Қазіргі заманда саяси элита, журналистік қауымдастық және кәсіби саясаттанушылардың мүддесі тығыз да тиімді ұштасатын баламаны табу қиын, сірә. Әңгіме Еуразия Медиа Форумы (ЕАМФ) жайында. Форум 24-25 сәуірде Астана қаласында осымен он екінші рет өткелі отыр.
Сөз жоқ, бұл - орталық-азиялық теңдессіз алаң. Оның ерекшелігі жетекші саясаткерлер мен саясаттанушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері мен өзге де сарапшылардың әлемдік деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық және геосаяси мәселелерге түрліше пікір-көзқарастарын білдіруінде. Осындай форматтың арқасында конференция халықаралық түйткілдерді талқылап, шешім қабылдауда тиімді платформа қалыптастыруға қол жеткізді.
Диалогтың мұндай түрін Қазақстанның ұсынуы кездейсоқ емес. Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан географиялық және тарихи жағынан түрлі ұлттар мен мәдениеттердің диалог құрып, өзара бейбіт әрекет ететін алаңына айналғаны анық. Дәл осы жерде ЕАМФ Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен дөңгелек үстел айналасында сарапшы қауымдастығының әлемдік көшбасшылары бас қосып, экономикалық және геосаяси мәселелер бойынша талқылау алаңын ұсынуға мүмкіндік туды.
Қазақстанның сыртқы саясаты ашық, өзара тиімді ынтымақтастыққа, мәселелерді келісім жолымен шешу қағидаларына сүйенеді. Көп бағыттылық пен тең құқылы ынтымақтастыққа негізделген Қазақстанның сыртқы саяси доктринасы тепе-теңдікі сақтау қағидасымен құрылды. Серіктес елдер Қазақстан бастамалары мен қадамдары транспарентті екеніне әлдеқашан көз жеткізген. Ол басқа мемлекеттерді сыйлай білетін, сонымен бірге өз мүддесін қорғайтын сенімді серіктес. Ол ынтымақтастыққа әрқашан дайын.
Әдеттегідей, ХІІ Форум қатысушыларының басты назарында – қазіргі заманның ең өткір, ең өзекті мәселелері. Олардың ішінде: үшінші дүниежүзілік соғысқа алып келетін қауіп-қатер факторлары және жаңа әлемдік тәртіпті құруға шақыратын балама сценарий; әлемдік дағдарыс және оның салдары; жаһандануды әлемді жаңаша бөлудегі құбылыс ретінде қарастыру және оны жүзеге асыру болжамдары.
Алдағы Форумда Ресей мен Батыстың текетіресіне себепші болған Украинадағы дағдарысқа және Батыстың Шығысқа бағыт алуына айрықша көңіл бөлінеді.
Сондай-ақ өзектілігін жоғалтпаған тақырып – Таяу Шығыстағы шиеленіс пен аймақтағы күштердің арасалмағы. Бұл жолы – Сириядағы ахуал сөз болмақ. Оған қатысты сауалдар ашық та өткір: неліктен Сирия алып державалардың қолындағы сауда құралына айналды және күрмеуді шешу тізгіні кімнің қолында?
Иранның ядролық бағдарламасы мониторингі және жеңгендер мен жеңілгендер туралы сауалға жауап іздеу. Дәл Қазақстанның араласуымен ядролық клуб елдері Иран мәселесінде дипломатиялық шешімге келді. Алайда саяси аренадағы ядролық «ойындарға» нүкте қойылды ма?
Ең соңында, тұздық ретінде – медиа ішіндегі мәселелер қаралады. Елдік пиар – оған кімнің мүдделі екенін айқындау тұрғысынан. Архитектура, экономика, технология. Сондай-ақ «гламур» сырқатына ұшыраған медиа-кеңістік, болашақтағы интернет-технология жаңалықтарына қатысты болжам.