«Қамшы» порталы мал саудасымен айналысқан ағайынды үш жігіттің өліміне қатысты Ұзынағаш ауылында болған қылмыстық істің жайын жіті бақылап, оқырмандарын ақпараттандырып келді. Бұл жолы оқырмандарға марқұмдардың артында қалған жесірі мен жетіміне жұрт жасаған жақсылық туралы жағымды жаңалықты ұсынамыз.

Алматы облысы, Ұзынағаш базарына мал сатуға шығып, кісі қолынан қастандықпен өлген ағайынды үш азаматтың отбасыларына ерікті азаматтар ұйысып көмек қолын созды. Бұл туралы азаматтар жоғалғаны туралы ақпарат тарағанда «Ұзынағаш» іздеу тобына белсене ат салысқан Мақсұтқан Дәлейұлы «Қамшы» тілшісіне хабарлады. Қылмыс ашылған соң Мақсұтқан Дәлейұлы ерікті азаматтар арасында ағалық көрсетіп, «марқұмдардың туыстарына» материалдық көмек көрсету туралы Wechat микроблогындағы Әбдірахман Қаманшайұылынң «Алматы ақпарат» тобында үндеу тастап, бастама көтерген. Бір ауыздан қолдау тапқан бастама нәтижесінде, Асылжан Мамыш есімді азаматтың «Қайырымды жандар» тобының есепшоты арқылы үш ай ішінде 1 миллион 157 мың теңге көлемінде қаржы жиналған.

2 күн бұрын, 19 желтоқсанда Мақсұтқан Дәлейұлы Әбдірахман, Жәнібек есімді азаматтармен бірге Талдықорғанға барып, есепке бүгінге дейін жиналған ақшаны алып марқұмдардың отбасына табыстады. «Қайырымды жандардан жиналған қаражат әр отбасыға 386 мың теңгеден үлестіріліп берілді, қазаға қайыра көңіл айтып, құран бағыштап қайттық», - дейді Мақсұтқан Дәлейұлы. Ол, «бұл арқылы халықтың ынтымағын, айдың күннің аманында кісі қолынан қаза тапқандар қайғысына ел болып ортақтаса алатынымызды көрсеттік» дей келе, «Оқиға орын алғалы бері қарай «Қамшы» порталы үздіксіз ақпараттық дабыл көтеріп келді. Сондай-ақ істің басы қасында, құқықтық жұмыстарда, іздеу жұмысында Еркін Бейсекей, Дәулетжан, Шалқар сынды азаматтардың да еңбегін айта кеткен жөн. Әрине бірауыздылық танытып, жүкті жұмыла көтерген елге ең үлкен алғысты айтамыз», - деді «Қамшы» тілшісіне.

Сондай-ақ, Мақсұтқан Дәлейұлының айтуынша, Алмас Ахметбек сияқты ел таныған азаматтар бас болып, «Үш арыс үшін» атты топ арқылы 4 миллион 800 мыңның үстінде қаражат жиналған. Бұл қаражат қайтыс болғандардың жесірлеріне арнаулы есептік карточка арқылы ай сайын 60 мың теңгеден айлық жәрдем ретінде беріле бастаған.
Сонымен қатар, «Асқар Жакулин» қоры марқұмдардың отбасына 1 жарым миллион қаражат көмек қолын созған.
Қоса кетер болсақ,
Еске салсақ, Долданұлы Жарқынбек (1979 жылы туған), Зарлыханұлы Мұқият (1973 жылы туған), Әлімхан Қадылбек Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан сатып алған 40 бас малды екі жүк көлігімен 17 қыркүйек күні Ұзынағаш базарына шығарған. Содан із-түзсіз жоғалып кеткен. Бірнеше күннен кейін олардың денесі табылды. 24 қыркүйекте Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі із-түзсіз жоғалған үш ағайындының өліміне қатысты күдіктілер ұсталғанын хабарлады. Оларды қылмыскерлер азаптап өлтірген.
Оқиға болған кезінде әкімдік марқұмдардың туыстарына көмек көрсетеді деген ақпарат тараған болатын. Алайда, бұл ақпаратты «Ұзынағашта қаза тапқан үш жігіттің отбасына материалдық көмек көрсетіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды», деген мәлімдемесімен Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев жоққа шығарған еді.
Айта кетсек, марқұмдардың туыстары қылмыскерлерге өлім жазасын сұраған болатын.
Алайда сот негізгі айыпталушы Талғат Сүлеймановқа сот өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал, Т. Сүлеймановтың сыбайласы Мұрат Оңалбаев 25 жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң түзімдегі колонияға жіберілетін болған еді.
Ерлан Төлеубай