Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданы тұрғындарымен кездесуде Аягөз ауданында жұмыс істеп жатқан шет елдік азаматтарға қатысты пікір білдірді. Олардың заң аясында еңбек етіп жүргенін, облыс экономикасына үлес қосып жатқанын айтты.
«Қытайдан қашпауымыз керек. Бүкіл әлем Қытай инвестициясына зәру, соған таласып жатыр. Олар біздің жолымызды салайын деп жатыр. Егер де олардың талабына сай жұмыс істей алатын болса, неге жергілікті мамандарды жұмысқа тартпасқа? Тартамыз. Өздеріңіз білесіздер, «Омбы-Майқапшағай» күре жолының «Қалбатау-Майқапшағай» жолын салған кезде 200-ге жуық жергілікті тұрғын сол жерде жұмыс істеді. Қарапайым халықты Қытайға қарсы қоюға болмайды. Қытай халқы әлемнің барлық елінде жұмыс істеп жүр. Сондықтан Қытайдан қорықпауымыз керек. Олар "Аягөз-Бақты" темір жолын салуға қатысып жатыр. Керісінше сіздер қытайларға көмектесіңіздер. Олар жұмыс істеуге келді. Қонақ үйде тұрмағанда, қайда тұрады?! Олар қонақ үйдің иесіне ақшасын төлеп, заңды түрде тұрып жатыр. Алдағы 2 жыл ішінде теміржол салынады, темір жолдың бойына басқа да адамдар келеді. Оның бәрі ақша, оның бәрі біздің облысымыздың экономикасына құйылған қаржы. Үлкен инвестиция. Оларды біз қайта тарту керекпіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай елінің басшысы Си Цзиньпинге рахмет, екі елдің арасындағы барыс-келісті арттыру үшін визасыз режим жасады. Сіздер де Қытайға барып сауда жасаңыздар. Қытайдың туристері осында келіп жатыр. Үйіңіздің қасынан соларға қызмет көрсететін орын ашыңыз. Қой бағыңыз, өнімін өткізіңіз. Биыл Алакөлге қаншама қытайлық туристер келді. Олар осында қалып қойып жатқан жоқ қой. Келіп, жұмыс істеп жатыр. Өзіңіз де Қытайға, шетелге барасыз ғой. Оларға жағдай жасап, керегін өзімізге алуымыз керек. Жастарды Қытайдан келген жұмысшыларға қарсы қоймай, керісінше олардың бізге еңбек етуге келіп жатқанын, біздің жолымызды салып берейін деп жатқанын түсіндіруіміз керек. Теміржол салынатын болса, ел экономикасына қаншама қаржы құйылады. Теміржол Аягөзге дейін келетін болса, оның келесі кезеңі бар. Аягөзден Қарағандыға жол тартылады. Аягөздің екінші, үшінші тынысы сонда ашылады», - деді Берік Уәли.