Сібір жарасы Алматы облысына да жетті (Видео)

/uploads/thumbnail/20170709040704702_small.jpg

Сібір жарасы Алматы облысына да жетті. Кербұлақ ауданының үш тұрғыны аталған індетті жұқтырған, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.

Науқастарға дер кезінде шара қолданып, аман қалды. Бұл мәселені өз бақылауларына алған аудан прокурорлары өңірдің ветеринария саласында бірқатар заң бұзу фактілерін анықтады. 

Анықталғандай Кербұлақ ауданында Сібір жарасына қарсы егілетін вакциналар тек жертөледе сақталып келген. Сорақысы сол, аталған препараттардың құжат бойынша малдарға егілді деп есеп берілгенін прокурорлар анықтаған. Бір ғана Сарыбұлақ ауылдық округіне жүргізілген прокурорлық тексеріс кезінде 30 мыңнан астам  Сібір жарасына қарсы вакцинаның құжат бойынша малдарға егіліп, ал шын мәнінде тек жөртөледе сақталып тұрғаны анықталды.

БАУЫРЖАН ТОЙБАЕВ, Алматы облысы прокуратурасы басқарма прокуроры:

- Сібір жарасына қатысты 30 мыңнан астам вакцина табылды. Бұл вакциналар ветеринарлық құжатқа сәйкес 2015 жылы қолданып кеткен. Алайда, айтып өткендей вакциналар іс жүзінде мүлдем қолданылмаған.

Ал Кербұлақ ауданында сібір жарасын жұқтырған үш адам Қарашоқы ауылының тұрғындары. Олармен қатынаста болғандарға да толықтай тексеріс жүргізілді. Дәрігерлердің сөзінше індетті жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған адамдардың денсаулықтарынан сібір жарасына қатысты ешқандай белгі анықталмапты.

ГҮЛНАРА ЖҮНІСОВА, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім меңгерушісі:

- Сібір жарасын жұқтырған 3 адаммен қатынаста болған 104 адам тексерілді. Профилактикалық емдік шаралар қолданды. Қарашоқы ауылының тұрғындары малды сою кезінде сібір жарасын жұқтырған. Қазір олар толықтай ем қабылдап, жағдайлары жақсы.

Қазір Кербұлақ ауданының  прокурорлары іс жүзінде қолданылмаған вакциналарға байланысты заң бұзушылықты тергеп, құжаттарды сотқа дайындап жатыр. Ал сібір жарасын Алматы облысынан өзге Қарағанды және Павлодар облысының тұрғындары да аталған індетті жұқтырған еді.  

Қатысты Мақалалар