Еуропалық лидерлер Ресейдің “варварлық” соғысын тоқтату әрекеттері шешуші сәтке жеткенін айтып, Украинаға әскери және экономикалық қолдауды арттыруға келісті.
Лондонда өткен кездесуде Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ ұсынған 28 тармақтық бейбіт жоспардың орнына Киевтің 20 тармақтан тұратын балама нұсқасын сейсенбіде Вашингтонға жолдайтынын мәлімдеді. Ол территория мәселесінде ешқандай компромисс болмайтынын атап өтті.
Бұл дипломатиялық сапар Трамптың Зеленскийді “жоспарды оқымады” деп сынағанынан кейін басталды. Лондондағы кездесуге Франция, Германия, Ұлыбритания басшылары қатысып, кейін Финляндия, Италия, Польша, Нидерланд, Дания, Швеция және Түркия лидерлері онлайн қосылып, Киевке қолдау танытты.
Зеленский одан әрі Брюссельде ЕО және НАТО басшыларымен кездесті, кейін Италияға аттанды.
Ал Мәскеу АҚШ-тың жаңа ұлттық қауіпсіздік стратегиясын “Ресей позицияларымен үйлеседі” деп мақтап, НАТО-ның кеңеюін шектеу туралы тұстарын құптады.