі ақпараттарға қатысты ресми органдардың жауабы да кешеуілдеп шығатынын тілге тиек етті. Комиссияның отырыстарына халықты шақыру, қоғамдық белсенділердің қатысу жайы да саясаттанушының көңілінен шықпаған сияқты.
"Мына түрімізбен біз аймақтарды толық аралап үлгермейміз", - дейді ол.
Осыған байланысты ол комиссия мүшелерін төрт топқа бөліп, өңірлерді аралауды ұсынды.
Сондай-ақ, ол Қостанай облысындағы Ырғыз, Жангелді аудандарынан Ресей полигондары үшін жер телімдерінің жалға берілуін сынға алды.
"Ресей шет ел емес пе? Бізде шетелдіктерге жалға жер беруге мораторий жарияланды емес пе?", - деген А. Сарым осы оқиғаға байланысты "Ол өңірлерде адам тұрмайды" деп мәлімдеген Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раудың халықтан кешірім сұрауын талап етті.
Айдос Сарымның айтқандарына комиссия төрағасы, вице-премьер һәм Ауылшаруашылық министрі Асқар Мырзахметов жауап берді.