"Біз кез-келген сынды сабырлы қабылдайтынымыз бәріңізге мәлім. ЭКСПО туралы мақтау сөздер де, сын да айтылып жатыр", —деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Foreign Policy америкалық басылымында жарық көрген Джеймс Палмердің ЭКСПО көрмесі туралы сыни материалына, сондай-ақ сайттың Қазақстанда бұғатталуына қатысты пікір білдіре отырып.
Айта кетейік, жаһандық саясат, экономика, интеграция тақырыптарын жазатын, екі айда бір басылып шығатын танымал журналда 15 маусымда Қазақстан туралы мақала шыққан. Мақалада EXPO-ның бас нысаны «Нұрлы әлем» ұлттық павильоны «Өлім Жұлдызына» теңеліп, мысқылға алынған. ЭКСПО-ға Қазақстан 5 миллион қонақ келеді деп күткенін, алайда қонақтарының саны 10 мыңға әреі жеткенін жаза келіп, тіпті ЭКСПО-ның Алматыда өтпегеніне де «қынжылыс» білдірді. Мақала авторы – британдық журналист Джеймс Палмер.
Бұдан кейін "Астана ЭКСПО-2017" ҰҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов Джеймс Палмер есімді тілшінің бар екенін, Foreign Policy америкалық басылымында шын мәнінде мақала жазғанын, бірақ ЭКСПО көрмесіне мұндай журналистің тіркелмегенін айтқан. Кейін Палмер төлқұжатындағы Қазақстанға келгенін дәлелдейтін мөрді суретке түсіріп, Twitter парақшасында жариялады.
"ЭКСПО баспасөз хатшысы Куяновтың мәлімдемесі туралы айтар болсақ, Сергейді адамгершілік тұрғыдан түсінуге болады. Өйткені журналист Палмердің мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейтінін жақсы білесіздер", — деді министр.
"Он күннің қорытындысы бойынша алғашқы нәтижелер көрме бойынша жасалған сәтті болжамның орындала бастағанын көрсетіп отыр. Foreign Policy журналисі шындықты айтпай, фактілерді өтірік айта бастағанда, бұл әрине көрмені ұйымдастыруға тікелей араласып жүрген адамның көңіліне тиеді. Сондықтан мүмкін осындай эмоционалды реакция болған шығар",- деді ол.
Сондай-ақ, Абаев қазақстандықтардың Foreign Policy басылымының сайтына кіре алмауына қатысты да пікір білдірді.
"Foreign Policy сайтының бұғатталуына қатысты мәселеге келсек, қазір бәрін анықтап жатырмыз. Біреудің жағдайды ушықтыру үшін мұны әдейі істеу мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз. Біздің тарапымыздан сайтты бұғаттау бойынша ешқандай әрекет болған жоқ",- деп түйді сөзін Абаев.
Пікір қалдыру