Төлеген мен Жібектің трагедиялық махаббаты көрерменнің көзіне жас үйірді

/uploads/thumbnail/20170710120904672_small.jpg

Махаббат өлкесін шарлап, ішкі сезімнің нәзік иірімдерін сезінуге мәжбүрлеген «Қыз Жібек» қойылымы көрерменін бір марқайтты. 

13 маусымда М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасының премьерасы өтті, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.

Қазақтың лиро-эпостық жауһар жыры «Қыз Жібек» махаббат гимні десе болады. Осы эпос негізге алынған бұл туындыға да Қыз Жібек пен Төлегеннің жүрек тербірентер қайғылы махаббаты арқау болған. Оқиғалар негізінен  жағалбайлы руынан шыққан батыр Төлеген, шекті руының сұлуы Жібек және ел арасында ержүректігімен, күш-қайратымен аты шыққан батыр Бекежан арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді де, ақыры Төлеген қызғаныштың құрбаны болады. Сүйгенінсіз Жібекке де өмір жоқ... Ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын  қойылымда   ұлттың өмірі мен тығыз байланысты дәстүрлер де  - бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. – жақсы көрініс тапқан. 

Жібектің батылдығы мен адалдығы, Бекежанның сатқындығы, Төлегеннің батырлығы – бәрі халықтың көңіл көзіне оттай басылып, көрермен рухани ләззат алып, бір марқайып қалды.

Қойылымның қоюшы-режиссері – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты Е. Нұрсұлтан.

«Қыз Жібек» музыкалық драмасында танымал жұлдыздар С.Бақаева, А.Шаяхметов, Е.Дайыров, А.Киркабаков,М.Тағанов, Ш.Асқарова, Ш.Жанысбекова, Г.Тутова,Б.Тұрыс, Б.Әбділманов, С.Мерекеұлы, Ж.Толғанбай,З.Карменова, Д.Үсенова, Ж.Жаныаманова, К.Шаяхметова, Ж.Мақажанова, А.Жұмабаев, Ж.Тинбаев, А.Бақытжанова сынды басқа да көптеген театр артистері өнер көрсетті.

Сондай-ақ, қойылым ел өміріндегі маңызды шара «Экспо-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының Астана қаласындағы гастрольдік сапарында 23 маусым күні сағ.19-00де Астана Жастар театрының сахнасында әлем жұртшылығының назарына ұсынылмақ.

Айта кетейік, бүгін яғни,14 маусымда театрдың 91-маусымының жабылу салтанаты өтеді.

Гүлім Жақан

Қатысты Мақалалар