Аққалада өндіріліп, Алматыға жөнелтіледі

/uploads/thumbnail/20170709191411616_small.jpg

Қазіргі күні кәсіпкерлікті қолға алып, шаруасын дөңгелетемін дегендер үшін жан-жақты жағдай жасалған. Тіптен білмей жатсаң, жер-жерде ашылып жатқан кәсіпкерлер мектебіне барып оқып, болашақ бизнесіңнің жоспарын жасап алуыңа да болады. Сондай азаматтардың бірі – «Алиқұл ата» шаруа қожалығының төрағасы Файзулла Әліқұлов.

Сайрам ауданы Манкент ауыл округіне қарасты Аққала ауылында орналасқан «Алиқұл ата» шаруа қожалығында болғанымызда қайнаған тірліктің үстінен түстік. Ұзындығы 150 метрлік стандартты қос қора мал бордақылау үшін салыныпты. Жем тасыған тракторлардың бірі кіріп, бірі шығуда. Қожалық басшысы Файзулла аға аудан орталығына жиынға кеткен екен. Орынбасары Ділшат Юнусов  жұмыс барысымен таныстырды. Айтысына қарағанда мал бордақылау үшін үкіметтен 7 пайыздық жеңілдікпен несие алған. Сол қаржыға «ақбас», «сементал», «герфорд» тұқымдас 420 бұқа сатып алып, бордақылауға қойған. Ерекше күтімді талап ететін бұқалардың күнделікті жем-шөбін уақытылы беруді тәжірибелі мамандар әрдайым назарда ұстап отырады.

Бағымдағы бұқаларға күн сайын салмақ қосу үшін сығымдалған шөп пен 700 келі жентек жем қайнатылып берілсе, ай сайын 10 тонна шрот, 30 тонна  жентек дем, 30 тонна кебек жұмсалады екен. Барлық зоотехникалық талаптар сақталып, 4 ай бағылған бұқалардың салмағы 270-350 келіге жеткенде етке өткізіледі. Яғни әр тоқсан сайын 130 тоннадан есептелгенде, жылына 520 тонна ет өндіріледі деген сөз.

Қазіргі күні бұл шаруашылықта 11 адам жұмыспен қамтылған. Ауылда Семей малдәрігерлік-ветеринарлық институтын бітіріп келген жоғары білімді 22 жыл еңбек өтілі бар малдәрігері Айдар Маликов пен көмекшісі Ұлықбек Балтаходжаев өз ісінің  нағыз шеберлері саналады. Атшаптырым мал қораның айналасы тап-таза, көлденең жатқан шөп-шалам да байқалмайды. Барлық жерде – тазалық пен тәртіп. Талапқа сай бордақыланған бұқалар Сайрамдағы құшқанада сойылып, еті Алматыға жөнелтіледі. Өйткені,  «Алиқұл ата» шаруа қожалығы өндірген тәтті ет оңтүстік астанада да үлкен сұранысқа ие.

Шағын ғана Аққала ауылында 3000 халық бар. Жергілікті тұрғындар негізінен егін егумен, мал өсірумен айналысады. Қарап отырсаң, бұрынғыдай бейсауат, жұмыссыз сенделіп жүрген ешкімді көрмейсің. Кез келгені бір-бір кәсіпті дөңгелетіп отыр. Демек, ынта-жігер, ниет болса қай жерден де жұмыс табылады.

Әбдімәлік Белгібай,

«Оңтүстік Қазақстан»

Қатысты Мақалалар