ЕЛШІЛ АЗАМАТТАРДЫҢ ЕТЕГІНЕ ЖАРМАСУШЫЛАР БАР

/uploads/thumbnail/20170709041952759_small.jpg

Жақында «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығына Дархан Қыдырәлі тағайындалды. Бас газеттің бұған дейін де басшысы ауысқанына көп болмаған. Сауытбек Абдрахмановтың Мәжіліс депутаты атануына байланысты оның орнын бұған дейін вице-президент лауазымын атқарып келген Еркін Қыдыр басқан еді.

Байқауымша, кей азаматтарға «Егемен» басшылығындағы ауыс-түйіс жақпаған сияқты. Дархан Қыдырәлінің тағайындалуын сынап, Еркін Қыдыр екеуінің арасына от салуға ниеттілер бар.

Алысқа бармай-ақ, арасы алыс емес осы екі тағайындауды қоғам қалай қабылдады? Соны еске алсақ, көп нәрсеге қанық боласыз. С. Абдрахмановтың орнына Е. Қыдыр мырза тағайындалғанда ресми мәлімдемелерден басқа, бұл хабарды қуана қабылдаған жұрт көрмедік. Көпшілік, «Егеменде» жұмыс жүйесі өзгермейді. Ескі сарын сақталады. Газеттің жаңаруын күтпей-ақ қойыңыздар» дегендей пікір білдіріп жатты. Ал, Д. Қыдырәлі тағайындалған сәтте сүйіншілеген хабар желіде желдей есті. Ерекеңді төмендету ойымыз жоқ, бірақ бұл – шындық. Абаевты сынаушылар абайламай Е. Қыдыр мырзаның да беделіне нұқсан келтіріп отырғандарын біле ме екен?

Осы ретте журналист Амангелді Мырзабектің екі азаматқа қатысты алып-қашпа әңгімеге қатысты айтқанын аттап өте алмаймыз.

«Егемен Қазақстан» газетіне жаңадан басшы болып барған Дархан Қыдырәлі мен сол басылымның бас редакторы қызметін атқарып отырған Еркін Қыдырдың арасына от тастағандарыңды қойыңдар, жігіттер. Еркін ағамды да, Дархан бауырымды да қатты сыйлаймын. Екеуі де қазақтың мықты азаматтары. Қызметте тұрған не бар? Мысалы, менің білімім мен тәжірибем күні кеше ғана бастығым болған Жасұлан Әбдіхалық немесе Берік Уәлиден кем деп кім айта алады? Бірақ соған қарамастан Жасұланмен де, Берікпен де жақсы сыйласып, жұмыс істедік. Олар қазір басқа қызметке ауысса да сәлеміміз де, бір-бірімізге деген ниетіміз де, қарым-қатынасымыз да түзу. Адамның мықтылығы қызметімен емес, еліне сіңірген еңбегімен өлшенсе керек. Егер Дарханның кім екенін білгілерің келсе, оның Мұстафа Шоқай туралы жазған еңбегін оқыңдар. Тым ұсақтала бермеңдер, жігіттер. Қызмет - қолдың кірі», - дейді А. Мырзабек.

Түркі баласының рухани тұтастығы, бауырлас халықтардың мәдени мұрасын дәріптеу, тарихын зерделеу ісінде қыруар жұмыс атқарған Д. Қыдырәлінің қолынан газет басқару келмейді деп кім айта алады? Мемлекеттік жүйенің қай саласы болсын жаңа мамандарға, жаңа форматта жұмыс істейтін қызметкерлерге зәру. Д. Қыдырәлі бас газет басшылығына келгелі көп уақыт болмаса да, азамат іскерлігін көрсетіп жатыр. Кешелі бері «Егеменге» күштеп жазғызуға тосқауыл қойылады» деген ақпарат тарауда. Сол жаздыруды тоқтатпаса да, осы күнге дейін күштеп жаздырудың болғанын мойындау үшін де жаңа басшы керек емес пе?

Айта берсе, әңгіме көп. Сондықтан Амангелді мырзаның сөзіне тоқтаған жөн сияқты. Ел іші онсыз да аласапыран болып жатқанда, елім деген азаматтардың етегіне жармасып, кері тартпайық. Тым ұсақталмайық!

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар