Алматыдағы атыстан қайтыс болған полицейлермен қоштасу рәсімі Балуан шолақ спорт кешенінде өтеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ҚР Үкімет отырысында айтты.
-Қаза тапқандар Алматы облысының тумалары. Сондықтан үш полицейдің туған-туыстары мәйітті алып кетті. Менің орынбасарым сонда аттанды. Облыс әкімі полиция қызметкерлерін ақтық сапарға шығарып салу бойынша тапсырма берді. Ертең, 20 шілде таңертең сағат 10:00-де Балуан Шолақ спорт кешенінде ресми қоштасу рәсімі болады, - деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, бүгін Алматылықтар аза тұтып, атыс болған жерлерде қаза болғандарға гүл шоқтарын қойды.
Айта кетейік, кеше 19 шілде теракт әрекетінен үш полицей мен бір бейбіт тұрғын қаза тапса, бүгін тағы бір полицей қызметкері ауруханада қайтыс болды.