Жұмыс берушінің зейнетақы жарнасы 3,5% болды: 2026 жылы кімге және қанша төленеді

/uploads/thumbnail/20260113110316238_big.webp depositphotos.com

Жалақы қорына түсетін жүк артты. 2026 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс беруші қызметкері үшін ЕНПФ-ке 3,5 пайыз көлемінде міндетті зейнетақы жарнасын төлей бастады.

Бұл өзгеріс бизнестің шығынына және болашақ зейнетақы төлемдерінің құрылымына тікелей әсер етті.

Жұмыс беруші қанша төлейді

ЕНПФ дерегіне сүйенсек, биылғы ставка 3,5 пайыз болып бекітілді. Әр айдағы қызметкер табысынан осы мөлшерді жұмыс беруші аударып отырады.

Жүйе кезең-кезеңмен өсіп келеді: 2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5%, 2026 жылы – 3,5%, 2027 жылы – 4,5%, 2028 жылы – 5% болады.

Мысал үшін: айлығы 300 000 теңге қызметкер үшін ай сайын 10 500 теңгені жұмыс беруші ЕНПФ-ке аударады.

Кімдерге қатысты, кімдерге жүрмейді

ОПВР 1975 жылы және одан кейін туған қызметкерлер үшін көзделген. Бұл топтың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі аз немесе жоқ болғандықтан, болашақта олардың зейнетақысы үш бөліктен тұрады: базалық (мемлекеттен), жинақтық (қызметкердің 10% жарнасынан), және шартты-жинақтық (жұмыс берушінің жарнасынан).

Жұмыс беруші мына санаттар үшін ОПВР төлемейді: 1975 жылға дейін туғандар, зейнеткерлер, І–ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, әскери қызметшілер және оларға теңестірілгендер. Төлемнің түсуін Мемлекеттік кірістер комитеті бақылайды.

Төлем қалай берілмек

Жұмыс беруші жарнасы есебінен төлемдер өмір бойы төленеді. Алайда азамат тұрақты тұру үшін шетелге кеткенде немесе азаматтығын өзгерткенде бұл төлемдер тоқтатылады.

ОПВР қаражаты қызметкердің жеке меншігіне жатпайды, мұраға қалдырылмайды. Азамат өз жинақтық (10%) жарнасын ғана ала алады, ал жұмыс беруші жарнасы ЕНПФ ішінде қайта бөлінеді.

Неге алып тасталмады

Өткен жылы Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайызға дейін өсіру сценарийін қарастырса, әлеуметтік салық пен жұмыс беруші жарнасын алып тастауға болатынын вице-премьер Серік Жұманғарин айтқан. Бұл арқылы жалақы қорына түсетін қысымды азайту көзделген.

Кейін ҚҚС 16 пайыз деңгейінде бекітілген соң, әлеуметтік төлемдер мен ОПВР-ды сақтау туралы шешім қабылданды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл жарна қызметкерге кәрілік кезеңінде қосымша шартты-жинақтық төлем береді деп түсіндірді.

2028 жылға дейінгі кесте сақталып тұр: келесі жылы үлес 4,5% болады, 2028 жылы 5% деңгейіне жетеді.

Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қатысты Мақалалар