Мұғалімдердің орамал тағуы жұмысынан айырылуына себеп пе?

/uploads/thumbnail/20170709192712602_small.jpg

РФ-ның құрамына кіретін Мордовия республикасының Белозерье елдімекеніндегі орта мектепте 375 бала білім алады екен. 5-11 сынып аралығындағы қыз балалар саны 200. Олардың көбісі орамал тағады деп хабарлайды  "Idel.Реалии".

Жалпы, аталмыш мектептің мұғалімдері де орамал тағады екен. Мектеп басшылығының ойынша, оқушы қыздарға үлгі болып жатқан да солар. Мордовия Білім министрлігі мен Белозерье татар ауылының ұстаздар қауымы арасындағы дау-дамай желтоқсан айында туындаған болатын. Сол кезде министр орынбасары Галина Явкина мерекеден кейін «орамалдарыңды шешіңдер» деп талап қойған болатын.

Алайда мектеп директоры Вера Липатова мұсылман орамалын таққан мұғалімдер жұмысынан қуылмайды деп сөз сөйлеген болатын: «Демалыстан кейін әріптестер болып бас қосып, келіссөз жүргізетін болып шештік. Бүгінгі таңда ешкім қызметінен босатылған жоқ. Сол себепті дау туғызудың қажеттілігі де шамалы. Бір нәрсе айта кетейін, мектеп ол білім ордасы, зайырлы мекеме. Оны қаржыландыратын мемлекет. Діни көзқарастарына қарамастан сабақ беретін ұстаздар қауымы ұстаз болып қалуы керек. Өйткені олар жүріс-тұрысымен, бет-бейнесімен де өскелең ұрпаққа тәрбие береді. Әр азамат өз мемлекетінің заңына сүйеніп әрекет еткені дұрыс».

Өкінішке орай, мектеп басшылығы өз уәдесінде тұрмапты. Кеше ғана өз есімін жасыруды жөн санаған мұғалім былай деп мұңын шақты: «Демалыс аяқталысымен бізді бір-бірлеп жұмыстан шығаратын болыпты. Себеп табылады дейді».

Құқық қорғаушы Марат Әшімовтың айтуынша, Мордовия билігінің қызмет бабында орамал тақпау деп талап қоюы Ресей Конституциясына қайшы. «Ресей еңбек кодексіне сай діни, ұлттық негізде дискриминацияға жол жоқ. РФ Конституциясы діни сенімнің еркіндігіне кепілдік береді. Мордовия билігі мектеп зайырлы мекеме дегенді көп айтады. Ол мектепте діни сабақтар берілмейді, оқытылмайды. Орамал таққан мұғалім білім беру мекемесінің зайырлылығына қауіп төндірмейді. Белозерье ауылы жалпы дінге берік елдімекен. 20 жыл бойы қызмет еткен мұғалімдер әлбетте жұмыстарынан айырылғылары келмейді» деді Әшімов.

Жазира Байдалы

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар