Алматыда қоғамдық көлікке төлем терминалы орнатылған, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Қала ішінде №92 бағытта қатынайтын автобус ішіне қалте телефон, коммуналдық, басқа да қызмет ақысын төлейтін терминал орнатылған. Қоғамдық көліктегі мұндай «жаңалыққа» кездейсоқ куә болған журналист Бауыржан Карипов төлем терминалының жолаушыларға қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін айтады.
«Автобус жүргізушісі терминалдың бір ай бұрын қойылғанын айтады. Жүргізушінің сөзіне сенсек, аппаратты көлікке автопарк басшысы қойғызған. Жүргізуші терминалдың жолаушылардың «Оңай» көлік картасын толтыруына қолайлы екендігін айтып отыр. Меніңше, бұл бастама өміршең болмайтын сияқты. Қазір жаз мезгілі, қалада әрлі-берлі жүрген адам азайды. Студенттер ауылдарына қайтты, біраз жұрт жазғы демалыста дегендей. Ал, мына терминал болса, кемі бір адамның орнын алып тұр. Жаз аяқталып, студенттер оралғанда автобустар ішінде «престелу» қайта басталады. Сол кезде бұл аппараттың қирап қалмайтынына, жолаушыларға қолайсыздық тумайтынына кім кепіл? Одан да, автобустардың санын көбейтуді ойлаған жөн сияқты. Ал, төлем картасын толтыру үшін көп орын алмайтын ықшам терминалдарды пайдалануға болады ғой», - дейді журналист.
Сондай-ақ, журналист автобус жүргізушісінің жұмыстан шығып қалуы мүмкін екенін алға тартып, атын атаудан бас тартқанын айтады.