«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары маңызды мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы барысын тексеру, сондай-ақ, Елбасы Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру үшін Жамбыл облысына келді.
Мұхтар Құл-Мұхаммед болған кәсіпорындардың қатарында өңірдің ірі сүт өндірісі – Мерке ірімшік зауыты да бар. Оның басты ерекшелігі зауыт бірден 40 шаруа қожалығын біріктіреді. Мұндай кооперацияның нәтижесі көзге көрініп те тұр. Өнімдерін өткізуге байланысты оларда мәселе туындаған емес. Зауыт күніне 70 тонна сүтті қайта өңдей отырып, түрлі сүт өнімдерінің 70-тен астам түрін шығарады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын аграрлық саланы дамыту үшін миллиардтаған ақша бөлінеді. Ол қаражатты тиімді игеру үшін шағын шаруа қожалықтары ірі ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуі тиіс. Мерке ірімшік зауыты 40-тан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын біріктіреді. Бұл Президент тапсырмасын орындаудың жарқын мысалы», - деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары фермерлермен болған кездесуінде.
Мұхтар Құл-Мұхаммед сонымен бірге Қордай ауданында орналасқан еліміздегі ірі жел электр станциясының жұмысымен танысты. Бұл жобаны іске асыруға мемлекет айтарлықтай көмек көрсетті – қаржының бір бөлігін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының арқасында тартудың мүмкіндігі туды.