Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Төлеутай Рахымбеков ет бағасының 15-20 мыңға дейін өсетінін айтты. Ол "Tenge Talks" ютуб арнасына берген сұхбатында Өзбекстаннан ет сатып алуға тура келетінін айтты.
"Алдағы уақытта біз қазақтың ұлттық тағамы бешбармаққа өзбектің етін салатын боламыз. Бірақ еттің бағасы ол кезде 15-20 мың болады. Мен 2019 жылы еттің бағасы 5-6 мың теңге болады деп ескерткенмін. Айтқан пікірлерім қанша сынға алынса да, болжамдарым орындалып жатыр. Жағдайды біліп отырғандықтан осындай қорытынды жасадым. Қазір малдың 80-90 пайызы ұсақ шаруашылықтардың қолында. Өнімнің өзіндік құнының басты бөлігі – жем-шөп. Технология бойынша көп нәрсе бар, бірақ біз оны ұмытып кеттік, қолда бар жалғыз нәрсе – шөп. Ұсақ шаруашылықтардың техникасы жоқ, сондықтан олар шөпті фермерлерден сатып алады. Қуаңшылық болған бойда баға өсе бастайды", дейді сарапшы Төлеутай Рахымбеков.