2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде теракт болды. Террористердің тобы «Паллада» және «Пантера» атты қару-жарақ дүкендері мен №6655 әскери бөліміне қарақшылық шабуыл жасап, соның салдарынан 8 адам мерт болды. Олардың 3-уі әскери қызметкерлер. Қалада террористік қауіп-қатердің жоғарғы «қызыл» деңгейі жарияланды. Терроризмге қарсы бағытталған операция барысында 18 адамның көзі жойылып, 9 адам құрықталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 9 маусым азалы күн деп жарияланды. Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов Ақтөбедегі атыс кезінде 21 адам қаза болып, 6-7 адамға іздеу салынғанын айтты. 38 адам жарақат алды.
Лаңкестік жасаған салафиттермен атысқан ақтөбелік полицей «Алтын адам» атағын иеленді.
Шабуылдан соң елде террористік қауіп-қатердің қалыпты «сары» деңгейі жарияланып, ол кейін бірнеше рет ұзартылып, биыл қаңтарда ғана жойылды.
Былтыр 28 қарашада Ақтөбе облыстық сотында қарулы шабуылға қатысты 29 адамға үкім шықты. Қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімді басып алуға тікелей қатысты деп айыпталған жеті адам өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Басқа айыпталушылар түрлі айыптармен екі жылдан 22 жылға дейін сотталды. Бір адам қылмысты жасырды деген айыппен төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Биыл қаңтарда апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырды.
Кейіннен террорлық шабуылға қатысушылардың өзекті өртеген өкініштері мен оқиға куәгерлерінің естеліктері топтастырылған «Оразадағы ойран» фильмі жарыққа шықты.
Пікір қалдыру