«Төменгі температуралы жарықшақтану кезінде асфальтбетонды жол төсемінің өзін-өзі құру заңдылығы» атты ғылыми еңбегі үшін қазақ ғалымы Бағдат Телтаев алтын медаль алды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Институттың жетекшісі, «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлер академиясының және Халықаралық көлік академиясының академигі, ТМД және Қазақстанның құрметті жолшысы Бағдат Бұрханбайұлы Телтаев Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы төралқасының шешімімен көрнекті орыс физигі, Нобель сыйлығының лауреаты Петр Капица атындағы Алтын медальмен марапатталды. Бағдат Бұрханбайұлы бұл жоғары марапатқа «Төменгі температуралы жарықшақтану кезінде асфальтбетонды жол төсемінің өзін-өзі құру заңдылығы» атты ғылыми еңбегі үшін ие болып отыр. Бұл ғылыми жаңалық автомобиль жолдары саласындағы ең алғашқы ғылыми жаңалық болып саналады. Б.Телтаевтың жаңалығында термодинамиканың қайтымсыз үрдісі мен синергетика негізінде температуралық жарықшақтары бар асфальтбетон жол жамылғысы, термодинамикалық жүйенің сыртқы әсерлерге бейімделуінің түрі болып келетін ерекше дисспативтік құрылым екендігі дәлелденген. Аталмыш заңдылық, сондай-ақ, жарықшақтар санын алдын ала болжауға және әртүрлі ауа райы мен климаттық жағдайда асфальбетон құрамын таңдау арқылы жарықшақтар санын кемітетін жобалар жасауға мүмкіндік береді.
Бүгін осы жаңалыққа орай Қазақстан жолдары ғылыми зерттеу институты АҚ баспасөз мәслихатын өткізбек. Онда жол саласының мамандары ғалымның ғылыми жаңалығын жан-жақты талқылап, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісетін болады.
Пікір қалдыру