Несие алып шаруашылықты өрге домалатқан

/uploads/thumbnail/20170709185450792_small.jpg

 

Жеке кәсіппен айналысу, өз бетінше әрекет етіп, нан табу көптің қаперіне кірсе де үлкен істі бастауға келгенде көпшіліктің жүрегі дауаламай жатады. Десек те мал асырап, оны көбейтіп, дәулетін арттыруға бел буған қандастарымыз баршылық.

Мәселен Түлкібас ауданына қарасты Мыңбай ауылының тұрғыны «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы болып табылатын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен Ислам Даму банкінің бірігіп жүзеге асырып жатқан шағын несие­леу бағдарламасы аясында бірінші болып қаржыландырылыпты. 

Аядай ғана ауылда тіршілік етіп жат­қан халықтың негізгі табыс көзі ауыл ша­руа­­шылығы екен. Соның ішінде мал ша­руашылығы. Түлкібас ауданы негізінен мал бағуға өте қолайлы аймақ болып саналады. Шөбі шүйгін, жері құнарлы. Осыны тиімді пайдалануды көздеген ауыл тұрғыны Айтмұқан Тілеуішов «Сәтті» деп аталатын несиелік бағдарлама бойынша 4 жылға 2 млн теңге көлемінде несие алып, 11 бас сиыр сатып алыпты. Қора-қопсысы мен жем-шөбін несие алмас бұрын дайындап қойса керек. Өтініш берген уақыттан бастап несие алушының мүмкіндігін саралаған банк қызметкерлері ақырында өтінішті қанағаттандырып, сұраған ақшасын беріп, тіпті сиырларды сатып алуға да жәрдемдесіпті. 

Бұған дейін жылқы бордақылаумен айналысып келген Айтмұқан шаруаның жас та болса малдың ебін таба білетін іскер жігіт екені көрініп тұр. Қора-қопсы да жаурауық келетін сиыр малы үшін жылы етіп жасалыпты, бір сөзбен айтқанда талапқа сақадай сай. Несиеге осылайша сиыр алғанына риза. Айтуынша, жақсы пайда көрейін деп тұр. 11 сиырдың барлығы төлдеп үлгерген. 11 бас 22-ге көбейіпті. Небары жарты жылдың ішінде бұзаулары ет алып, өсіп шыға келген. Енді біраз өсіргеннен кейін базарға шығармақшы немесе еттей сатпақ ойы бар. Осылайша бір-екі жылдың ішінде кеткен шығынды толығымен ақтап алам дейді. 

Одан қалса бұл сиырлар күніне ең кемі 11 литр сүт беретін көрінеді. 11 сиыр күн сайын 11 литрден сүт берсе 120 литр сүт өнімін таяу маңдағы аты Оңтүстік өңірге кеңінен танымал боп кеткен Қарабұлақ ауылының базарына апарып көтерме бағамен сатады. Әр литрін 60-70 теңгеден. Сонда сүттің өзінен күніне 7-8 мың, жылына 2-3 млн теңге таза табыс табады. Міне есеп. Жалпы несиені үстемақысымен қоса есептегенде осы сүтті сатудан түсетін пайдамен-ақ жауып тастауға толық мүмкіндік бар дейді Айтмұқан бауырымыз. Ал, бұзаулардан түсетін пайда өз алдына бөлек әңгіме. Ол бұзаулар ары кетсе бір-екі жылда үлкен сиырға айналып шыға келеді. Осылайша мал басын көбейтіп, артығын сатып, несиеден де біржола құтылып, отбасын толық асырауға жағдайлары жететін болады. Әрине еңбек етсем деп талпынған шаруаның пайдаға кенелуіне әуелі Құдай жәрдемші, сосын базардағы нарыққа байланысты болмақ. Әзірге теңгеміз құнын жоғалтпай, нарық та біршама реттеліп, тұрақталып қалды. Осы себепті де несие алуға тәуекелге барған ұқсайды. 

Шындығына келгенде бүгінде халықтың несиелік ұйымдарға деген көзқарасы екі түрлі. Біреулер несиеге мүлде жоламау керек дегенге бекіп алса, енді біреулер тәуекелге бел буып, қарызға ақша алып, ісін бастап жатыр. Құдайға шүкір, қазақ малдың жайын білетін халық қой. Ал мал баққаның қашанда қарны тоқ болары сөзсіз. Ал енді мемлекет қолдау танытып, істің көзін көрсетіп жатса бәріміз жабылып осы берекелі істің өркен жаюына атсалысқанымыз дұрыс секілді. Себебі ауылдағы ағайынның жағдайы дұрысталса, бүкіл елдің әлеуеті көтерілді дей беріңіз.

Қатысты Мақалалар