Қайрат Мәми елдің иесі кім екенін еске салды

/uploads/thumbnail/20170709185600107_small.jpg

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтіп, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды бас мерекемен құттықтады.

Жиынға қатысқан көрнекті мемлекет қайраткерлері, түрлі саланың өкілдері де сөз алып мінбеге көтерілді. Бір қызығы Президент Назарбаев осы шиек ғасыр уақыт ішінде Қазақстанның өткен жолын, жас мемлекеттің кез болған қиындықтарын жіпке тізіп, небір қиын белестерді жұдырықтай жұмылған халық бірлігі арқасында өткенін айтып, елдік пен егемендіктің мән-маңызына тоқталса, мінберге көтерілгендер Елбасыны көзінше мақтап, осы жылдар ішінде атқарылған барлық шаруалар тек бір кісінің еңбегі деп көрсетуге тырысты. Бас партия жетекшісінің бірінші орынбасары да, ұлттық руханият жанашыры аталып жүрген вице-премьер де, олардан кейін сөз алған спортшы, дәрігерлер де салтанатты шараны Тәуелсіздікке арналған жиын емес, Елбасының туған күні немесе Тұңғыш Президент күні деп қабылдап қалса керек.

Ыңғайсыздықтан жиынның соңына қарай Елбасының өзі құтқарды. Дүйім жұртқа өзіне бағытталған мақтау мен қолпаштаудың артықтау кетіп жатқанын анық аңғартты.

«...Бүгiн менiң атыма көп әсіре мақтау сөз айтылды. Менiң жасым да, тәжiрибем де үлкен, сондықтан мұндай сөздер маған әсер етпейдi, әрине. Шын мәнiнде iстелген iстер туралы айтылса, онда жөн, бiрақ одан артық айтылмауы тиiс. Дегенмен мен баршаңызға жылы сөздерiңiз үшiн алғыс айтамын. Мұның бәрi менi болашақ iстерге қанаттандыру үшiн айтылып жатыр деп есептеймiн. Дәл қазiр мен қанаттанып отырмын деп сiздердi сендiргiм келедi», - деп күлiмсiредi Н.Назарбаев.

Шынымен де, Елбасы еңбегін ескереміз деп көп ағайындар асыра сілтеп жібергені бұл жиында да анық байқалды. Сол баяндамашылар осы «әсірешешендігімен» Қазақстан мемлекеттілігінің бастауында тұрған тұлға туралы кері пікір қалыптастырып аламыз-ау дегенді мүлдем ойламайтын сияқты.

Президенттен кейінгі билік басындағы екінші тұлға Тоқаев та қырын кеткендей болды. Жиын тізгінін қолына алып, «шешендерді» кезек-кезек мінберге шақырып отырған оның осы жиырма бес жыл ішінде қазақшаға әлі тілі сынбаған ба деп қалдық. Онысын қойыңызшы, елден қалмайын деп Елбасының әдірісіне кесек мақтаулар мен әсерлі теңеулерін қарша боратқан партиялық әріптесі Мұхтар Құл-Мұхаммедті «көп сөйлеп кеттің» дегендей мінеп тастады. Алайда, Мұхтардан кейін мінберге көтерілгендер Сенат спикерінің бұл ескертуін қыстырған да жоқ. Мәселен, вице-спикер Иманғали Тасмағамбетов Елбасының Қазақстан дамуындағы рөліне тоқтала келе, қызды-қыздымен қазақ тарихындағы 128 хан мен қағанның ХҮ ғасырлық қызметінен Назарбаевтың 25 жыл ішіндегі жұмысы асып түсетінін айтып, сан соқтырды. «Сан соқтырды» деуіміз бекер емес, екі апта бұрын ғана жарамсақтықтың жарапазанынан қажып, Елбасының атын Астанаға берейік дегендердің «әләулайын» әрең тоқтатқанда, ел сенген азаматтың мына «шабысы» кімді болса да шамырқатқаны сөзсіз. Әлде, баяндама кезегі әлдебір медициналық орталықтың таныалдау нейрохиругынан кейін тигеніне шамданып тұрып, байқамай қалды ма екен Имекең?!

Алайда, жиында сөз алғандардың бәрі әсіре мақтаумен шектелді дей алмаймыз. Мәселен, көп іс-шарада көзге түсе бермейтін, біртоға қайраткер Қайрат Мәми ерлеген сияқты. Әдеттегі сарынмен ел дамуын Елбасы есімімен байланыстыра келе, Жоғарғы сот төрағасы Қазақстанның иесі де, киесі де кім екенін сарайдағылардың да, жиынды төте эфирден көріп отырған былайғы жұрттың да есіне саларлық сөз айтты.

«Республикамыздың иесі де киесі қазақ ұлты да осы уақыт ішінде өзгені елеп екшеп, өзін таныта білді. Дәстүрсіздікке бармады, ағайыншылдықтың алтын арқауын үзбеді, досты бауырға, бауырды тәуірге айналдырды. Тәуелсіздік туы төбемізде желбіреген жиырма бес жыл ұлтымыздың қанында мемлекет құру қабілетінің молдығын дәлелдеді!». Не деген сөз?! Жер – қазақтікі, ел – қазақтікі екені ежелден даусыз мәселе. Алайда, соны биік мінберден батыл түрде мәлімдеуге көп жерде керітартпалығымыз кедергі жасап, «толеранттылық», «ұлттар достығы» деген сияқты «кезекші» сөздермен шектеліп жататынымыз да өтірік емес. Сондықтан да, бүгінгі жиында айтылған мақтаулар мен тоқтаусыз жауған одалардың ішінде іліп аларлық бір сөз болса, ол – осы Қайрат Мәмидің сөзі болды-ау.

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар