Алматы әкімі Бауыржан Байбектің бүгін халыққа есеп бергені туралы жазған едік. Әкімнің есебі біте сала Facebook әлеуметтік желісінде Жер комиссиясының мүшесі, қоғамдағы әлеуметтік-саяси мәселелерге белсенді пікір білдіретін Мұхтар Тайжан әкім сөзіндегі 2 мәселеге арнаулы тоқталып, өз ойын айтты деп хабарлайды «Қамшы» порталы. Ол өз сөзінде әкім айтқан «үш тілділік» пен «қазақ тарихы туралы айтты.
«Бауыржан Байбектің берген есеп беруін тыңдадым. Бұл мәселені Бауыржан Байбектің бүгінгі есеп беру жиналысына байланысты көтергім келіп отыр. Бұған дейін Сағадиевтің білім министрлігіне байланысты жылдық есеп беру мақаласы шыққан. Енді, міне, әкіміміз мектептердегі үштілділікке байланысты сөз қозғады. Мен осы сұраққа байланысты ойымды ашық айтқым келеді. Біз ағылшын тілінің мектептерде пән ретінде оқытылуына қарсы емеспіз, керісінше қолдаймыз. Бірақ біз пәндердің сабақ үстінде тек ағылшын тілінде жүргізілуіне қарсымыз. Адамда таңдау болуы керек, пәнді өз ана тілінде оқығысы келе ме, әлде ағылшын тілінде ме? Қазақстанда кім болмасын балаға осы тілде сабақ өтесің деп ешкім мәжбүрлей алмайды. Иә, ағылшын тілін оқысын, білсін, бірақ ағылшын пәнінен басқа математика, физика, география сынды пәндерді қазақстандық оқушылар өз ана тілінде оқуына толықтай құқылы. Және бұндай құқықтан оларды ешкім айыра алмайды. Себебі, физика, математика пәндерін тіпті өз ана тілінде оқитын балалар үшін түсіну де, түсіндіру де оңай емес. Барлық конституциялық құқықта әр бала пән оқулықтарын өз ана тілінде оқуы тиіс екенін дәлелдейді. Бұл – заң, бұл – конституция, ал бүгінгі реформада аталған пәндерді өз ана тілінде оқытпау жөнінде айтылды. Біз әрине елімізде прогресс болғанын қалаймыз, ағылшын тілін оқып, дамуға, алға жылжуға біздің де қарсылығымыз жоқ. Кез-келген тілді үйрену керек. Бірақ бұл өз ана тілімізде сабақ алудың орнын баса алмайды. Неге Қазақстандағы миллионнан көп балалардың қай тілде сабақ өтуі керек екенін сіз шешесіз? Ол ойланып, талқылап қабылдайтын шешім. Таразы басында еліміздің әр отбасы тұр. Үштілділік жөніндегі мәселені ортақ талқыға салып, ойлану керек, халықтың да пікіріне көңіл аудару керекпіз. Қазақ балаларының тағдырын сіз шеше алмайсыз. Шет тілдерді оқиық, тереңіне үңілейік, лингафонды кабинеттердің де болуына қарсы емеспін. Бірақ балаларды өз ана тілінде оқыту құқығынан айырмауымыз керек. Бұл – бірінші мәселе.
Екінші мәселе ежелгі қазақ тарихы жайында болмақ. 19-20 ғасырларда жер үшін қаншама қазақ жапа шекті. Ғылымнан шеттетілді, лагерьлерге қамалды, репрессияға ұшырады. Ақыры, сол қазағымыздың ежелгі тарихын оқытатын кафедралар ашылды, кітаптар жазылды, барлық оқу орындарында оқытылды. Бірақ, 2016 жылы сәуір айында бірнеше ректорлар 1 апта ішінде білім минстрлігіне ежелгі қазақ тарихын оқу орындарында оқытудың қажеті жоқ деп хат жазған болатын. Ол студенттердің уақытын алады екен, кредиттер саны көп болып кетеді екен т.б. Мен өзім Польшада білім алдым, поляк болмасам да поляктардың тарихын бүге-шүгесіне дейін оқығанбыз. Оның үстіне мен тарих факультетінде оқыған жоқпын, экономикалық бағытта оқыдым. Өз жерінің, өз Отанының, өз мемлекетінің тарихын білмейтін адамнан патриот шықпайды. Сондықтан да Европада, Азияда өз елінің тарихы терең оқылады. Сонымен қатар, тарихымызды Жоғарғы оқу орныдарында тереңінен оқымасақ, басқа қайда оқимыз, егер қазақ тарихын кафедралар тереңінен зерттемесе, түсіндірмесе, бұнымен басқа кім айналысады. Маған білім министрлігінен «қазақ тарихын мектепте оқытқанымыздың өзі жеткілікті емес пе, неге қазбалай береміз» деген жауап келген. Бір ғана оқытушы, бір ғана мұғалім оқытқан пән тереңінен оқытылмайды. Оқу орындарында қазақ тарихы кафедраларының жабылуы – үлкен қылмыс. Заң алдында емес, ата-бабаларымыздың алдында қылмыс. Ол инженер болмасын, математик болмасын, қазақтың тарихын міндетті түрде білуі тиіс. Қазақтың хандары кім болды, биліктің қандай түрлері жүргізілді, «Жеті жарғының» басқа заңдардан не айырмашылығы бар. Есім ханның «ескі жолы», Қасым ханның «қасқа жолы» нені білдіреді, бұл сұрақтардың бәріне әр қазақ ойланбастан жауап беруі тиіс.
Осы екі мәселені cіз жауапсыз қалдырмассыз деп ойлаймын. Ізін аңдып отырамын. Осы сұрақтарға байлынсты ашықты түрде талқылауымызды сұраймын.»
Дайындаған: Гүлім Жақан