Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінің базасында өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің жергілікті ұлт өкілі емес әскери қызметшілері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім!», мемлекеттік тілді енгізуге жауапты мамандар арасында «Үздік маман», мемлекеттік тілді оқыту кабинеттерінің материалдық базасын молайту және үздік тәжірибелерді бөлісу мақсатында «Үлгілі қазақ тілі кабинеті» байқау-сайыстары өткізілді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Қазақ халқы қалыптасқалы бергі дәуірде қаншама тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман өтіп, бүгінгі күнде «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген ұғымға ие болған ана тіліміз – өткен тарихымыздың бірден-бір жемісі. Өйткені осы мәртебеге жету үшін қазақ елі сан соқпақтан сүрінбей өтіп тер төкті, сол еңбекпен аққан тері ақталды да. Себебі Қазақстан Республикасында мекендеп жатқан сан түрлі ұлттардың барлығы дерлік қазіргі уақытта қазақ тілін үйренуге зор талпыныс білдіріп жүр.
Мемлекеттік тілді үйренуге деген ынта-жігер Ұлттық ұланда да өз нәтижесін беріп келе жатыр. Бұғал дәлел ретінде, бүгінгі өткен сайысты айтып өтуге болады. Байқау барысында қатысушылар қазіргі замандағы мемлекеттік тілдің маңыздылығына баса тоқтала отырып, қазақша мақал-мәтел жаттау, сөз жарысы, қазақша көрініс қою секілді номинациялар бойынша бәсекеге түсті. Бір қуанарлығы, олардың барлығы дерлік байқауға мол дайындықпен келгендігін көрсетті. Сайысқа өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінен 12 әскери қызметші қатысты. Байқауға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының офицерлері, тілші мамандар мен көрнекті әдебиет өкілдері қазылық жасады және әділ-қазылардың шешімі бойынша үздік деп танылған 4 әскери қызметші жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтсақ, осы сайыста топ жарған 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, түрік ұлтының өкілі кіші сержант Камран Фазаиров 1 орынға ие болды. 2 орынға ие болған 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, өзбек ұлтының өкілі сержант Эркинбай Шамуратов та мемлекеттік тілді білу деңгейінің осал еместігін көрсетті. 3 орынды қанжығасына байлаған 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, орыс ұлтының өкілі капитан Михаил Миськив пен 5572 әскери бөлімінің офицері, өзбек ұлтының өкілі майор Нұржан Садықов та аталған байқауда сөз шеберлігін танытуда алдына жан салмай, мақал-мәтел жарысында көзге түсіп, барша жиналған қауымды бір тәнті етіп тастады. Көрермен көзайымына айналған сайыс жеңімпаздары байқау қорытындысы бойынша бағалы сыйлықтармен және Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының грамотасымен марапатталды.
Осындай киелі ұлтымызды ыдыратпай, талай тарихи тағдырдың таразысынан тапжылмай өткен мемлекеттік тіл – қазақ тілі қашан да елдігіміздің, бірлігіміздің, һәм ұлы Тәуелсіздігімізді қорғау жолында ұлтымыздың тегеурінді тетігі болуы тиіс!
Айдос Байшағыров,
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Баспасөз қызметі