Әділ Ахметов, актер: Кенесары мен Наурызбай батырға арналған фильм түсірілсе деп армандаймын

/uploads/thumbnail/20170709123813048_small.jpg

Әділ Ахметов көпшілік қауымға дәл қазір еліміздің кинотеатрларында болып жатқан  режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлдегі Ілияс образымен кең танылып жатыр. Бұған дейін Әділді қалың  көрермен «Астана махаббатым менің» атты телесериалдағы сәулетші Ерлан образымен  танитын.  Әділ бүгінде Астанадағы «Жастар» театрының әртісі. Үш бала тәрбиелеп отырған әке.

 Әділ басты рөлде ойнайтын  «Анаға апарар жол» фильміндегі Ілиястың рөлі халықтың зор ықыласына бөленіп, киносыншы Әсия Бақдәулет бұл кинодағы рөліне  «Әділдің жалғыз кемшілігі –кемшілігінің жоқтығы» деп баға берген болатын.  Осындай үлкен образды кемшіліксіз алып шыққан Әділ мырзаны «Қамшы» порталы аз-маз әңгімеге тартқан еді. 

— Әділ мырза, жақында ғана өзіңіз басты рөлді сомдаған «Анаға апарар жол» фильмі қалың көрерменге жол тартып, елдің ыстық ықыласына бөленді. Жалпы, осы фильмге қалай келдіңіз, өзіңізге басты рөл қалай бұйырғанын тарқатып айтып берсеңіз? 

— Бұл рөлге менде Алланың қалауымен, кастинг арқылы өттім. Астанада жүрген кезде кастинг директоры Жайна Әбдиева хабарласып, сценарийді жіберді. Сол жердегі үш сахнаны әріптестермен Астанада түсіріп, Жүсіпова Айыммен бірге ойнадық, ол Үміттің рөлін сомдады, Данияр Оразақов деген актер бауырымыз камераға түсіріп, сол видеоларды Астанадан Алматыға почта арқылы жібердік. Сол жақтан режиссер Ақан Сатаев көріп, видео-сынаққа шақырды, біраз уақыт өткен соң Алматыға барып, ондағы сынақтан өттік. Содан біраз уақыт өткеннен кейін осы рөлге өткенімді сүйіншілеп хабарласты

— «Анаға апарар жол» қазақтың жарты ғасырлық тарихын сидырған, өте салмақты фильм.  Сізде басты кейіпкер Ілиястың образын аша алмай қаламын-ау деген қорқыныш болмады ма?

— Әрине ондай қорқыныштар болды. Асыра сілтеп ойнасаң тағы болмайды, жетпей қалсаң ол да бір үлкен кемшілік. Пышақтың жүзінде жүргендей өте күрделі образ, сол себептен де  көп ізденуге тура келді, кітаптар оқып, фильмдер тамашалап, көпті көрген ағаларымызбен сөйлесіп, ақылдасып, үлкендерден кеңес сұрап, жан-жақты іздендім. Сценарийін оқыған кезде мен өзімде бірден Ілиястың образын көз алдыма елестеттім, ой елегінен өткіздім. Маған сценарийдің өзі Ілияс образын ашуға көмекші болды.

— Фильмді түсіру барысында ең бір есте қалған қызықты сәтті айтып берсеңіз? 

— Кино барысында қызықты сәттер өте көп болды. Ешқандай сұхбатта айтылмаған бір қызық оқиғаны айтып берейін.  Үміт пен Ілиястың кездесетін сахнасында теміржол вокзалы, вагон кетіп бара жатқан сахнаны ерекше тебіреніспен ойнадық. Сол түсірілімінің әр дублі біткен сайын массовкада ойнап жүрген көпшілік, сондағы халық   кәдімгідей спектакль көріп тұрғандай тамашалап, қол соғып, қошеметтерін білдіріп «бізге ерекше әсер етті»  деп алғыстарын айтып жатты. Бұл бізге де ерекше шабыт берді. Бұл фильмді түсіру барысындағы ең әсерлі жерлердің бірі десем де болады. Сол кездің өзінде –ақ алғашқы көрермендеріміз халық болды, олардың ризашылығын білдіріп жатқаны бізді қатты қуантты.

— Бір сұхбатыңызда арманым тарихи кейіпкерлерді сомдау депсіз. Сізде таңдау болса, тарихтағы қай тұлғаның рөлін сомдайтын едіңіз? 

— Балуанға оң –солы бірдей дегендей актер үшін де жаман –жақсы деген рөл болмайды, әр рөлімізді қолдан келгенше  барынша жақсы көріп, сол рөлге ғашық болып, содан кейін ғана сол кейіпкерімізді шығарамыз. Сонда ғана халықтың сенімін ұялататындай образдар дүниеге келеді. Сол үшін актер сол образды жақсы көруі керек, аялауы тиіс.  Ал енді ерік болса ел игілігі үшін, халық қамы үшін көп еңбек сіңірген қазақ хандарының, сұлтандарының образдарын сомдасам деген арман-тілегім студенттік шақтан бар. Тіпті сонау Алтын Орданы құрған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның образы болсын, Батый хан болсын, одан кейінгі хандарымыз бар. Осылай бір жарыққа шықпай жүрген образдарды сомдағым келеді.  Мүмкін Батый хан туралы көп оқығандықтан ба, ол ханға деген құрметім ерекше. Және тағы бір арманым Кенесары хан мен інісі Наурызбай сұлтан туралы елімізде керемет фильм шықса, сол бабаларымыздың образы жан-жақты ашылып, солардың ерлігін, қайсар қайтпастығын бір паш ететін, халыққа рух беретін фильм болса деп армандаймын. Бұйыртса болып қалатын да шығар.  

— Сондай бір қиын-қыстау заман болмасада анасын шекара асып іздеп, өз үйіне апаратын жолда ештеңеден таймайтын Ілиястар бүгінгі біздің қоғамда аз. Ата-анасын қарттар үйіне өткізетін қазақтың азаматтары көбейіп кетті.  Бала тәрбиесінде нені ескеру керек? Сіздің ше,  жақсы әке қандай болу керек?  

— Иә, өкінішке орай қазір қоғамымызда ата-ананың қадірін түсінбей жүргендер өте көп.  Балаға тәрбие беру, ең алдымен оның анасын таңдаудан басталады. Ер жігіт өзіне жар таңдауда адаспау керек. Бала өмірге келгеннен кейін атадан үйренген, әкеден үйренген  тәлім- тәрбиені балаға жеткізу біздер үшін аманат. Қазақ тәрбие жөнінде көп нәрсе айтып кеткен ғой, бес жасқа дейін еркелетіп, төбеңе шығарып, патшадай көр, он екі жасқа дейін құлыңдай ұста, он үштен асқан соң сырласыңдай көр дейді. Осының өзі үлкен бір тәрбие деп білемін. Ал енді шамадан тыс еркелетіп жіберген тағы болмайды, еркелетпей қоймау тағы қателік. Бала еркеліктің мейіріміне қанып өсуі керек деп ойлаймын.  Әр елдің өзіндік философиясы бар ғой, мысалыға жапон елінде балаға  12 жасқа дейін ешқандай бөтен тілді үйретпейді екен. Тек қана өз ана тілінде сөйлейді, ана тілінде оқиды. Сонда 12 жасқа дейінгі баланың ана тілі сүйегіне дейін сіңеді, одан кейін ол тілін ешқашан ұмытпайды. Сондықтан  менде осы жағын дұрыс деп ойлаймын, балаға кішкентай кезінде бір орысша, бір ағылшынша үйреткеннен гөрі, бірінші  өз ана тілін  бойына сіңдіру  керек. Қазақ халқы құдайға шүкір қағылез халықпыз ғой, бәрінде бірден үйреніп кетеміз.  Бізге де осындай бір принціптерді ұстанған дұрыс деп ойлаймын.

Ал жақсы әке болу деген сұрағыңызға келер болсақ, аспаннан алып, жаңадан бір нәрсе шығармаймыз.  Біздің әкелеріміз бізді қалай тәрбиеледі, сол тәрбиені балаларға беруге тырысамыз. Өз басымыз әкемізден қатты қорқатынбыз,  әрине әкеміз  бізді ұрып-соғып қорқытпайтын, аналарымыз, әжелеріміз солай тәрбиелейтін. «Әкең білсе аямайды», «Ойбуй, мынаны әкең естімесін» деп, солай-солай ол кісілер біздің әкелеріміздің дәрежесін көтеріп,  содан біз әкемізден қорқып өстік, сол қорыққандықтан қаймығып жүрдік.   Бала кезде қорыққан дұрыс. Қорқу арқылы бала көп нәрседен тыйылады. Орыста театр әлеміне қатысты «Короля играет окружение» деген мақал бар,  сол секілді әкені жан-жақтағы анасы бар, келіншегі бар баланың алдында ойнауы керек,  әкенің мәртебесін биік көтеріп тұруы керек. Баланың алдында «әкең мұндай, әкең сондай» деп  әке дәрежесін түсіре берсе, ол балада кейін жасық, әйелінің сөзінен аса алмайтын, өзінің сөзі жоқ, әйтеуір бір жүрген босшыл біреу болып қалады. Сондықтанда бала тәрбиесінде ананың да берер үлесі көп, ал әкенікі өз алдына.

— Орыс тілінде кино түсіріп, қазақ киносына өз үлесімізді қосып жүрміз деп санайтын әріптестеріңіз бар. Қалай ойлайсыз, орыс тілді кино, орыс тілді қазақ актерлары қазақ киносына қызмет етіп жүр ма?

Қазіргі кинолар орысша түсіріледі, аралас түсіріледі. Десек те, барлығы кино саласына атсалысып, өнерлерін жасап жатыр. Мен ешкімге орыс тілдіге болмайды, мынаған болады деп тосқауыл жасай алмаймын. Бәрі де түсірілуі керек деп есептеймін.  «Өнерліге өріс кең» дейді бәрі түсірілуі, көрсетілуі керек. Неғұрлым көп кино түсірілсе, соғұрлым солардың  ішінен іріктеліп-іріктеліп жақсылары алға шығады, халық өзі сүттен қаймағын бөліп, сараптап, жақсы дүниелерді алып шығады. Мейлі ол орысша түсірілсін, ағылшынша түсірілсін, тіпті дыбыссыз болса да әр кино белгілі бір дәрежеде өз үлесін қосады деп ойлаймын.  

  Қазір кино саласында қазақ тарихын білмейтін, кітап оқымайтын рухани мүгедек, тым жасанды актерлар көп. Оның үстіне әншісі де, бишісі де, әзілкеші де актер болуға ұмтылады. Сондай дилетанттардың ортасында жұтылып кетпес үшін «кәсіби» актерларға қандай қасиеттер қажет? 

Қандай болғанда да оларда өзіміздің бауырларымыз ғой. Қазақтың қара домалақ балалар, қаракөздері. Мүмкін заманға қарай, айналасындағы ортасына қарай, қазақилығы аздау болуы мүмкін. Десек те, бұл жерде халықтың рөлі өте зор. Егер, халық тілін, дінін мықты ұстанатын өнер адамдарына жақын болса, соларға деген құрметі арта түссе, онда бірте-бірте бәрі осыған ойысады. Әрине жоққа шығармаймыз, қазір бар қандастарымыздың ішінде қазақ тілінің қажеті жоқ деп ойлайтын, қазақ тілінің болашағын жоқ деп есептейтіндер. Бірақ солар үшін біз қажеттілікті тудыруымыз керек. Біз ғана емес «көп түкірсе көл дейді ғой» халықты бөліп-жармаймыз, бірақ қазақилығы бар азаматтар көбірек оқулары керек, ғылым мен білімді көтеріп, жан-жақты тілдерді де білуі керек, сол арқылы басқаларды өзіне еліктетіп, тартып әкетуі керек. Қазір құдайға шүкір жаман емес, бұрындары орысша жөнді білмейтін адам болса ұялып, қымсынатын. Қазір қазақша білмейтін қазақтар ұялатын болды, ыңғайсызданатын болды. Оның өзі жақсылықтың белгісі деп білемін. Сондықтан өзінің дәстүрін, діні мен тілін ұстанған адам ешкімге де, ешқашанда жұтылмайды деп ойлаймын.

— Біздің дәстүрлі сұрағымыз, сіз қолында билігі бар шенеунік болсаңыз ең алдымен қазақ үшін не істер едіңіз? 

— Оңай сұрақ емес екен. Қолымызда билігі бар шенеунік болсақ, басқа жаққа бармай-ақ қояйын, өнер мен спорт жағына келсем таланттарды іздейтін едім.  «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді ғой, ауыл-аймақта жүрген қаншама мықты, талантты қазақтың қыз-жігіттері бар, жан-жақтың бәрін аралап немесе ұзынқұлақтан естіген біреу болса соларды өнерге тартатын едім, өнер жағы болса ол жағына да ұштап. Кейбіреулер «Талант бар, таныс жоқ қой»,- деп айтып жатады, негізі ондай сөз болмауы керек.  Талантты адамға әрқашанда демеу керек. Сондай жандарды іздеп тауып, соларға мүмкіндік беретін едім. Және де әлем алдында әр елдің беделі экономикасымен, спорт пен өнерімен өлшенеді емес пе?! Бізде талантты дарындар өте көп, сондықтан мен спорт пен өнерге көп көңіл бөлген болар едім.

— Қазақ киносы  қашан «Оскар» алады деп ойлайсыз?

— Өз басым «Оскар» сыйлығын сондай бір мәртебе деп есептемеймін. Кино ең алдымен халық үшін түсірілуі керек. Жақсы бір сөз бар « Өнер өнер үшін емес, өнер халық үшін» деген. Мақсат Оскар алу болмау керек. Сондықтан біздің кинолар халықтың көңілінен шығып, ел игілігіне жарап, жастарымызға ой салып жатса, жақсылыққа үндейтін кинолар болса одан артық ештеңе керек емес деп ойлаймын.

 

Сұхбаттасқан: Айжан Қалиева 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар