Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, облысымыздағы үздік мемлекеттік қызметкерлер марапатталды.
Ең үздік мемлекеттік қызметшіні мемлекеттік қызметтің ардагерлері, саланың құрметті мамандары іріктеді. Нәтижесінде сынға түскен 56 мемлекеттік қызметшінің арасынан 11 номинация бойынша 11 үздік мемлекеттік қызметші таңдалып алынды.
Мерекелік шара барысында барлық мемлекеттік қызметшілерді ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтап, мемлекеттік қызметші жұмысының ауырлығына тоқталып өтті.
- Билігі мықты елдің тірлігі құтты деген халық даналығы бар. Осы билікті күшейту үшін тірлігіміздің құттылығы үшін, әрбір ісіміздің берекелі болуы үшін мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істеп келе жатыр. Қазіргідей қазақтың алтын ғасырында Елбасымен бірге тәуелсіз Қазақстанды құрып, сол идеяларды жүзеге асырып, мемлекеттің билігін күшейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ат салысып жүрген әр қайсымыз осы үлкен зор бақыттың иесіміз, - деді Жақсылық Мұқашұлы.
Мемлекеттік қызметшілер мерекесі мен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мемлекеттік қызметшілер арасында спорттың 5 түрі бойынша 34 команда қатысқан спартакиада ұйымдастырылды. Спартакиада қорытындысы бойынша жалпыкомандалық 3-орынды ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, 2-орынды ШҚО бойынша мемлекеттік қызмет департаменті, 1-орынды ШҚО қазынашылық департаментінің мамандары жеңіп алды. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік қызметшілерге арналып «Мемлекеттік қызметтің өнер қырандары» атты салтанатты концерт ұйымдастырылды.
«Устинка-плюс» ақпараттық порталы