16 қараша күні құрылысшылардың көз алдында опырылған ЭКСПО-2017 көрмесі аумағындағы нысанды зерттеу жұмыстары аяқталды. Комиссия қорытындысына сәйкес, ғимаратты жобалау кезінде қателiк кеткен. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Қоғаммен байланыс департаментiнiң директоры Сергей Куянов мәлiмдедi, деп хабарлайды Baq.kz сайты.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде ғимараттың құлап қалғаны түсірілген видео тарап кеткен болатын.
«Декоративті көпірдің бір бөлігі аяқталған еді, ол расында опырылды. Нысанды жобалау кезінде қателiк кеткен. Бұл ғимаратты BI Group компаниясы салып жатыр. Олар жобалаушыны шақырды, құрылыс бөлігін қайта қалпына келтіреді», - дейді Сергей Куянов.
Оның айтуынша, ұлттық компаниядағылар ғимаратты пайдалануға қабылдап алмағандықтан, бұл нысанды мердігерлер өз қаражатына қайта қалпына келтіруі тиіс.