Ермұрат Зейіпханның «Дүние ғапыл» атты кітабы жарық көрді

/uploads/thumbnail/20170709184623685_small.jpg

Кеше Жазушылар одағында ақын, композитор, актер Ермұрат Зейіпханның 50 жылдығы аясында атқарылатын шаралар туралы пресс-конференция өтті әрі ақынның «Дүние ғапыл» атты шығармалар жинағы жарық көрді.

Шараға Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, ҚР Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, қытайтанушы, тарихшы-ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы, ақын Алмасбек Ахметбекұлы қатысып, Ермұрат Зейіпханның шығармашылығы мен өмірі жайында кең мағлұмат берді.

Қабырғалы қаламгер Қабдеш Жұмаділов: «Ермұрат талантымен, тағдырымен, өнерімен және бөлек болмысымен бәрімізді мойындатты. Оны күні кешегі серілердей көрдік. Өлеңі қандай, прозасы қандай, әндері қандай еді? «Көк тудың желбірегені» бүгіндері барша қазақтың жатқа айтатын әніне айналды. «Күнес-айы» туған жер туралы құйылып түскен бірегей туынды еді. Оның 70-ке жуық әні бар, орындаушысы табылса елдің рухын көтеретін сүбелі туындыларға кенде емес. Өлеңдеріндегі сырбаздық, шыншылдық жайында әлі де болса тереңірек зерттеу керек», – деді.

Ал Н. Мұхаметханұлы: «Нағыз патриот кім десе – Ермұратты, нағыз дегдар жан кім десе – Ермұратты, нағыз қарапайым өнер иесі кім десе – тағы да Ермұратты айтуға болады. Ол өзінің адал да шынайы болмысымен бәрімізге сыйымды, үлгі болған азамат», – деді.

Ермұрат Зейіпхан есімі ел жадында

7 желтоқсан күні М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында ақын, әнші-композитор Ермұрат Зейіпханды еске алу кеші өтеді. Ол Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесі, Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетелде тұратын миллиондаған қандасымызды туған елге қайтару, дарынды этностық қазақ жастарын оқыту және Қазақстан азаматтығын алуын ынталандыру бағытында жасалған көші-қон саясатының арқасында атамекенге атбасын бұрған талантты жастардың бірі болатын. Жасындай жарқ етіп өте шыққан 45 жыл ғұмырында «Сыбызғы сарыны», «Өзіңе арнадым» «Үш бурыл», «Бұ дүние» сияқты прозалық шығармалар мен өлеңдер жинағын жарыққа шығарды. Қорғаныс министрлігінің оркестрінде қызмет етіп, «Көк тудың желбірегені», «Күнес-ай», «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан», «Жайлауым – әнім», «Кенесары», «Қызай ана» сияқты рухты әндер сыйлады.

Көзі тірі болғанда биыл ердің жасы – елуге толар еді.
«Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» деп аталған кеш қарсаңында өнер иесінің шығармашылық болмысы мен адамгершілік қасиеттері туралы туған інісі Нұршат Зейіпхан еске алады.

