«Сделано в СССР». Таныс болар? Дәл осындай атауы бар соқалармен 60 жыл бұрын алты Франция сыйып кететін қазақ даласының бір бөлігін жыртып тастадық. Шамамен 600 мың шаршы шақырым. Жырта бердік, жырта бердік... Пайдасы – Қазақстан астық өндіруден аузын айға білеген 10 алпауытта көш басында тұр. Бірақ...
Сол жыртылған жердің көлемін санмен емес, қарапайым тілмен айтсақ. Жыртылатын жердің ұзындығы соншама трактордың ішінде отырып, қалғып, ұйықтап кетіпті – деген жолдарды, дұрысы сөздерді көп еститін болдым. Сол кездегі әдебиетті ашып қарасаңыз да осы жолдарды көп кездестіресіз. Атамнан да жиі еститінмін, әлі де естіп келемін... Сол жылдың бейнесі осы ұйқыбас тракторшының кейіпіне тура келетін. Ғылыми әдіс, топырақ, жел эрозиясы, қар тоқтату секілді қарапайым ғана жердің құнарын сақтау туралы Кремльдің басына кіріп шықпады.
Алтын дәніміз жиналды, бірақ сол алтын дәннің анасына көп қиянат істелді. Жыртылса жыртылсын дейсіз ғой, бірақ сол жыртылған жерлердің біраз бөлігіне дән себілмей де қалды. Ит байласа тұрмайтын кейіпке келтірді. Бір ғана мысал, Павлодар облысында 805 мың га жер мүлдем жарамсыз болып қалды.
Не керек соқаның үстінен ұрғыштауға 2 миллиондай орыс-уркраин ағылды. Кіл еркекті мидай далаға байлау үшін КСРО-ның қаздары «Қарманға кел, қалқатай» деп ән шығарды. Алтын дәннің сабағын ұстап, махаббатқа мас болған ғашықтардың плакаты ауыл клубтарына ілінді. Соның нәтижесінде 130 000 адам Солтүстіктің қара топтырағына алтын екті. Айтпақшы, сол сәтте шошқа басы да 4 есеге күрт көбейді.
Қысқасы, байырғы жеріміз түрегеп тұрып дәрет сындыратын орыстың жеріне айналып, 2 мыңға жуық ауыл бұрынғы атынан айырылып, орысшаланғаны аздай, 700-ге тарта қазақ мектебінің есігіне қара құлып салынып, құлдық сана «-ский» деген орыс тілінің жалғауымен қатар 40 пайыздық спирт аралас сумен де сіңірілді. Қазақ өз жерінде отырып, азшылыққа айналды.
Хош, солтүстіктегі санақты қаз-қатарында қаймағын бұзбай айтып отырайын, сіз саусағыңызды бүгіңіз. Петропавл қаласының өзінде 66,27%-ы әлі күнге орыс, тек 21,42%-ы ғана қазақ. Қостанай қаласының әлі 61,78%-ы славянтектестер, ал қазақтың үлес салмағы – 28,63%. Аз десеңіз, Керекуді де қосыңыз. Онда: 45,74%-н «Күн көсем- қасқа бастарымыз» алса, 38,62%-көрсеткішті ғана қазақ таразысы басып отыр. Тағы да сол сұрақ: Біз Тәуелсіздікті 23-жыл бұрын алмап па едік?!
Енді мынаған қараңызшы, билік Бейжің басшылығына қоңырау шалып, қазақ даласындағы игерілмей жатқан жерлерді бірлесіп игеруге ұсыныс жасады. Көп күтпеді «Иә» деген жауапты бір-ақ естіп барып, қоңырауды аяқтады. Шегір көзге қимаған жерді қалайша сығыр көздерге бере салды!? Дәл осылай ойласаңыз сәл сабыр етіңіз.
哈萨克斯坦推行北方哈萨克化,中国将鼎力相助(正...
«Жэньминь Жибао» гезетінің мұқабасында осындай тақырыпта мақала жазылды.
