Көпшілігіміз үйреніп қалған дағды бойынша, музыка пәні сурет және дене шынықтыру пәндері тәрізді негізгі пәндерге қосымша іспетті қаралып жүргені жасырын емес. Содан келіп туындайтын мәселе, бұл пәндер бойынша қойылған бағада шарттылық басым. Егер де алгебра, геометрия, т.б. пәндер бойынша оқушыға шынайы білімі, нақты білім көрсеткіші бойынша баға қойылатын болса, музыка пәнінде оқушыға қандай білім көрсеткіштері үшін баға қойылуы керек? Осы мәселе айқындалмай келеді.
Әрине, жалпы білім беретін орта мектептерде музыка пәні музыкалық білім беру мектептеріндегідей оқытылмайтыны түсінікті. Бірақ мектептегі пәннің өзімен көптеген мәселені шешіп тастауға болады. Ең алдымен музыка пәнінің мазмұны оқушылардың қабылдауына ыңғайлы болуы керек. Білім көрсеткіші бойынша оқушы жалпы музыка деген не, оның қандай бағыттары болады, музыка теориясының негізгі қағидалары қандай, музыканың тәрбие құралы ретіндегі рөлі, қазақ музыкасы және әлем халықтарының музыкасы туралы түсінігі, т.б. мәселелерді біліп шығуы қажет. Қарапайым мысалмен айтқанда, мектептегі музыка пәні балаға тек ән жаттатумен шектелмеуі тиіс. Біз музыка пәнінен не күтеміз? Осы мәселенің басын ашып алуымыз керек сияқты. Ең негізгі мәселе мұғалімге де байланысты. Бүгінгі таңда музыка білімінің даму бағыттары өзгеріп жатыр. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ музыкасының алдында да заман ағымына байланысты өте өзекті мәселелер туындауда. Оның ең бастысы – ұлттық музыкамызды сақтап қалу, ұлттық ән-күйлеріміздің тінін бұзбай, ата-бабамыздан келе жатқан саф күйінде келесі ұрпақтарға жеткізу. Ал осы тұрғыдан алғанда мектептегі музыка пәнінің рөлі де айтарлықтай жоғары болуы міндетті. Жалпы бұл пән шығармашылық негізде жасалады. Демек, пәнге қатып қалған ұғым-түсініктер тұрғысынан емес, шығармашылық тұрғыдан қарауымыз керек. Мұғалім мектеп бағдарламасы мен оқулығын негізге ала отырып, өзі де осы шығармашылық аяда қызмет ете білгені дұрыс. Ол балаларға үлгі болуы үшін әдемі дауыс иесі болса, белгілі бір аспапты шебер меңгерген болса, оқушылардың санасын музыка пәніне жақындата алса, бүгінгі ақпараттық-технологиялық ресурстар арқылы толассыз келіп жатқан музыкалық лектердің қайсысы зиян, қайсысы пайдалы деген мәселені ажырата білуді үйретсе нұр үстіне нұр. Айналып келгенде, мәселе тағы да мұғалімнің біліктілігіне келіп тіреледі. Демек, музыка мамандарын даярлау мәселесі де жеке көңіл аударуды қажет етеді. Жоғары оқу орындарында музыка маманы болуға даярланып жүрген кадрлерді оқу орнына түсер кезде талапқа сай іріктеп алу мәселесі тиісті шешімін табуы керек. Музыка пәнінің пән ретінде орны, пән ретінде рөлі аса күшті болуы тиіс. Сабақта отырған 30 оқушыға 45 минуттың ішінде музыкалық білім беріп, бір нәрсе үйретіп шығарудың өзі көп жағдайда мүмкін болмайтынын ескерте кеткен жөн. Демек, музыка пәнін оқытудың педагогикалық негіздері сапалы оқыту жағына қарай бұрылуы тиіс. Ал сапалы оқыту деген бүгінгі заманда аз уақыт ішінде тиімді білім бере білумен тікелей байланысты. Олай болса, «музыка пәнінің құрылымы, жалпы бағдарламасы, бұдан келіп туындайтын мақсаты мен міндеті орындалып жатыр ма? Музыка мұғалімі осыған қол жеткізе алып отыр ма?» деген мәселе әлі де ойлануды қажет етеді. Қазақтың біртуар перзенті М.Әуезов «Қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс — тарих үшін елеулі бұйым» десе, атақты Э.Вульфсон «Әннің қазақ өмірінде алатын зор маңызын басқа халықтан кездестіру екіталай. Қазақтар тіпті жай сабақты да балаларға ән көмегімен оқытады» деуі бекер айтылмаған. Бізге ұлтжандылық, ұлтжандылық рух жетпей жататыны жасырын емес. Осы ұлтжандылықтың ұрығын, дәнін себу үшін қандай қадамдар жасап жатырмыз. Бүгінгі жастарымыздың алпыс екі тамырын идіретін музыканың құдіретін сезінтіп, «Мен – қазақпын!» деп басын тік ұстап, кеудесін кере мақтанышпен айта алатындай ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз ба?! Бір-ақ мысал келтірейік. Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған Ермұрат Зейіпхаттың «Көк тудың желбірегені» әнінде осындай рух жатыр. Әннің бағын ашатын әнші деп жатамыз. Шебер орындаушы ретінде осы әнді Ибрагим Ескендір халықтың жүрегіне жеткізе білді. «Көк тудың желбірегені – Қазақтың асқақ беделі… Көк тудың желбірегені – Жаныма қуат береді». Сөзі мен әні үндескен, жүректі тербетер мұндай патриоттық әндер некен-саяқ. Осы әннің қатарына «Сәлем саған, туған ел», «Әлия», «Қызыл сұңқарлар», «Домбыра туралы баллада», «Отырардағы той», «Атамекен», т.б. жатқызуға болады. Бұлардың қайсысын алсаңыз да патриоттық әндер. Қазақтың жүрегінен орын алған, толғандыратын, ойландыратын, өмірге құштарлық сыйлайтын туындылар. Осындай әндеріміз неге жоғалып кетті, оның есесіне жастарды өмірге жетелейтін емес, өмірден түңілдіретін жылаңқы әндер пайда болды. Теледидар қарап отырып, ойға қалдым. Бүгінде не болса соған бейнебаян түсіртіп, өрендерімізді танымалдылыққа итермелейтін ана-ананың да көбейіп бара жатқаны қынжылтты. Сенбесеңіз, мына бір «әнді» тыңдап көріңізші: «Көзімді ашамын, инстаграм басамын, Махаббатымды әлемге шашамын…». Не түсіндіңіз? Мен өз басым ештеңе түсінбедім. Есесіне мектептегі ән-күй сабағы, патриоттық, достық, ынтымақ, бірлік, туған жер, одан қалса ата-әже, әкешім, анашым, тіпті моп-момақан қошақан, тастан-тасқа секіріп ойнайтын лақ туралы әндер жаттап өскеніміз есімде. Осыдан барып «Қазір мектепте не үйретеді, музыка сабағы қалай өтеді екен?» деген ой туады. Сол ойдың жетегімен ата-аналардың, оқушылардың пікірін білмекке жүгіндік. Үлкендер жағы «Ән-күй негізгі сабақ емес қой», «Оған бас қатырудың қажеті жоқ» деп немқұрайдылық танытса, кішілері музыка сабағының кейде болатынын, кейде болмайтынын, мұғалім көңілді болса көңілді ән айтатындарын, асығыс болса үйге қайтатындарын, көп жағдайда бос отырып, әңгіме айтатындарын жайып салды. Жоғарыдағы пікірлер бір емес, бірнеше мектептің табалдырығын аттауыма түрткі болды. Тосыннан келгендіктен жатырқай қарағандар да, «сабаққа қатыспай-ақ қойыңызшы», «бәрі жақсы деп жаза салыңызшы», «сіз мені жеп отырған нанымнан айырасыз» деп азар да безер болғандар да кездесті. Біздің мақсатымыз – біреуді нәпақасынан айыру немесе жала жабу емес, көзбен көріп, көңілге түйгендерді сол қалпында беру. Елдің тұтқасын ұстар жастарымыздың, ұлтжанды азаматтарымыздың қатары көбірек болса деген ниетпен ақты