Депутат волонтерлік қызметті еңбек өтіліне есептеуді ұсынды

/uploads/thumbnail/20260318173210336_big.webp Фото: Ашық дереккөз

Қазақстанда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары еріктілер саны айтарлықтай өсіп, қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Осыған байланысты Сенат депутаты Николай Арсютин бастаған халық қалаулылары Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министріне жолдаған депутаттық сауалында волонтерлік қызметті еңбек өтіліне есептеу және еріктілерді әлеуметтік қорғау мәселесін көтерді. 

Депутаттың айтуынша, 2020 жылы елімізде шамамен 50 мың волонтер болса, бүгінде олардың саны 300 мың адамға жеткен. Қазір 800-ден астам ұйым әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, ұлттық және 20 өңірлік фронт-офис жұмыс істейді. Волонтерлер экология, білім, мәдениет, әлеуметтік қолдау және төтенше жағдайлардың салдарын жою салаларында белсенді.

Николай Арсютин бұл мәселенің өзектілігін ерекше атап өтті.

«Іс жүзінде бұл – қоғам үшін маңызды міндеттерді шешуге үлес қосып жүрген, негізінен жастардан құралған үлкен азаматтар тобы. Сондықтан волонтерлік қызметті тану мен қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналуы тиіс», деді депутат.

Соған қарамастан, қолданыстағы заңнамада волонтерлік қызмет тек қоғамдық белсенділік ретінде қарастырылып келеді. Соның салдарынан волонтерлік еңбек өтіліне енгізілмейді және ол азаматтарға еңбек немесе сақтандыру құқықтарын бермейді. Қазіргі таңда тек волонтерлік сағаттарды есепке алу, білім гранттарына түсу кезінде жеңілдіктер қарастыру сияқты шектеулі тетіктер бар.

Тағы бір маңызды мәселе – волонтерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру. Бұл бағытта нақты міндетті талаптар заңда қарастырылмаған. Н. Арсютиннің айтуынша, бұл олқылық еріктілердің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

«Қазіргі таңда сақтандыру тек ерікті сипатта жүзеге асырылады және барлық жағдайда қолданылмайды. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажет», деді ол.

Депутат сондай-ақ Мемлекет басшысы бұған дейін волонтерлік сағаттарды еңбек өтіліне есептеу мәселесін көтергенін еске салды. Алайда 2024-2026 жылдарға арналған жол картасында бұл бағытта нақты шаралар толық көрініс таппаған.

Осыған байланысты депутаттар нақты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, волонтерлік сағаттарды еңбек өтіліне есептеу бойынша пилоттық жобаны іске қосу ұсынылды. Бұл бастама, ең алдымен, әлеуметтік бағытта тұрақты түрде қызмет ететін еріктілерге арналмақ.

«Біз бұл тетікті ең алдымен қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және әлеуметтік осал топтарға көмектесіп жүрген азаматтарға бағыттауды ұсынамыз», деді Н. Арсютин.

Сонымен қатар депутаттар волонтерлерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер беру, оның ішінде өмірі мен денсаулығын сақтандыруды енгізу қажеттігін көтерді. Бұл ұсыныстар 2030 жылға дейінгі волонтерлікті дамытуға арналған жаңа бағдарламалық құжатта ескерілуі тиіс.

Халықаралық тәжірибеге назар аударған депутаттар көптеген елде волонтерлік еңбек өтіліне енгізілмегенімен, еріктілерді қолдаудың тиімді тетіктері қалыптасқанын атап өтті. Мәселен, кейбір мемлекеттерде волонтерлерді міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді.

Жалпы, халық қалаулыларының пікірінше, Қазақстанда волонтерлік қозғалысты дамыту үшін институционалдық қолдауды күшейту қажет. Бұл қоғамдағы азаматтық белсенділікті арттырып, әлеуметтік жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар