Саясаткер Ермек Нарымбаев елден кетті. Оның жасырын шекара асып, Украинаға жеткені 14 шілде күні белгілі болды. Кеше ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Ермектің жексенбі күні (10 шілде) Қазақстанмен іргелес елдердің бірінің шекарасынан заңсыз өту арқылы Украинаға жеткені, сонда жүрген оппозиционер Айдос Садықовпен табысқаны, ол елге жер реформасына қарсы митингілер қарсаңында әкімшілік қамауға алынған белсенді Мөлдір Әділованың да барғаны осы жиында айтылды.
Ермек Нарымбаев өткен жылы саясаткер Серікжан Мәмбетәлин екеуі ұлтаралық араздық туғызды деген айыппен істі болғаны, кейін жазалары бостандықтарын шектеу түріне ауыстырылғаны белгілі. Оған сот 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу туралы шешім шығарған. Ермек Нарымбаев осы жазаның шекара асуға негізгі себеп болғанын айтып отыр. Оның ойынша, «бұдан былай Қазақстанда өмір сүру мүмкін емес».
«Қазақстан конституциясында кепілдік берілген саяси құқықтарымды талап еткенім үшін бірнеше рет қылмыстық, әкімшілік жазаға тартылдым. Тіпті жақында мені террористер қатарына қосып қойды. Сөйтіп банктен өзіме тиесілі қаражатты алу мүмкіндігінен айырды. Сот шешімі бойынша маған бес жылға дейін қоғамдық жұмыспен шұғылдануға да тыйым салынды», – дейді Е. Нарымбаев.
«Бас бостандықты шектеу іс жүзінде үй қамаққа айналды. Маған 20 рет полиция келіп немесе полицияға шақырған шығар», - дейді ол.
Е. Нарымбаев сонымен қоса, өзімен бірге істі болған саясаткер, өзі секілді бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Серікжан Мәмбетәлинге мұндай шектеулер қолданылып отырған жоқ деп санайтындай.
Қоғам мүшелері, белсенділер, желі қолданушылары мен саясаткерлер Е. Нарымбаевтың бұл эмиграциясын әр қилы бағалауда. Бір тарап оның «Қазақстанда әділдік жоқ. Кез-келген уақытта темір тордың ар жағына кетуге болады. Сондықтан, ой, пікіріңді ашық білдіру үшін шетел асу керек» дегенімен келісіп, қолдау білдірсе, енді біраз адам Ермектің елден кеткенін қолдамайтындықтарын ашық білдіріп жатыр.
Қоғамдық белсенді, жер реформасына наразылық танытқаны үшін қылмыстық қудалауға ұшыраған Махамбет Әбжан Ермектің шетел асуын халық белсенділігінің төмендігімен түсіндіреді.
«Ермек аяғына дейін күреті. Түрмеде де отырды, аштық та жариялады. Халық үшін денсаулығынан, отбасынан айрылды, бар күшін салды. Ал, халық аузын ашқан күйі отыра берді. Осындай халық үшін тағы да түрмеге отырудың қажеті бар ма деген сұрақ туады.
«Шаңырақ» ісі бойынша Арон Атабекпен бірге үш жігіт 10 жыл болды түрмеде отыр. «Шаңырақта» 5000 жер учскеін заңдастырып берді, ал, халық Аронды босатып алуға асықпайды. Козлов Жаңаөзен үшін отыр, оны да жаңаөзендіктер ұмытып кетті. Макс (Боқаев – ред.) пен Талғат (Аян – ред.) екі айдан бері қамауда, ал, Махамбет пен Исатай алаңыеда болған 7000 адам қайда? Халыққа «Ой біз қараңғы халықпыз!» деп отыра беру ұнайтын сияқты.(...) Мысалдар көп. Халық өз батырларын қорғамайды. Ал, батырлар кетіп жатыр. Олар тұрғындар емес, Халық тұратын елге кетуде», - дейді Махамбет Әбжан.
Ал, саясаткер Әміржан Қосанов Е. Нарымбаев эмиграциясының салдары ауыр болуы мүмкін деп қауіптенеді.
«Ол – әркімнің өз ісі. Ермек - өзінің нақты принциптері бар, биліктің бет-пердесін қорықпай ашып жүрген азамат. Бірақ, ол оңай адам емес, кейбір жағдайда, шынымды айтсам, оның қадамдарын түсінбеймін. Бірақ, жалпы бағыты дұрыс: пікірін ашық айтады, елде ондай да «бұзықтар» болуы керек. Соттарына барып, қолдап жүргенім де содан.
Киевке кеткені – оның өз таңдауы. Бірақ, мені толғандыратын үш нәрсе бар.
Ол ана жақта билікке тым қатты сын айтса, осындағы отбасына салқыны тиіп кетпей ме? Мүмкін, отбасын да алып кеткені дұрыс болар ма еді. Сол кезде оның ашықтан-ашық күресуіне ешнәрсе қолбайлау болмас еді ғой.
Екінші жайт оның жеке басының қауіпсіздігіне қатысты: енді біздің билік оны сол жақта тауып, елге қайтарып, рұқсатсыз кеткені үшін (формальды түрде сот шешім бар) қатаң жазаламай ма? Қаржыға зәру Украина билігі мұнайлы Қазақстанмен байланысын бір адам үшін бұза қояр ма екен?
Үшінші жайт – осы прецедент билікке сын айтып жүрген тұлғалардың арасына тағы бір сына қағып жатқан секілді. Бірі- қолдайды, екіншісі - даттайды, тағысын тағы дегендей. Ол да дұрыс емес», - деген саясаткер «ел ішінде билікке Ермектен де бетер қатты сын айтып жүрген азаматтар бар» екенін, «олар да сотталып, қиналып, жұмыссыз» жүргенін, бірақ елден кетіп жатпағанын еске салады.
Осылайша, елдегі әділетсіздікті сынап, нақты саяси жұмыспен айналысқан, қаржы жүйесіндегі антихалықтық схемаларды аяусыз әшкерелеген саясаткердің шетелге кетуі ел арасында түрліше пікір туғызуда. Украинадан саяси баспана сұраймын деген саясаткердің бұл қадамы болашақта оның саяси беделін арттыра түсе ме, жоқ әлде халықтан алшақтауына себеп бола ма, ол жағы уақыттың еншісінде.
Ермек Нарымбаевтың Киевте өткізген баспасөз мәслихаты
Жомарт Абдоллаұлы