«Сыбаға» бағдарламасы арқылы кәсібін өрістеткен

/uploads/thumbnail/20170709185452028_small.jpg

 

        «Сыбаға» бағдарламасы мал өсіруді кәсіп еткен бағбандарға үлкен көмек болғаны жасырын емес. Оңтүстік Қазақстан облысы да бұл бағдарламаның тиімді тұсын ел арасына кеңінен насихаттап, соның арқасында көптеген шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлер пайда тауып отыр. Солардың бірі ретінде Отырар ауданында орналасқан «Өтеген төбе» шаруа қожалығын айтуға болады.

Бұл шаруа қожалығының төрағасы Есімхан Мамақов Отырар ауданы бойынша «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несиеге алғаш қол жеткізген азамат болып шықты. Ол мемлекеттің осы тиімді бағдарламасы арқылы шаруа қожалығындағы мал шаруашылығын аяққа тұрғызып, ірі-қарасының санын көбейтуді көздепті. 

Өткен жылдың күзінде несие алсам деген ниетпен өтініш берген Есімхан шаруа осылайша «Сыбаға» бағдарламасының Отырар ауданындағы өтініші қанағаттандырылған алғашқы клиенті. 6 пайыздық үстемемен алған 6 млн 250 мың теңгесіне 29 сиыр сатып алған. Оның екеуі «герефорд» аталатын асыл тұқымды бұқалар. Шаруа осы арқылы сиырларының тұқымын жыл өткен сайын асылдандыра түспекші. 

Несиені алуға ауданда ашылған «Отырар ауыл несие» несие серіктестігі ықпал етсе керек. Құжаттарды жинастыру, кепілге қойылған мүлік пен оларды рәсімдеу және банкке өткізу – осының барлығын несие серіктестігі жүзеге асырған. Есімхан «бұл біз үшін үлкен көмек болды» деп ризашылығын білдірді. Енді алдағы уақытта сатып алған сиырларының санын көбейтіп, етті сатуға шығармақшы. «Бірақ оған әлі 1-2 жыл керек, себебі сиырлар туып, ол бұзаулар өсем дегенше біраз уақыт өтеді», – дейді Есімхан. Мемлекеттен субсидия да алу ойында бар. Себебі алдағы таңда меншігіндегі сиырларын біртіндеп асылдандыруды бастайды, ал мемлекеттік субсидиялау бағдарламасында нақ осы асылдандыру ісі де қарастырылған. 

«Өтеген төбе» шаруа қожалығының негізгі кәсібі де осы мал шаруашылығына қатысты, ірі-қара малды жемдеу және өсіру, жылқы мен тауарлы-етті өндіру. Шаруа қожалығының меншігінде несиеге сатып алған сиырлардан өзге өзінің 30 бас ірі-қарасы, 1500-ден астам қойы, 18 жылқысы бар. «Мал шаруашылығы ата-бабамнан қалған кәсібім», – дейді шаруа. Әкесі кеңестік тұста 50 жыл мал баққан шопан, елге сыйлы азамат болыпты. Қартайған соң шопандықтың аса таяғын осы баласына тапсырған. Есімханның өзі шопан атанғанына 20 жыл болса керек. Осыншама уақыт ішінде ағамыз мал бағудың қыр-сырын жетік білетін әккі шопанға айналыпты. Қора-қопсысының жайлылығын, мал басын кемітпей қайта жыл өткен сайын көбейтіп, осыншама мыңғырған малдың ебін тауып, шашау шығармай отбасылық бизнес­ке айналдырып отырғанын көріп қызықтық. «Мал баққанға бітеді» деген қазақы даналық осындай еңбекқор шаруаларды көргеннен кейін айтылғаны шүбәсіз. 

Жалпы, еңбек етсем деген адамға жұмыс қашанда табылады. Тек бастайтын ісіңнің қыр-сырын білуің керек. Сосын кішкене ынтаң болса, жалқаулықтан арылып, жан-жағыңда не боп жатқанынан хабардар болып отырсаң тірлігің алға басады. Мемлекет те не істесең өзің біл деп шаруаны айдалаға тастап кеткен жоқ. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты неше түрлі заңдар шығарып, тиімді бағдарламалар түзіп, осы арқылы ауылдағы ағайынның жағдайын түзеуге барынша атсалысып жатыр. Жоғарыдағы Есімхан секілді істің көзін таба білген шаруалар тиісінше дамудың сара жолына түсіп келеді. 

Ақерке Аянқызы

Отырар ауданы

Қатысты Мақалалар