«Бағдарламаның арқасында бағым жанды»

/uploads/thumbnail/20170709185453034_small.jpg

 

Жаңа іс бастаған оңтүстік­қазақ­стандық кәсіпкердің еңбегі туралы орайы келгенде айта кеткенді жөн санадық. Сайрам ауданы Манкент ауылының тұрғыны Миралим Мирабдуллаев таяуда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша фермерлік шаруашылық құрып, өзінің жеке бизнесін ашты.

Бірнеше жылдан бері екі қолға бір жұмыс таппаған үш баланың әкесі Миралим Мирхадиұлы отбасын асырауға шамасы әрең жетіп келген. 2011 жылдың қарашасында ауыл тұрғыны жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, ол жердегі мамандар азаматқа кәсіпкерлік негізін үйренуге кеңес береді. Миралим Мирабдуллаев оқу курсына жазылып, бухгалтерия негіздерін, жос­парлау, кәсіпкерлік негіздері мен маркетинг негіздерін үйреніпті. «Сайрам ауданында ірі қара мал өсіруді ұйымдастыру» бойынша бизнес-жоспар жазып, оны сәтті қорғап шыққан. Сөйтіп, бұл кәсібін жүзеге асыруға шағын несие ұйымына жолдама алады.

Сөйтіп жүргенде былтыр қаңтар айында кепіл мүлігі бағаланып, Халыққа қызмет көрсету орталығы келісімшартты тіркеген соң жобасын іске асыруға банк 1 млн. теңге несие берсе керек.

«Қазір менің отыз шақты ірі қара малым бар. Кәсібімнің өркендеп келе жатқанын мақтанышпен айта аламын. Енді «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдау көрсетуі арқасында отбасымның болашаққа деген сенімі арта түсті. Мемлекет басшысына және басқа да көмек қолын созған азаматтарға алғысым шексіз. Бағдарламаның арқасында бағым жанды», – дейді Миралим Мирабдуллаев.

Оның болашақта іске асырамын деген арман-тілегі көп. Ұрғашы сиыр тұқымын алып, қой өсіріп, мал ұстайтын қора-қопсы салмақшы. Кейін ауылдастарын да жұмыспен қамтымақ ойы бар.

Естеріңізге сала кетсек, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының мақсаты тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамту арқылы халық табысын арттыру болып табылады. Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы еңбек нарығы көкжиегінің кеңеюіне мүмкіндік беруде. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын, жұмыссыз және аз қамтылған халықты жаңа өндірістік, ауылшаруашылық кәсіпорындар мен ірі инфроқұрылымдық жобаларға тарту мемлекеттің басты міндеті, кедейлік көрсеткішін төмендету мәселесін шешуге көмектеседі.

Ақжол Кентпаев

Қатысты Мақалалар