Айнабековтің айтқаны ақиқаттан алыс

/uploads/thumbnail/20170709213753673_small.jpg

Жақында abai.kz порталында жарияланған Бақтыбай Айнабековтің «Дініміздің ислам екендігі – ата заңымызда көрсетілуі керек!» деген мақаласы екіұдай сенімде қалдырды. Ұсынысы «дұрыс па әлде бұрыс па?» деген сауалдар көпшіліктің басын қатыратыны ақиқат. Себебі Ата заңымызға ұсыныс айтамын деп әр нәрсенің басын бір шалғанға ұқсайды. Мәселенің мәнісін түсіндіру үшін алдымен аталмыш мақаланың өзіне қысқаша талдау жасайық.

Құрметті Бақтыбай мырза! Сіз әңгімеңізді «қазір бүкіл әлем елімізді мұсылман мемлекеті санайды. Мұсылман мемлекеті ретінде екі жыл бұрын әлемдік Ислам конференциясы ұйымына бір жыл төрағалық та еттік» деп бастапсыз.

Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы өзін мұсылман деп таныған. Сонымен бірге әлемге Қазақстан – зайырлы мемлекет екенін, елімізде өзге де конфессиялар өкілдері тіршілік етіп келе жатқанын ескерген жөн.

Сіз «Ел Конституциясы – Заң, республикалық референдумда қабылданған қасиетті Ата Заң!» деп қасиеттілігін мойындаған-ақ екенсіз. Сөйте отырып «Заңды қабылдауда кезінде жобаны дайындаушылар ұлттық ерекшелігі бар Қазақ елінің заңы екендігіне мән бермей, ел тағдыры мен тарихына назар аудармай, оның дәстүрі мен салтына келе бермейтін, - сенімі мен ұлттық дәстүрі бөлек, сонау Батыс елдері тіршілігін негізге алып дайындалған бұл заң  өз атына сай жұмыс жасап тұрған жоқ және жасай да алмайды. Неге?» дейсіз. Ойлап көріңізші, алдыңғы сөзіңізге кейінгі сөзіңіз қарсы шығып тұрған жоқ па? Осы жерде Сіз Ата Заңымыздың қасиеттілігіне күмән келтірдіңіз. Неге? Дәлел-дәйексіз бүйректен сирақ шығарғаныңызға жөн болсын.

Қабылданған Ата Заң тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында қoғaмның бaрлық сaлaсындa дeрлiк тeрeң дe күрдeлi өзгeрiстeр oрын aлды. Қaзaқстaн әлeм тaнығaн eлгe aйнaлып, хaлықaрaлық дeңгeйдe өзiнiң бәсeкeлeс бoлуғa қaбiлeттiлiгiн көрсeтті. Осының барлығы Ата Заңнан бастау алған баянды тіршілігіміздің жемісі деп айта аламыз.

Сонымен қатар өз мақалаңызда «Біз зайырлы мемлекетпіз, зайырлы мемлекет дінсіз мемлекет емес, дінді теріске шығармайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі» деп жалпылама айтылатын  жалған сөз – қабылданған заңды ақтамайды» деп айды аспаннан бір-ақ шығарыпсыз. Ендеше бұл заң елдің үмітін қалай ақтау керек екенін жазғаныңыз жөн болар еді. Білігіңіз жетсе, әрине... Таратып, түсіндіріп бере алмас па екенсіз?!

Ал енді өзіңізді біраздан бері исламтанушы ретінде танытуға тырысып жүргендіктен сіз «зайырлы мемлекет» формасы ислам шариғатына қайшы келмейтінін білетін боларсыз деп үміттенемін. Әлдеқашан талдап-талқыланып қойылған бұл мәселелерді ежіктеп айтып, оқырманның уақытын алмай-ақ қояйын.

Өз мақалаңызда «...таяуда қабылданған  «Дін істері және азаматтық қоғам туралы» заң жайлы айтуға болады» деп қай заңды меңзеп тұрғаныңызды түсінбедім. Шамасы меңзегеніңіз Қазақстан Республикасының Президентінің «Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін» құру туралы жарлығы болар? Қырағы көз сыншыға ай-күннің аманында заң менен жарлықты шатастыруға бола ма екен?

Ал енді Сіз мынаған көз жүгіртіңіз: Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп айқын атап көрсетілген. Осы ұстанымдағы зайырлылықты дінге қайшы дей алар ма едіңіз?

Діни сенім бостандығы – адамның жеке өзі немесе басқалармен бірге қандай да бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға, еркін таңдауға, діни сенімде болуға және таратуға, соған сәйкес әрекет етуге құқықты адамның негізгі жеке бостандықтарының бірі. Діни сенім бостандығы демократияшыл қоғамның іс-әрекет етуінің қажетті өмірлік шарты, адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылатынын ескермеген секілдісіз.

Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарасына қарамастан экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең. Азаматтардың дiнге көзқарасына қарай олардың құқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеу, қандай да бiр артықшылықтар белгiлеу, өшпендiлiк пен жеккөрушiлiк туғызу, азаматтардың сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ, қайсы бiр дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады. Бұл ережелер, сіздіңше, сенім бостандығын қамтамасыз етуге қауқарсыз ба?

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» заңының кіріспесінде «ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениетiнiң дамуы мен рухани өмiрiндегi тарихи рөлi танылады» деп атап көрсетілген. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) біріктіріп отырған мұсылман азаматтар Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди діни сенім жолын ұстанып, соған сәйкес амал етуде. Бұл, біріншіден, дәстүрлі емес ислам ағымдарының енуіне жол бермесе,  екіншіден, елдегі мұсылман жамағатының бірлігі мен ынтымағын сақтауға және күшейтуге  мүмкіндік береді. Бұл мәселелердің барлығы сіздің назарыңыздан тыс қалған тәрізді.

Жарайды. Тізбектей берсем тағы да бірнеше кемшілік шығатынына, оның барлығын теріп отырғанымда біраз уақытымды жоғалтып алатыныма сенімдімін. Мақаладағы қалған кемшілігіңізді өзіңіз дұрыстай жатарсыз.

Ал енді ұсынысыңызға келер болсам, Ата заңымыздың 7-бабына «Мемлекеттің дәстүрлі діні – Ислам, ал қалған әлемдік діндер мойындалады» деген сөз алтын әріппен қашалып жазылып енгізілуі керек»  депсіз. Оның қажеттілігін қалай негіздер едіңіз?

Сіздің бұл пікіріңіз зайырлылық принципіне қайшы келеді. Мемлекетіміз азаматтардың діни сенім бостандығына, заңмен белгіленген орындарда діни қызметті жүзеге асыруға кепілдік береді. Бірақ біздің елімізде мемлекет ісіне діни бірлестіктердің араласуына жол берілмейді.  

Қазақстан әлемге Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері форумының орталығы ретінде таныс. Аталған форум аясында конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы атап көрсетілген. Олар: төзімділік, өзара құрметтеу мен түсінісу, конфессияаралық және этносаралық келісім болатын. Онда осы жолымызбен қайшылықтарға емес, керісінше ортақ құндылықтарды біріктіруші ел ретінде қала бергеніміз жөн.

 

Философия ғылымдарының докторы, профессор

Бурбаев Төлеуғали Қайыржанұлы

 

Қатысты Мақалалар