ақ, қараны қара деп көрсете отырып, шама-шарқымыз келгенінше ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу. Ең алдымен, қала іргесіндегі Қарасай ауданына қарасты Қарғалы елді мекеніндегі Ғабиден Мұстафин атындағы жалпы білім беретін орта мектепке бас сұқтық. Аралас мектеп санатына жататын бұл мектепте музыка пәніне арналған кабинет жоқ екен. Мұғалім музыка аспабын арқалап сыныпты аралап жүреді. Біз келгенде 5-сыныпта музыка сабағы басталды. Оқушылар белсенді. Өткен тақырыпты жаңғақша шақты. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттің бағдарламадан тыс күйлерін айтып, кеңінен әңгімеледі. Кезек жаңа сабаққа келді. Жаңа тақырып: «Абыл. Дыбыстық ерекшеліктер». Оқулықтан Абыл Тарақұлы жөніндегі мағлұматтар айтылды. Дыбыстық ерекшеліктер жайына қалды. Дайындықсыз келген мұғалім уақытты қалай өткізерін білмей әбден абдырады. «Ұлытау» тобының орындауында күй тыңдатып, Қыдырәлі Болманов туралы әңгімеледі. Мұның сабаққа қандай қатысы бар екенін білмедік. Осы жерде Абылдың бір күйін тыңдатқанда ұтпаса ұтылмайтын еді. Байқағанымыз, мұғалім тарапынан басы артық бос сөз, бос әңгіме көбірек орын алды. Тағы бір мектептегі жағдайға тоқтала кетейік. Қаладағы Түрксіб ауданына қарасты №32 жалпы білім беретін орта мектеп. Үстіміздегі жылы қоныс тойын тойлаған сәнді ғимарат. Бұл мектеп те аралас мектептер санатында. Біз келгенде айнала – өлі тыныштық. Шыбынның ызыңы да естілмейді. Кіреберісте мұнтаздай ақ көйлек, қара юбка киген кезекші қыздан білгеніміз, шетелден қонақтар келген. Мектеп басшылығы тай-тұяғы қалмай солардың жанында жүрген көрінеді. Білім ордасының алдына қызыл кілем төсеп, оркестрмен қарсы алғанда америкалықтар таңғалыпты. Қазақтың ұлттық киімін киген оқушыларды суретке түсіріпті-мыс. Уақытты босқа өткізбейік деген ниетпен музыка пәнінің мұғалімін іздедік. Есігінде музыка кабинеті деген жазуы бар сынып бөлмесі жабық тұр. Қазақ сыныптарының мұғалімі Айгүл Биназарова өзін-өзі тану кабинетінде 3-сынып оқушыларына сабақ өткізіп жатыр екен. Рұқсат алып, кілттеулі тұрған кабинетке кірдік. Құдды көрме дерсің. Көздің жауын алады. Музыкаға қажетті дүниелердің барлығы бар. Құрал-жабдықтар да дәл бүгін сатып алынғандай жап-жаңа күйінде тұр. Осындай көрнекілігі бар музыка кабинеті бос тұрғанда қазақ сыныбы оқушыларының тар қуыста қысылып, өзге кабинетте отыруына жол болсын. Көкейдегі сауалымызды бізбен бірге ере келген қызметкерге қойғанымызбен, ол кісі ләм-мим деп жақ ашпады. Өз жұмысына берілген, жақсылықты тек шәкірттерінен күтетін Айгүл Әбдіманапқызы кездескен кедергілерге еш мойыған емес. «Ақ көгершін», «Әнші балапан», «Қыз сыны» секілді республикалық, қалалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген шәкірттерінің қуанышы ол үшін мерей. «Қазақ сыныптарында өнерлі бала көп. Көріп отырып, бойындағы өнері тұншығып қалмасыншы деп еңбектенесің, намысқа тырысасың» деген мұғалім сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды, көрнекіліктерді өзінің еңбекақысына сатып алады екен. Есесіне ана-аналар разы болып, рахмет айтқанда төбем көкке бір елі жетпей қалады дейді. Музыка пәніне қатысты оқулық жөнінде де айтарымыз көп. Кітап көп, бірізділік жоқ. Соның кесірінен күнтізбелік сабақ жоспарының бірнешеуін жасауға тура келеді. Бұл мұғалімнің жүйкесін жұқартып қана қоймай, оқушыға да әсер ететіні белгілі. Мысалы, 2-сыныпқа арналған үш оқулық бар екен. «Атамұра», «Алматыкітап» баспалары және А.