ДАИШ ЖАНКЕШТІЛЕРІНІҢ ЖЕТІ ҚҰПИЯСЫ

/uploads/thumbnail/20170709040314527_small.jpg

Ыстамбұлдың Ататүрік атындағы халықаралық әуежайында орын алған жарылыстың себебін анықтау үшін Түркия Республикалық Халық Партиясы (CHP), Халықтың Демократиялық партиясы (HDP), Ұлтшыл демократиялық партияларының (MHP) осы қайғылы оқиғаның ақ-қарасын анықтауға қатысты талаптарын АК партияның кері қайтаруы мені қатты таңқалдырды...

АК партия соншама жазықсыз жандардың өмірін жалмап, қаншама адамдарды жаралаған осындай хайуани әрекеттің анықталуын неге қаламады? Өкініштісі, АК партия ДАИШ-қа (ИШИМ - "Ирак пен Шамдағы Ислам мемлекеті" ұйымы, ҚР аумағында заңмен тыйым салынған ұйым – ред.) қатысты тексерулер мен зерттеулер талаптарын кері қайтарудан танбауда...  Бұның себебін қалай түсінуге болады? Бұрындары Халықтық демократиялық партиясының Газиантептегі оқиғаларға қатысты істің анық-қанығын анықтау талабы да АК партия тарапынан қанағаттандырылмаған-тын. Сол партия ИШИМ-ге қатысты бірқатар мәліметтер мен дәлелдер де ұсынған еді.

Биліктің қытығына тиген сол дәлелдерді бірге оқып көрейік:

1. Түркияда қанша мәрте террорлық әрекеттер ұйымдастырған ИШИМ-нің өткен жылы жарылыс заттары тәркіленіп, Газиантепте жанкештілер кеудешелерін тігетін ательесі де әшкере болған еді. Демек, ИШИМ ұйымының сондай кеудешелерін Сириядан әкелмей, Газиантепте тігіп отырғанын байқауға болады. Содан кейін түрлі басылымдарда осы ұйымға тиесілі тігін машинасы, мата қиындылары, жарылғышқа арналған кеудешелер, нитрат аммония және темір моншақтардың суреттері жарияланған еді.

2. Газиантепте ИШИМ террорлық ұйымының «абақтылары» мен қоймаларына жасалынған тексерулер нәтижесінде 120 тонна нитрат аммония, 10 жанкешті кеудешесі, 150 метр жарылғыш зат, 60 келі тротил, 15 келі темір майда моншақ, 5 келі сомын, 3 мың 683 оқ-дәрі, 10 пакет химиялық жарылғыш, 25 жарылғыш бомба, 1 бытыралы мылтық, 1 жарылғыш зат детонаторы, 6 калашник автоматы, 8 жарылғыш заттар тәркіленген болатын. Бұлар — ИШИМ ұйымының Газиантептегі емін-еркін қимылын, бұның қала халқы үшін үлкен қауіп ошағы екендігін білдіретін анық дәлелдер.

3. Германиялық NDR және SWR ақпарат агенттіктерінің хабарларынан ИШИМ тұтқынында болған әйел мен балалардың виртуалды байланыстар арқылы сатылғаны да белгілі болды. Журналистер жинақтаған WhatsApp жазбаларынан, құжаттар мен суреттерден байқалғандай, сондай-ақ делдалдар мен куәгерлердің сөздеріне қарағанда, ИШИМ тұтқынына айналған әйелдер мен балалар ғаламтор арқылы «құл» ретінде сатылымға шығарылған. Сауданың қызғаны соншалық, ИШИМ құлдары ең көп ақша ұсынғандарға ғана сатылады екен. Құл сататын кеңселер тарапынан бір жыл бойына 250 әйел мен бала-шаға сатылған. Әлдебіреудің ИШИМ террорлық ұйымына 2,5 млн.-нан астам АҚШ долларын жолдап, бір жанды азат еткені белгілі болған. 

4. ДАИШ-тың Сирия мен Ирактан басып алған мұнай зауыттарының мұнайларын Түркиядағы делдалдары арқылы сатқандықтары да мәлім. ИШИМ-нің 40-60 баррельге тең мұнай саудасына қатысты жағдай бұрқ еткенде, АҚШ Сыртқы істер министрі Джон Керри 2014 жылдың 18 қыркүйегінде мұнайдың Түркияның Каркамыш және Килис маңындағы шекаралары арқылы сатылғанын мәлімдеген болатын. ИШИМ-нің қаржы көздерінің түбі көрініп, тағы да осы террорлық ұйымның қаржы демеушілері туралы әңгімелер айтыла бастағанда, Түркиядан күмәнданған тағы бір мәлімдеме Ресей президенті В.Путиннен келген еді. Путин «Сирияда террористердің қадағалауындағы аймақтардан алынған мұнай Түркияға сатылып жатыр» деген мәлімдемесі арқылы ұзақ уақыт бойы Түркия мен ИШИМ арасында мұнай саудасына қатысты пікірлерін нақты дәлелдері арқылы мәлімдеуден қайтпады.

5. Газиантепте шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жауапты тұлғалардың кейбір шенді әскерлері мен ИШИМ террорлық ұйымы мүшелерінің телефондағы әңгімелері біраз ақпарат құралдарында жарияланған болатын. 22 қыркүйекте Түркия шекарасы маңында ИШИМ-нің қарулы екі мүшесі мен Түркия қарулы күштері әскерлерінің әңгімелесіп тұрған (олардың оқ өтпейтін өзгеше бір шаянға ұқсас машинадан түсіп жатқандары бейнеленген) суреттері де жарияланған еді.

6. Газиантеп маңында ИШИМ террорлық ұйымының белсенділерінің суреттері мен олардың түрлі ауруханаларда емделгендеріне, сан алуан қорлар құрып, ұйымдасқандарына қатысты құжаттар да бар.

7. Осының бәрі Газиантептің ИШИМ террорлық ұйымының транзиттің көпірі екендігінің, олардың Газиантепті өздерінің бір бөлімшелері ретінде қолданғандарының айқын дәлелдері. Бұның соңы жақсылықпен бітпес... Сонымен қатар, қалаға ИШИМ террорлық ұйымының қаупінің күштілігін ойға оралтады...

АК партия осындай жағдайларды зерттеп, зерделеудің орнына кері шаралар қабылдап отыр.

ИШИМ үсті-үстіне жасаған шабуылдары арқылы жүздеген адамдарымызды өлтіргеннен кейін АК партия неліктен ИШИМ-ге қатысты ақиқаттарды зерттеуден қашуда? Бізге бұны түсіндірер жан бар ма?

Мехмет Алтайдың www.ozgurdusunce.com сайтындағы жазбаларынан аударған Н.Жамбылқызы

Қатысты Мақалалар