18 жастағы екі азамат жанармай құю бекетіне қарақшылық жасады

/uploads/thumbnail/20170709040359152_small.jpg

Алматыда жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасалды.  Қайта адамдардың бәрі аман.  Бетперде киіп, ғимаратты басып кірген екі күдікті де көп ұзамай қолға түсті. Екеуі де 18 жаста, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.

Белгілі болғандай,  олар   Жетісу ауданындағы жанармай бекеттерінің біріне кіріп, кассирге қару кезеніп, ақша талап еткен. Сөйтіп, қомақты қаржы мен кассирдің ұялы телефонына дейін өздерімен бірге алып кеткен.

Ұсталған азаматтар бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстық әрекет жасауы мүмкін дейді қалалық Ішкі істер басқармасы. Таңғы сағат 4-те бетперде киіп жанармай бекетіне шабуылдаған күдіктілер 110 мың теңгені қолды қылған. Алматы облысының Іле ауданында тұратын қос азаматтың кінәсі дәлелденсе, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әзірге екеуі де уақытша абақтыға қамалған.

- Қылмыстық кодекстің 192 бабы, екінші тармағы бойынша сот алды тергеу амалдары жалғасу үстінде. Бұрын бұл екі бозбала қылмыс жасамаған көрінеді, дегенмен, алдын ала мәліметімізше, тәріздес қылмыстарға қатысы болуы мүмкін деген болжам бар. Тек Алматы қаласы емес Алматы облысы көлемінде болған қылмыстарға қатыстылығын міндетті түрде тексереміз, - дей ді Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Қатысты Мақалалар