Сәуірден бастап мобильді аударымдар жөніндегі деректерді банктер салық органдарына жолдай бастайды. Кімнің шоты бақылауға ілігетінін Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірді.
Алғашқы мәлімет қашан жіберіледі?
2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша ақпаратты банктер 15 сәуірге дейін Мемлекеттік кірістер комитетіне ұсынбақ.
Кімдерге сұрақ туындауы мүмкін?
Критерий үш шарттан тұрады: үш ай қатарынан жеке шотқа 100 не одан көп әртүрлі адамның аударымы түсуі тиіс; сол үш айдағы жиынтық сома 1 020 000 теңгеден асуы керек; түсімдер жүйелі сипатқа ие болуы қажет.
Осы шарттар сәйкес келсе, банктер салық органдарына хабар береді. Процесті МКК-ның арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерканат Шынберген түсіндірді.
Жеке мақсаттағы ақша аударымы болса не істеу керек?
Комитет дереу санкция қолданбайды: камералдық бақылау нәтижесі бойынша хабарлама жолданады. Салық төлеуші түсініктеме беріп, ақшаны кәсіпкерлікке емес, жеке қажетіне пайдаланғанын құжатпен дәлелдей алады.
Аударымдар кәсіпкерлік табыс екені расталса, қосымша есептілікті тапсыру қажет. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген адам тіркелуі керек.
Шот қашан бұғатталуы мүмкін?
Хабарлама алғаннан кейін бір ай ішінде салық органына келмеген адамға қатысты 41-күні шотты бұғаттау шарасы қолданылуы мүмкін. Бұғаттау Салық кодексінде көрсетілген тәртіппен ғана жүргізіледі.
Ереженің мақсаты көлеңкелі айналымды қысқарту және бәріне ортақ салық әділдігін күшейту болып отыр, ал әдеттегі туыс-туған арасындағы тұрмыстық аударымдар үшін бірден айыппұл салынбайды.
Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.