Шымкентте 1500-дей қытайлық тұратын "Қытай қалашығы" бар

/uploads/thumbnail/20170709040825515_small.jpg

Қазақтың жеріне қытайлықтардың көптеп келіп жатқаны туралы әңгіменің айтыла бастағанына да біраз уақыт болып қалды.

Әйтсе де елімізге нақты қанша қытай азаматының кіргені, олардың мұнда немен айналысып жатқаны туралы нақты ақпарат жоқ деуге де болады. Яғни қай қалада қанша қытай барын жұрт білмейді. «Күнде көшеде жүрміз ғой, қытайлықтарды көрсек көзіміз шықсын», – деп сенімсіздік танытатындар да арамызда жетерлік.

Біз де біреуден Шымкенттің іргесін қытайлықтар жайлап жатыр дегенді естігенде сенбеген едік. Ал кешегі сәрсенбіде «Қытай қалашығы» аталып кеткен сол арнайы аймаққа барып, қаптаған қытай азаматтарын өз көзімізбен көріп, шалқамыздан түсе жаздадық.

Шымкенттен Ленгірге қарай барар жолдың бойында «Сауран» деп аталатын демалыс аймағының барын білетін боларсыздар? Сол аймақтың жоғары жағында, яғни асфальт жолмен қырға қарай шыққан бетте көлемі 5-6 гектарды алып жатқан қоршаулы аумақ бар. Міне, осы жер ел ішінде «Қытай қалашығы» деп аталады екен. Айналасы темірмен қоршалған, үстіңгі жағы электр тогы жүргізілген сыммен жабдықталған бұл жерде қытайлардың нақты немен айналысып жатқаны түсініксіз. Ешкім білмейді. Біреулер бұл жерде химиялық дәрі өндіріледі дейді, енді бірі кілем тоқумен айналысатынын айтады. Қысқасы, нақты ақпаратты сол төңіректегілердің ешқайсысы білмейтін болып шықты.

 

Біз барған сәтте үлкен қоршаудың бас қақпасы ашық тұр екен, үш күзетші күтіп алды. Көрген сәттен бізді сұрақтың астына алып: «Кімсіңдер? Мұнда қайдан жүрсіңдер? Бұл жерге кіруге рұқсат жоқ. Шығып тұрыңдар», – деп тарпа бас салды. Мән-жайды айтып түсіндірген соң ғана біреуі бізбен әңгімелесе бастады.

«Бұл жер – қытайлардікі. Яғни қытай жұмысшыларының жатақханасы бұл. Олар анау тұрған зауытта жұмыс істейді, – деп бізге мұнай өңдеумен айналысатын бір зауыттың ғимаратын нұсқады әлгі қарауыл. – Олар мұнда құрылыс жұмыстарын жүргізуге келген. Таңертең арнайы көліктерге отырып кетеді, түсте келеді, түс қайта тағы біраз адам кетеді. Бірақ нақты нендей құрылыс екенін білмеймін. Шамамен бір жарым мыңдай қытай азаматы бар. Қалғандары – осы қаланың төңірегінде тұратындар. Вахталық әдіспен жұмыс істейді...»

Күзетші жігіт сәл тұрғанда бәрін жайып салар ма еді, әттең, әлдекім қоңырау шалып, оған бізбен тілдесуге тиым салды. Сөйтсек, әлгі қоршауға әр үш метр сайын бақылау камерасы орнатылған екен. Қытайлықтар бізді сол камера арқылы көріп, ешкімнің тілдеспеуін қатаң түрде ескертіпті. Сол-ақ екен, әлгі қарауыл бізден ат-тонын ала қашты. «Айып етпеңіз, біз сонау Алматыдан осы жерге нан тауып жеу үшін келгенбіз. Сондықтан басшыларымыздың айтқаны біз үшін – заң», – деп темір қақпаны ішінен құлыптап алды.

Бір байқағанымыз, әр қытайлық бір-бір джип, нақтырақ айтсақ, «Land Cruiser – 200» көлігін мініп алған, бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Қазақтар да бар арасында, бірақ біреу оқытып қойғандай, бізбен ешқайсысы тілдеспеді. «Басшылармен сөйлесіңіз», – дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Тек арасында бір ғана әйел сұхбат беруге келісті, онда да аты-жөнін көрсетпеуімізді өтінді.

Қош, сонымен әлгі әйелден білгеніміз мынау болды: Қоршаудың ішінде 30-дан астам бір қабатты үлкен аумақты үйлер бар екен, казарма сияқты салынған. Адамдардың бәрі сонда тұрады. Қазақтарға қарағанда қытай ұлтының азаматтары көп. Олар қызыл-сары түсті киім киеді, ал қазақтарға көк түсті униформа берілген екен. «Қытай қалашығының» ішінде бәрі бар, мұнда жататындар монша, шаштараз, дүкен іздеп әуре болмайды. Спорттық алаңдарды да салып тастаған, күн сайын олар сонда жаттығады, ойын ойнайды. Сондай-ақ қызанақ, қырыққабат, пияз егілген арнайы алқап та бар көрінеді.

«Менің мұнда аспазшы болып орналасқаныма алты ай болды, – деді бізбен әңгімелескен әйел. – Ой, бұл жерге кірудің өзі бір машақат екен. Қытайлықтар тек 25 пен 40 жас аралығындағы, дене сымбаты келіскен қыз-келіншектерді ғана қабылдайды екен. Мен келгенде ұлты қытай бас аспазшы асханаға ертіп келіп, қамыр жаюымды талап етті. Екі зуаланы біріктіріп жая алатыныма көз жеткізген соң ғана жұмысқа аламыз деді.

Қазір, міне, осында істейміз. Менен басқа жиырма шақты аспазшы бар. Қалашықтың ішінде екі үлкен асхана бар, онда қазақ пен қытай ұлтының тамақтары әзірленеді. Мен қазақ асханасында жұмыс істеймін, міндетім – қамыр жаю, таңнан кешке дейін 20-30 зуала қамыр жаямын. Осы үшін ай сайын 130 мың теңге жалақы аламын.  15 күн істеп болған соң үйімізге қайтамыз, 15 күн демаламыз, ол уақытта басқа аспазшылар жұмыс істейді. Жұмыс уақытында бізді сыртқа шығармайды. Ешкіммен сөйлесе де алмаймыз. Мен осы маңдағы ауылдардың бірінде тұрамын. Үйім жақын жерде, қатынап жұмыс істейінші дегеніме де бастықтар көнбеді. Сосын, амал жоқ, осында қонамыз. Балаларым екі-үш күнде бір келіп, жағдайымды біліп кетеді. Ал өзім мұндағылардың не істеп, не қоятынын білмеймін, бізге ешқайсысы ештеңе айтпайды. Білгенде қайтемін, жалақымды төлесе болды емес пе?»

Қытайлықтарға жалданып жұмыс істейтін, бірақ олардың нақты не істейтінін білмейтін, білгісі де келмейтін аспазшымен әңгімеміз осылай аяқталды. Шынында да мұндағы қаптаған қытай немен айналысады? Егер істеп жатқан тірліктері ашық, заңды болса неге бізбен сөйлесуден қашты? Олар неге тек дене сымбаты келіскен қыз-келіншектерді жұмысқа қабылдайды? Осы жағы бізге жұмбақ күйінде қалды. Бірақ таяу уақытта бұл мәселенің ақ-қарасын ажыратып, олардың шырайлы қаламызға не үшін қоныстанғанын билік басындағылар түсіндіріп айтуы тиіс деп ойлаймыз.

С. ИКРАМҚЫЗЫ, "Замана"

 

Қатысты Мақалалар