Райымбергеновтің «Мұрагер» бағдарламасы (Осы жерде ескерте кетейік, бұл бағдарламаны бір мектеп ІІ тоқсаннан бастап оқыса, екінші бір мектеп әзірге танысып жатыр, ал үшінші бір мектептер ондай бағдарламаны естімеген, білмейді де. Осының бәрі бір қаланың ішінде орын алып отырған жағдай). Мұғалімдердің ескертпелерін тыңдасақ, «Атамұра» баспасынан басылған кітапта жақсы дүниелер көп. Бірақ бастауыш сынып оқушыларының қабылдауына қиындық туғызады. Камералық музыка, романс, т.б. қысқартып, олардың орнына музыкаға байланысты ойындар берілсе, бала теориядан тез жалығады, олар үнемі қозғалыста болуы керек деген пікірлерін білдірді. Күнтізбелік жоспар бойынша А.Райымбергеновтің бағдарламасымен оқытуы керек мұғалімдер, әзірге М.Оразалиеваның кітабын пайдаланып жүр. Өйткені балалардың қолында бары осы кітап. «Олар жаңадан шыққан бағдарламаны қайдан тапсын» дейді ашынған мұғалімдер. Ал Әуезов ауданына қарасты №173 мектеп-лицейдің мұғалімі Шолпан Балтабайқызы жеткіншектерге домбырадан сабақ беріп, ата-аналардың алғысына бөленіп жүрген жан. Бастауыш сыныптардың 30 оқушысынан құралған домбырашылар ансамблі өздерінің алғашқы қадамдарын сәтті бастады. Әзірге халық күйлерін орындап шыңдалуда. Болашақта Құрманғазының, Тәттімбеттің, халық композиторларының күйлерін орындасақ деген ниет те бар. Шолпан Балтабайқызының оқулық жөніндегі пікірі төмендегідей: «Менің ойымша, 1-сынып оқушыларын М.Оразалиеваның бағдарламасымен оқытқан дұрыс. Балаларға нағыз керек дүниелер. Онда көңілді, мұңды, жай, жылдам музыка немесе шулы, биік, төмен дыбыстар оқытылады. Мысалы, «даладағы көліктердің дыбысы шулы» деп түсіндіре бастағанда-ақ, қызығушылығы бірден оянады. Мұны мен өз тәжірибемнен білемін. Қазір А.Райымбергеновтің «Мұрагер» бағдарламасымен танысып жатырмыз. Бұл бағдарлама бойынша 1-сыныптың ІІ тоқсаны бастала салысымен аңыз күйлерге түсінік беріледі де, келесі сабақта «Ақсақ құлан» күйінің мазмұнымен таныстыру керек. Бұл 1-сыныптың баласына ауыр тиеді. Біріншіден, «Ақсақ құлан» күйін түсіндірмес бұрын, қаланың баласы құланның не екенін білмейді. Екіншіден, ІІ тоқсанда Тәуелсіздік, Жаңа жыл, Әліппемен қоштасу секілді мерекелер көп. Сондықтан І тоқсанды көңілді, ІІ тоқсанда мерекелік, «Ән – көңілдің ажары», «Би билеп», «Ән салып», «Әліппемен қоштасайық», т.б. тақырыптардағы музыкаларды үйретсек. Содан кейін ғана ІІІ-ІV тоқсаннан бастап дерлік аңыз күйлерді, қазақтың ұлттық аспаптарын енгізген жөн. Жалпы, қазақтың дәстүрлі музыкасын үйреткен дұрыс. Тек баланың қабылдауын ескеріп, тәжірибе жүзінде көріп, сосын барып мұндай бағдарламаны қабылдау қажет». Қай мектепке барсаңыз да, тозығы жеткен күйсандық. «Бір емес, бірнеше рет жөндеуден өтті, шамалы құлақ күйі кетіп тұр» деп ақталған мұғалім. Бірді-екілі ішегі ескірген, пернелері қозғалған, жарылған, сынған домбыралар. Міне, бүгінгі мектептегі музыка пәнінің жағдайы осындай.
Бағдагүл Балаубаева
"Ана тілі" газеті