Есеп беруге қалыптасқан елдің ертеңі жарқын. Осы қағиданы көздейтін "Ашық әкімдік" жобасы аясында қазіргі таңда өңірдегі аудан, қалалар 10 айды қорытындылап жатыр. Мәселен жақында қамбасын астыққа толтырған Қазығұрттың шаруалары егістік жайы мен өнім көлемі жайлы халық алдында есеп берді. Диқандардың айтуынша ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстар орасан. Ауа райының жауын-шашынды болуы арқасында мол астыққа қол жеткізген. Бидайдың орташа түсімі гектарынан 27 центнер болса, кей жерлерде 42 – жүздіктен алынған. Жетістікті бағамдау үшін аудан орталығында жәрмеңке ұйымдастырылды. Мол түсім мен өзімізде өндірілген тауар нарыққа арзандатылған бағамен халыққа жол тартты. Ал, қорытынды жиын мәдениет үйінде өтті. Мұнда жеткен жетістіктер жайында баяндама жасалып, өнегелі жұмыстар үлгі етілді.
"Үстіміздегі жылдың өткен 9 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 22 437,1 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6170,0 млн. теңгеге артқан. Егіс көлемі өткен жылдан 2290 гектарға артып, 83908 гектарды құрады.Суармалы13500 гектар жердің 100 пайызы игерілуде. Ағымдағы жылы дәндік жүгеріден 2061,2 тонна, көкөністен 10397 тонна, бақшадан 2550 тонна, картоптан 5189 тонна, масақты дақылдардан 113251 тонна өнім жиналғвн. Жылыжай мөлшері 1 жылда 7 гектарға артып, 88 гектарға жетті. Аудан облыс аумағында астық өсіруден 1-орын, мақсары өсіруден 2-ші, ал, «Ауыл шаруашылығына қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша 3-орынды иеленді",- ауданның әкімі Төлеген Телғараев. Өз саласының майталмандары алғысхаттармен марапатталды. Арнайы сыйлықтарға ие болды.