Қазақстанда Telegram мессенджері арқылы таралатын онлайн алаяқтықтың жаңа түрі тіркелді. Бас прокуратура азаматтарды “тегін электронды кітаптар” туралы жарнамаларға сенбеуге шақырды.
Қадағалаушы органның хабарлауынша, алаяқтар интернет қолданушыларын тегін электронды кітаптар қоры бар деген сылтаумен алдап жүр. Арнайы боттар белгілі бір кітаптарды ұсынып, олардың қысқаша сипаттамасын көрсетеді. Алайда толық нұсқасын жүктеу үшін ұсынылатын файл — кітап емес, зиянды қосымша болып шығады.
Мұндай қосымшаны смартфонға орнату жеке деректердің қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Атап айтқанда, құпия сөздер мен банк деректері ұрлануы, жеке хат-хабарлар мен фотосуреттерге қол жеткізілуі, сондай-ақ құрылғыны қашықтан толық басқару мүмкіндігі пайда болуы ықтимал.
Бас прокуратура белгісіз және күмәнді көздерден алынған файлдар мен қосымшаларды орнатудың қауіпті екенін еске салды. Азаматтарға күдікті сілтемелерді ашпауға, мессенджерлер арқылы таралған бағдарламаларды жүктемеуге және кибергигиенаның негізгі талаптарын қатаң сақтауға кеңес берілді.
Мамандардың айтуынша, онлайн қауіпсіздік ережелерін сақтау — алаяқтықтан қорғанудың басты жолы.