Өскемен әуежайында жаңа терминал салынады

/uploads/thumbnail/20170709040822968_small.jpg

Келесі жылы Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы халықаралық әуежайда сағатына 200 адамды қабылдай алатын жаңа жолаушылар терминалы пайда болады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстық мәслихат депутаттарының алдындағы есебінде хабарлады.

Жаңа терминал Өскеменнің әуе айлағына адамдарға халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

– Жолаушылар ұшақтан түсіп, кеңес заманындағыдай сағаттап кезекте тұру тәжірибесін тоқтату қажет, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. – Өскемен әуежайы халықаралық стандарттарға сай болу керек. Біз жобаны «Ертіс»  әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырып, алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын бастаймыз.

Жобалық құжаттамаларға сай құрылыс жұмыстарының мерзімі 7 айды құрамақ. Қазіргі уақытта конкурстық шаралар жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, жаңа терминал қолданысқа берілген соң Өскемен әуежайынан ұшу  бағыттарының санын арттыруға, жаңа авиатасымалдаушы компанияларды тартуға, «Қазақстан – Еуропа – Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері» бағыттарындағы транзиттік әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік тумақ.  Сонымен қатар көрсетілетін қызметтің сапасы артып, Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымының талаптарына сәйкес жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Қатысты Мақалалар