WikiLeaks Түрік билігінің ДАИШ-пен қатынасы барын дәлелдейтін құжаттарды жариялады

/uploads/thumbnail/20170709184718308_small.jpg

«WikiLeaks» сайты Түркия президентінің күйеу баласының мұнай импорттау мен экспорттауға қатысты ДАИШ лаңкестік тобымен байланысын әшкереледі. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.

«WikiLeaks» әшкерелеген құжаттар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның күйеу баласы әрі осы елдің Мұнай министрі Берат Албайрақ «Power Trans» мұнай компаниясымен ынтымақтастықта болғанын көрсетеді. Түркия үкіметі ДАИШ лаңкестік тобынан мұнай импорттады деп айыпталып отырған «Power Trans"  компаниясының мұнай импорты мен экспортына кедергі жасамай отыр.

Көптеген халықаралық құпия құжаттармен жасырын байланыс, астыртын әрекеттерді жарыққа шығарып, күн тәртібінен түспей келе жатқан Wikileaks Түркия билігіне «бас ауру» болатын құжаттарды әшкереледі.

2000 жылдан биылғы жылдың 23 қыркүйегіне дейінгі 16 жылдық уақытта 58 мыңға жақын электронды пошта жазбаларын зерделеген Wikileaks Албайрақтың ДАИШ-пен сауда жасасқан 2000 Powertrans компаниясымен байланысын ортаға шығарды. Нақтырақ айтқанда, 2000 жылдың сәуірінен, 2016 жылдың 23 қыркүйегіне дейінгі уақытта 57.934 электронды хат Албайрақтың жеке поштасынан жолданған. Ондағы кейбір хаттар Албайрақтың адвокаттары арқылы  «Powertrans» компаниясымен байланысын айғақтайды.  

Жарияланған мәліметте Түркия билігін қолына ұстап отырған Әділет және Даму партиясының 2013 жылы Ыстамбұлдың орталық алаңдарының бірі Гези паркінде болған жағдайға байланысты әлеуметтік желіні бақылау мақсатында «трольдер ордасын» қолданғаны туралы һәм басқа да қитұрқы дерек бар.

Айта кетсек, осы «WikiLeaks» жариялаған мәліметтер АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде Хиллари Клинтонның бәсі төмендеуіне ықпал еткен еді. Онда, WikiLeaks сайты АҚШ демократиялық партиясы ұлттық комитетінің электрондық пошта арқылы жолданған 20 мыңға жуық хатын жариялады. Оның ішінде Хиллари Клинтонның президенттік науқан басталмай тұрғанда қаржыгерлер мен АҚШ-тағы іскер топтар өкілдері алдында ақысы төленген сөздерінен үзінділер келтірілген бірнеше мың электронды хаттары да бар.

WikiLeaks – халықаралық бейкоммерциялық ұйым, анонимдік дереккөздерінен алынған немесе байқаусызда тарап кеткен құпия ақпараттарды жариялайды. Сайт 2006 жылы желтоқсанда құрылған. Уикиликс сайты 2009 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті мен қорғаныс министрлігінің мыңдаған құпия құжаттарын жариялаған еді. Австралиядағы «Сидней бейбітшілік қоры» осы елдің азаматы, «Уикиликс» интернет сайтының негізін қалаған Жулиан Ассанжды «құқық қорғау саласындағы қызметі» үшін «Сидней бейбітшілік сыйлығымен» марапаттаған.

Қатысты Мақалалар