Бір жылға жуық жасырынған Нобель лауреаты Ослоға жетті. Саяси қуғыннан қашып жүрген венесуэлалық Мария Корина Мачадо Ослодағы Нобель бейбітшілік сыйлығын алу үшін жасырын жағдайда келіп, алғаш рет 11 айдан кейін көпшілік алдына шықты.
58 жастағы Мачадо түн ортасында қонақүй балконынан қол бұлғап, жиналған қолдаушыларын қуантты. Ол елден құпия түрде шығып, 10 әскери бекеттен өтіп, қайықпен жасырын жолмен кетуге мәжбүр болған.
Мачадо Нобель сыйлығын «Венесуэлада диктатурадан демократияға бейбіт өтуді қамтамасыз ету жолындағы күресі» үшін иеленді. Ол Норвегияға сапары үшін Венесуэла билігі өзін «террорист» деп айыптап, қамауға алуға бұйрық бергенін айтты.
«Қандай қауіп барын жақсы білемін. Бірақ мен міндетті түрде Венесуэлаға қайта ораламын», – дейді ол.
Мария Корина Мачадо Нобель комитетімен бірге отырған сұхбатта «маған Ослоға жетуге көмектескен адамдар өмірін қатерге тікті» деп көз жасын тыя алмады.
Мачадо бір жылдан астам уақыт жасырын түрде өмір сүріп келеді. Норвегиядағы салтанатта оның орнына қызы Ана Корина Соса сөз сөйлеп, анасының «Венесуэла қайта тыныстайды» деген үндеуін жеткізген.
Бұған дейін Нобель комитетінің төрағасы Йорген Ватне Фриднес Мачадоның «аса қауіпті жағдайдағы ұзақ сапардан кейін» Ослоға келе жатқанын, бірақ рәсімге үлгермегенін айтқан. Кейінірек Мачадо аудиожазбада өзін елден шығарып әкеткендерге алғыс білдіріп, «жақында жетемін» деп хабарлаған.
Салтанатқа Латын Америкасы елдерінің президенттері, сондай-ақ Мачадоның кандидатурасына алмастырылған әрі сайлауда жеңді деп есептелетін Эдмундо Гонсалес қатысты. Норвегия корольдік отбасы да рәсімде болды.
Пианист Габриэла Монтеро Венесуэладан кеткен 8 миллион босқынның сағынышын бейнелейтін Mi Querencia туындысын орындады.