Не дейді, не түйді? Тәжімаласақ: «ҚХР осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның шығыс аймағынан 2 млн гектар жерді егін шаруашылығына пайдалануға беру туралы ұсыныс жасаған. Бірақ, ол кезде Қазақстан билігі бірнеше себептерді алға тартып, Қытайдың бұл өтінішіне жауап қайтармаған-ды. Ал осы жолы Қазақстан тарапы өзінің солтүстік аймағындағы 3 өңірді Қытаймен бірлесе отырып, егін шаруашылығы бағытында пайдалануға келісімге келгені туралы аяқасты хабарлады». (сол мақалдан үзінді)
Сөзіміз дәлелді болсын: «Жас Алаш» №20 (15894) санында жарық көрген «Қытай астық компанияларын сатып алмақ» деген шағын мақалада: «Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі ақпарат көзіне сілтеме жасаған ҚазТАГ –тың хабарлауынша, қытай кәсіпкерлері Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысының компания басшыларымен келіссөз жасап жатқан көрінеді». Сәл ғана сабыр етіңіз де «Не себеп?» деңіз? Олар сан себептің ішінен біреуін суырып алып: «Қазақстан басшысы Украинадағы жағдайдан шошып отыр. Украинаның Қырым дейтін бөлігінде орыстар мен орыс тілінде сөйлейтін азаматтар көп болатын. Ресей Киевтегі топалаңнан соң ұлтшылдар келіп, орыстілді азаматтар құқықтық-әлеуметтік жағынан кемсітуге ұшырады деп әскер кіргізді. Қырымды алды. Украинаның Қырымы мен Шығыс бөлігін Қазақстанның солтүстік облыстары тұп-тура көшіргендей. Бұл өлкелерде де орыс көп дейді. Украиндық дағдарыстың алдын алу үшін ҚР Президенті осындай қадамға барып отыр».
Билік те ақымақ емес: «Түбінде солтүстіктегі бес облысты алғың келеді екен, онда Қытайдан алып көр!» Дәл осылай демесе де, нобайын жасап, жобасын жобалап берді. В.Жириновскийдің жиіркенішті сөзі сап тиылды.
Хош, Жириновский туралы сәл кейінірек. Байдың баласындай Байқоңырды орысқа бере салдық, енді кеп Солтүстікті Қытайдың ауызына «Дайын асқа – тік қасық» етеміз бе? Жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз. Қазақ билігінің жоспарын дұрыс түсіну үшін әлгі мақаладан тағы үзінді келтірейін.
«Қазақстан солтүстігіндегі 3 облыстағы игерілмей жатқан ауыл шаруашылық жерін бірлесіп игерудің негізгі шарттары:
1. Қазақстан шаруашылық мақсатындағы жермен қамтамасыз етеді, Қытай жағы техника мен қызмет көрсету жағын өзіне алады.
2. Қазақстан оңтүстік аймақтағы жұмысшыларын осы мақсатқа жұмыс күші ретінде тартады.
3. Қытай тарапы Солтүстік Шыңжаңдағы (Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле аймағы) ұлты қазақ артық егінші отбасыларын осы жұмысқа тартуға келісуі керек (Бұл шаруаға 200 мыңдай адам тартылмақ).
4. Өндірілген өнімдер алдымен Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз еткеннен кейін барып, асқаны Қытай базарына шығарылады".
Түйін
Бәрі де – сылтау. Александр Солженицынның атақты «Как нам обустроить Россию» деген эссесінен бері В.Жириновский, Э.Лимонов, Е.Просвирин секілді сілекейін шұбыртқан саяси шибөрілердің мәлімдемелеріне етіміз үйреніп қалды. Десе де, жел тұрмаса – шөптің басы қимылдамайды. Екі аяқтарын бір етікке тығуды жоспарлап, Кремльден табан тартып келгендерді Қытаймен қаймықтырамыз, дұрысы қорқытамыз. Басқаша айтсақ, ауыл шаруашылықты сылтау етіп, ішкі және сыртқы миграциямызды жүйелеп алу, солтүстіктегі қазақ ұлтының өзге ұлттармен арасалмағын бұзу. Одан қалды, мұндай орасан шаруаға экономикамыз да шыдас бермейтіндей еді. Енді міне, сәті түскендей! Айтпақшы, Қытаймен бірге көсегесі көгеретін облыстың қойынында Арқалық та бар. Бір ғана түйін, бір ғана тілек: Құдай Елбасымызды есебінен жаңылдырмағай!
Нұрбол ҚАБИ,
Арқалық қаласы.