Үкіметбасының орынбасары Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов желтоқсанның 9-ы 60 жасқа толады.

25 жасынан саясатқа араласқан ол Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасының Жастар істері бойынша Мемлекеттік комитетінің төрағасы (1991 жыл) жауапты лауазымдарында таныта білді. 1993 жыл ҚР Президентінің көмекшісі болып жұмыс істеді. Келесі жылы қазіргі қызметі секілді ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. 1997 жылы Вице-премьерлікпен қоса Білім және мәдениет министрін қызметін қоса атқарды. Сосын ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып ауысты. 1998 жылдан – ҚР Президентінің бірінші көмекшісі. 1999 жылы Атырау облысының әкімі болып кетті. 2000 жылдың желтоқсанында екінші рет ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметіне келді. 2002 жылы алғаш рет Үкіметті басқарды. 2003 жылы ҚР Мемлекеттік хатшысы болды. Ал 2004 жылы екінші мәрте ҚР Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсанынан 2008 жылдың сәуіріне дейін – Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды. 2008 жылдың сәуірінен 2014 жылдың қазанына дейін – Астана қаласының әкімі болды. Соңғы екі жыл бойы Қорғаныс министрлігін басқарды.
«Қамшы» порталы биылғы жылы қыркүйекте Үкімет басшылығына қайта келген Иманғали Нұрғалиұлын мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оқырмандарына ол туралы тәуелсіз саясаткерлер пікірін ұсынады.
Әміржан Қосанов: Ол вице-премьерлік қызметке 20 жылдан соң қайта келді
Қазіргі Қазақстан саяси элитасындағы өз орнын ойып алған тұлға.
Оның өзіне тән қасиеттері бар екенін ел біледі.
Іскер (Алматыда қар жауса, «Имекеңді қайтарыңдар!» деп ел шулап жатады).
Ұйымдастырушылық қабілеті зор (кез келген саланы басқарып, дөңгелетіп жібереді).
Қол астындағыларға аса (керек десеңіз, тым!) талапшыл (оны мен кезінде өз басымнан өткергенмін).
Рухани өмірден молынан хабардар (ол қасиет көптеген шенеуніктерден табыла бермейді).
Ұлтшыл (қазіргі компрадорлар мен космополиттер билеген заманда ондай болу да бір сын).
Және - турашыл.
Соңғы қасиеті оның дұшпандарының қатарын көбейтпесе, сиретіп жатқан жоқ.
Кезінде ол кісімен қоян-қолтық араласып, жұмыс істегенбіз. Мойындауға тиіспін: менің Алматыдағы қызмет карьерамның басталуына тікелей атсалысқан осы кісі болды. Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитетте оның орынбасары боп жұмыс істеу – менің алғашқы шенеуніктік әрі қайраткерлік университетім болды.
Ол вице-премьер болған тұста мен үкімет баспасөз қызметін басқарып, талай бастамаларға бірге мұрындық болғанбыз.
Ол кісінің әкесі қайтыс болғанда мен оның қасында болдым, менің әкем қайтқанда - ол менің жанымда болған.
Бірақ кейін, саяси себептермен арамыз ажырап кетті: ол билікте, ал мен – оппозицияда дегендей.

9 желтоқсанда ол 60 жасқа толып отыр. Осыдан тура 20 жыл бұрын оның 40 жасқа толу дастарханын басқаруға ат салысқанмын. Ол кезде «ол жас, болашағы әлі алда» деп ел айтатын. Бүгінде ол, сөзсіз, саяси ауыр салмақтылар категориясында. Ал ол «салмақтылар» санатында болудың өз «салмағы» бар...
Сонымен бірге, биліктегі биік белестеріне қарамастан Иманғали Тасмағамбетов аса қиын жағдайда деп ойлаймын, өйткені қатып-семіп қалған біздің саяси жүйе талантты, мінезді, өзгелерден ерекшеленген тұлғаларды көтере бермейді Және де оның көре алмастары мен дұшпандары тыныш отырмайды.
Туған күні құтты болсын! Алпыстың асуынан асып, жетпістің жемісін жеуге жазсын. Қолында билік бар кезде, жанынан шықпайтын жағымпаздар мен қай кезде де қасынан табылар шын жанашырларының арасын ажырата білсін!
Ең бастысы – халқымен бірге болсын!

Мынау Үкіметте бірге жүрген кездегі фото. Үстел басында – сол кездегі білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлері, солармен бірге Имекең кезекті реформаны насихаттап жатыр.
Айтпақшы, сол кезде вице-премьер болған оның сол қызметке 20 жылдан соң қайта келуінде бір гәп жатыр емес пе?...
Дос Көшім: Иманғали қазақтың ұлттық құндылықтарына жаны ашитын адамның бірі

Шындығын айтсақ, Иманғали Нұрғалиұлы осы үкімет басындағылар ішінде қазақтың мәдениетіне, қазақтың әдебиетіне, қазақтың ұлттық құндылықтарына жаны ашитын адамның қатарына жатады. Әрі, сондай азаматтарға қолдау көрсетіп жүрген басшылардың бірі.
Премьер-министр кезінде «жер мәселесін» көтеріп, отставкаға кетуі үлкен сұрақ белгісі болып, жұмбақ болып қалды. «Шаңырақ» мәселесі оның саяси күрес жолындағы оған жағылған кір. Оны өзінің ойы, бағыты бойынша жағып алды ма, әлде біреулер ұйымдастырды ма, ол екінші мәселе. Осы мәселелерді біз айтпасақ басқалар айтады. Бұл туралы болашақта ол өзінің анық түсініктемесін бере жатар.
Иманғалиды болашақта басқа қырынан саяси аренада көрінуге мүмкіндігі бар адамдардың бірі деп ойлаймын. Бірақ, өзі «қысылып», өзі «бұғып» жүрген уақытта не күтіп жүргені белгісіз. Мүмкін үкімет ауысқан кезде алға шығу ойында бар ма, жоқ әлде қазіргі жүйеге толық берілген, осы жүйені алға жалғастырушы ма, бұл жағынан әр түрлі көзқарастар бар. Дегенмен, ол үкімет басына келіп жатса демократиялықтан, либералдықтан гөрі авторитарлық жүйеге көзқарасы басым болуы мүмкін. Ұлттық мәселелердің кейбіреуі шешілетін де шығар.
Қысқасы, ол өзінің мүмкіндігі мен энергиясын әлі толық жарыққа шығармаған мемлекет қайраткерлерінің бірі.
Жеке басым жақын таныспын деп айта алмаймын. Бірақ, ол Алматының әкімі болып тұрған кезінде бірге істеген кездеріміз болды. Бірде ол Алматы әкімі кезінде маған әкіммен жолыққысы келген тұрып жатқан жатақханасы жекешеленіп жатқан бірнеше азамат өтінішпен келді. Сонда мен оған тікелей телефон шалып, ол кісілерді Тасмағамбетовпен жолықтырдым. Сол кезде Иманғалидың айтқан «Бірнеше жатақхананы Алматы әкімдігі сатып алады, далада қалмайсыздар!» дегені, «Шаңырақ» оқиғасы бойынша да азаматтарға «салынған үйлеріңізді ешкім де бұзбайды» дегені мәселелерді шешіп бергені әлі есімде.
Расул Жұмалы: Мемлекеттік тәжрибесі, азаматтық ұстанымы тұрғысынан қабілетті басшы

Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның егемендік жылдарындағы тарихта, 25 жылда өзіндік орны, өзіндік ұстанымы бар, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың арасындағы санаулыларға ғана тән абырой иесі болып табылатын азамат.
Ең алдымен Тасмағамбетов осы 25 жылдың барлық уақытында ірі мансаптарға ие болды. Түрлі лауазымды жұмыстар атқарды. Оның басым бөлігінде жағымды жағынан көріне алды. Бүгінгі жүйедегі мемлекеттік қызметкерлер үшін бұл сирек кездесетін дүние. Атыраудың, Алматының, Астананың әкімі, Премьер-министр, Қорғаныс министрі болып тұрғанда да өзінің жақсы жағын басым көрсетті.
Мемлекеттік тәжрибесі, азаматтық ұстанымы тұрғысынан қабілетті басшы, жақсы менеджер, жақсы ұйымдастырушы, қай жұмыспен айналыспасын көбіне жақсы нәтижеге жетіп отыратын тұстары бар. Бұл да, бүгінгі шенеуніктердің арасында сирек кездесетін дүние. Тиісінше халықтың алдында да өзіндік беделі бар, Ауыр салмақтағы бүгінгі саси тұлғалардың бірі.
Әрине, Қазақстандағы саяси жүйе бір адамға негізделіп қалған. Президенттің айналасында шоғырланған. Сондықтан Иманғали Тасмағамбетовті мықты ұйымдастырушы, ұтымды менеджер деп санай тұра, дербес бір саясаткер ретінде оны қабылдау меніңше негізсіздеу. Ол көбіне президенттің жоғары дәрежедегі тапсырмаларын орындаушы. Жария түрде өзіндік ойын білдіруі тұрғысынан әлі шектеліп тұратынын байқаймыз. Президенттің қарамағындағы көмекшісі, орындаушысы екенін өзі де талай мәрте айтқан.
Тасмағамбетовтің қолынан іс келетінін, ұйымдастырушылық қабілеті зор екенін, сол жағынан әлде қайда ерекшеленіп тұратынын баса айту керек. Айтпай кетуге болмайтын тұсы оның Алматы әкімі болып тұрған кездегі орын алған «Шаңырақ», «Бақай» оқиғасы. 2002 жылы премьер-министр болып тұрған кезіндегі әділ емес «жер кодексінің» қабылдануына мұрындық болуы. Осындай жағын да негізде ұстау керек.
60 жасқа келген мерейтойымен құттықтай отырып, денсаулық тілей отырып, ұлтшыл, мемлекетшіл саладан көрінуін тілей отырып, жаңағы келеңсіз тұстардан қоғам да, саясаткерлер де сабақ алса, сондай жағдай қайталанбауын назарда ұстаса дейміз.