– Отбасымызда 8 бала өстік, алты ұл, екі қыз. Ермұрат ата-ана­мыздың төртінші перзенті бола­тын. Мен – тай-құлындай те­бісіп бірге өскен, жанында үне­мі бірге жүрген тете бауырымын. Бір-бі­рімізден көз жазып қалған тұс­тарымыз өте аз. Бала кезден қы­зығымыз бен қуанышымыз бір, әзіл-қалжыңымыз ортақ, ара­мызда жасырын сыр сақталмай­тын. Ол менен бір жыл бұрын мек­тепке барды, сонда соңынан қалмай сыныбына да бірге ілесіп кіріп алғаным бар. Үйге келіп, намыстанып, «оқымаймын» деп ашуланып, әке-шешеміз мені алдап-сулап алып қалған. Келесі жылы мен мектеп табалдырығын аттадым. Содан бастап, оқушы кездегі әрбір жетістіктерінің куәсі болдым. 3 сыныпта сурет салуға бейімделіп, «Жайлауда», «Сауын­шы», «Көл бойында» деген туын­дылары балалар газетіне жа­рияланғаны есімде.
Әкеміз ұзақ жылдар басшылық қызмет істеген. Күнес аудандық Мәдениет үйін құрып, аяғынан тұр­ғызды. Өзі скрипка мен дом­бырада қатар ойнайтын, ән са­латын. Шешеміз ауылдың жиын-тойларында айтысқа түсетін, шешен адам-тын. Ертегі, әңгіме­лер айтып, құлағымызға небір ақыл-өсиеттерді құйып отыратын. Жыр-аңыз кейіпкерлері көз ал­дымызға елестеп, түннің бір уағына дейін елітіп отыратынбыз. Оның үстіне әкемізді іздеп ке­летін көзі қарақты, айтулы өнер адам­дарынан босағамыз боса­майтын. Қисса-дастандар айты­лып, күй шертілетін. Содан болса керек, біз де сол әуенге, дом­бы­раға, күйге жақындау болып қалыптастық. Бала кезімізден жү­регімізге тоқып, есімізде сақ­тап, мектеп қабырғасында қо­лымызға домбыра, гитара алып, күй шертіп, ән айтып, еліктей бастадық. Ермұрат сол уақыттың өзінде-ақ кәсіби деңгейде ән шырқайтын дәрежеге жетті. Көр­кемөнер үйірмесінің жетекшілері талантын байқап, сахнаға шыға­рып жүрді. Дарыны күн өткен сайын ашыла түсті. Оның үстіне өте кітапқұмар болды. Қолына түскен кез келген кітапты оқитын, жоғын іздеп жүретін. Сәбит Мұ­қанов, Абай, Мұхтар Әуезовке ерекше ынтамен бас қойды. Қы­тайдағы классик жазушылардың да шығармаларын қалдырмайтын. Бірте-бірте әдебиетке де бейімі ашылды. Өлең, поэма, әңгіме жазып, шағын мәдени шараларда оқып, халық назарына ұсынды. Осындай жан-жақты қырының арқасында мектеп бітіре салы­сымен Күнес аудандық ойын-сауық ансамбліне жұмысқа қа­был­данды. Кәсіби артистердің қатарында өз өнерін дамыта білді. Үйрене жүріп, ізденді. Қарым-қа­білетін тыңдарманға көрсетуден, тынбай еңбектенуден жалыққан жоқ. Ауданда жүзеге асатын үлкен фестивальдерде ұстаздары мен ағаларының алдын орай өтіп кеткен тұстары да бар. Сол жарыс­тардың нәтижесінде «І дәрежелі ән айту шебері» атанды. Ары қарай білімін көтеруді армандап, 1986 жылы Іле қазақ облысының Кәсіптік көркемөнер мектебінің ән сыныбына құжат тапсырды. Үздік нәтижемен аяқтап, қазақ телеарнасына диктор болып қыз­мет атқарды. Екі жылдан кейін тәуелсіздік таңы атып, екі ел арасындағы достықтың ар­туына байланысты Мемлекет басшы­ларының келісімімен, білім ал­мастыру, өнер жетілдіру мақса­тында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсті. Оқи жүріп, өнер адамдарына танымал бола бастады. Көптеген адамдардың ықыласына бөленді, түрлі байқауларға қатысты. Күләш Байсейітова атындағы әншілер конкурсында, «Үкілі үміт» байқауында бақ сынады. Композиторлық қырын танытып, Қадыр мен Тұманбай ағамыздың қолынан арнайы сый-сияпат алды. Жыр мүшәйраларына да қа­тысты. 1994 жылы Абай атындағы Опера және балет театрында, М.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық драма театрында актерлік, әншілік қы­рын шыңдады. Абай атындағы мектеп-интернатта, Қазақ мем­лекеттік қыздар педагогика уни­вер­ситетінде дәріс берді. 2000 жылдан Қорғаныс министрлігі ән-би ансамблінде жұмыс істеп, фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің көркемдік жетекшісі болды. «Екі дүниедегі жалғызым – Қазақстан», «Күнес-ай» деген екі шығармашылық кешін өткізді. Еңбегіне қарай ұжымы бағалай білді. Әскери қызметі бойынша, майор шенін алды. Кәсіптік жа­ғынан кемелденіп, жетіліп, енді шарықтап келе жатқан кезде нау­қастанып өмірден өтті. Бергенінен берері көп еді, ел-жұрты, туған-туысы ботадай боздап қалдық...

Қатысты Мақалалар