«Қамшы» порталы бір жыл бұрын көтерген үшжылдық виза мәселесі үкіметтік деңгейде шешім тапты

/uploads/thumbnail/20170709084140486_small.jpg

Бүгін Қытайда тұратын қазақ азаматтарының Қазақстанға келуі үшін үшжылдық виза беріле бастайтыны туралы қуанышты хабармен бөліскен болатынбыз. Енді жаңа ережеге сәйкес бірінші рет Қазақстанға келемін деген оралмандарға немесе қазақ диаспорасына 1 жылдық,  ал екінші рет келетін болса 3 жылға виза берілмек.

Жалпы арғы беттегі ағайынның атамекенге келуін жеңілдететін осы ұсынысты Qamshy.kz порталының сол кездегі қызметкері, ақын Ауыт Мұқибек көтеріп, Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысовтың атына хат та жазған болатын. Түйткілді мәселенің оң шешілуіне түрткі болған сол хат мәтінін де назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Министр мырза, шетелдегі қазақтарға 3 жылға виза беруіңізді сұраймын!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолға қойған Көші-қон саясатының арқасында Тәуелсіздіктен бері алыс-жақын шетелдердерен Атажұртқа 952 мың 882 этникалық қазақ көшіп келіпті.

Өзіңіз жақсы білесіз, шетелдегі қазақ диаспорасының ең көп бөлігі Қытай Халық Республикасында тұрады. Соған қарамастан, жоғарыдағы елге оралған миллионға жуық қазақтың ішіндегі ең азы - ҚХР-нан келген қандастарымыз екен. Небары, 14 пайызы ғана! Оған басты себеп – шетелге шығушыларға байланысты мақұлдаған Қытай үкіметінің ешбір елдікіне ұқсамайтын өзгеше заң-ережелері десек, екіншісі – Үрімжідегі ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінен виза аштырудың қиындығы.

Дей тұрғанмен, осыншама қандасымыздың Отан құшағына оралуына, әрине, Сыртқы істер министрлігі басшылары мен шетелдердегі консулдық департамент қызметкерлерінің сіңірген еңбегі зор екенін ашық айтқан дұрыс.

Біз оны еш уақытта ұмыпаймыз. Біз – шеттен келген ағайындар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі болып тұрған 1994–1999 жылдарды – қазақ көшінің ең бір қарқын алған алтын дәуірі деп бағалаймыз. Ол жылдары Үрімжідегі консулдық қызметке Бағдат Сейтбатталов деген азамат басшылық етті. Шетелге шығушылардың соншама көптініне қарамастан, қазақтарға виза небәрі он-ақ күн ішінде бірден бір жылға көп мәртелі етіліп ресімделіп берілетін.

Бұл үрдіс 1999-2002 жылдар аралығында, Ерлан Әбілфайызұлы, өзіңіз Сыртқы істер министрі болған кезеңде де үзілген жоқ. Тіпті, соңы Марат Тәжин басқарған 2009 жылға дейін жалғасы.

Ал, ҚР Сыртқы істер министрі болып Қанат Саудабаев  қалай келді, виза алудың «саудасы» солай бітті. Бұл кісіде шетте тарыдай шашырап жүрген өз қандастарына қамқорлық жасау, мемлекеттің беделін қорғау деген сана-сезім атымен жоқ екен ғой!? Керісінше, қазақтарға бір жылға көп мәртелі етіп беріліп келген манағы виза үш айға әрең үш мәртелі болып ашылатын жағдайға түсті. Ол аз болғандай, күніне, ары кеткенде, 40-50 адам ғана қабылданатын болды... Соның кесірінен ұзақ-сонар визаның кезегіне тұру басталды. Мысалы, 2011-жылы кезекке тұрған қандастарымыздың саны 11 мың адамға жетті. Әуелі, кезек күтем деп, ыстыққа шыдамай бір кәрия сол жерде қайтыс та болды. «Кезексіз» виза әперетін делдалдар қаптады, жемқорлыққа кең жол ашылды. Сөйтіп, Ұлт көшбасшысының аты мен абыройына, Қазақстанның беделіне нұқсан келді!

Міне, 2012 жылы өзіңіз Сыртқы істер министрі болып қайта тағайындалғаннан бері, бұл келеңсіздіктің беті қайта бастады. Саудабаев кезінде салынған ылаңды жуып-шайып, қандастарыңызға бір жылға көп мәртелі виза беруді қайта жолға қойдырдыңыз. Қатаң тәртіп орнатып, жемқорлықтың жолын кестіңіз.

Сөйтіп, Үрімжідегі виза аштырудың дәстүрі бұрынғы арнасына қайта түсті. Бұл күндері ел өлке орталығына сабылмай-ақ, виза кезегіне интернет арқылы тіркеле алатын жағдайға жетті... Осының бәрі өзіңіздей дипломатияның қыры мен сырына қанық тарланның еңбегі. Ең бастысы, Сіз жақсы кадр таңдап қоя білдіңіз. Консулдық қызметін осы жетістікке жеткізуге аянбай тер төккен, елдің ыстық ықыласына бөленген, еліміздің Қытайдағы беделін көтерген екі дипломатыңызды ерекше ілтипатпен атап өткім келеді. Ол - Қайыржан Сәр­себаев пен Ерлан Ибрайым. Екі азаматқа басымызды иіп, құрмет етеміз!
Бірақ соған қарамастан, Үрімжіден виза алудың машақаты әлі таусылар емес. Кезекке тұру күн санап өсіп барады. Ең қиыны – Қазақстанға оқу мақсатында келетін қазақ жастарының еліміздегі емтихандарға уағында үлгеріп келіп қатыса алмауы. Соның кесапатынан мемлекеттен этникалық қазақ жастарына деп әр жылы арнайы бөлінетін 1400 гранттың орындалмай келеді.

Біз осы мәселені ескеріп, 2014 жыл 4-мамырда берген Елбасы тапсырмасына сай Үкіметте дайындалып, қазір ҚР Парламенті Мәжілісінде толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына білім алу мақсатында келетін этникалық қазақ жастарына визаны кезексіз беретін тармақ енгізуді өтінгенбіз. Бұл өтінішімізді Алдан Смайыл, Құттықожа Идирисов, Нұртай Сабильянов, Гүлнар Сейтмағамбетова, Гүлмира Исимбаева қатарлы депутаттар бірден қолдап, «Білім алу мақсатында келген этникалық қазақтардың виза алуға басым құқығы бар» деген тармақ етіп, аталмыш Заң жобасының 32-бабына егізу туралы жұмыс тобының талқысына салған болатын. Бірақ, бұған сіздің кеңесшіңіз Керім Қожамбердиев қарсы болып, өткізбей тастады.

Есесіне, Керім Қуандықұлы алдағы жерде ҚР СІМ-нің бастамасымен Қазақстанға келетін шетелдіктерге виза беру тәртібінің қайта қаралғалы жатқанын, онда ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРҒА БІР ЖОЛДА ҮШ ЖЫЛҒА КӨП МӘРТЕЛІ ВИЗА беруді көздеп отырғанын айтып, бізді қуантып тастады. Мен Сіздің бұл бастамаңызды жалпақ әлемге таратып, сүйінші сұрадым (http://old.qamshy.kz/?p=25056 ). Тәуелсіздіктен бері болмаған бұл жаңалықты виза аштырудың азабын әбден тартқан алыстағы ағайын, өте-мөте Қытайда тұратын туыстарыңыз қуана-қуана қостады.
Құрметті, Ерлан Әбілфайызұлы!

Жоғарыда айтылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қабыланса, қазақ көші қайта қарқын алғалы тұр. Келушілердің саны өткен жылдардағыдан еселеп өсетіні даусыз.

Қазақстанға әлемнің әр шалғайынан, тіпті жер шарының арғы бетінен өзге ұлт өкілдері визасыз келіп жатқанда, іргемізде отырған өз қандастарымызды әлі күнге дейін кезекке айлап-жылдап тұрғызып, бір жылдық визаға матап қойғанымыз жарамас деп ойлаймын.

Қазақстанға визасыз қатынайтын мемлекеттердің қатарында Қытай Халық Республикасы жоқ. Болмағаны да жақсы!

Сондықтан, Сіздің шетелдіктерге виза беру тәртібін осы Заң жобасы қабылданудан бұрынырақ қарауға және этникалық қазақтарға ең құрығанда бір жолда үш жылға көп мәртелі виза беру түзімінің тезірек жолға қойылуына ықпал етуіңізді өтінемін.

Бұл – өз кезегінде ең алдымен консулдық қызметкерлерінің жұмыс басымдылығын азайтады. Одан арғы жерде қандастарымыздың тарихи Отанына жол ашар еді.


Құрметпен, ақын Ауыт Мұқибек

11.07.2015

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар