Халықты бекер соқыр деп,
БИЛІКТЕ ОЛАР ОТЫР КӨП
Шаруасы шатқаяқтаған шаруашылықты атамай-ақ, ауыл жайлы көсіп-көсіп айтуға болар ма еді, кім білсін?! Бірақ ауыл мен шаруашылық ежелден етене. Ешкім бөліп-жара да алмас. Содан ғой – бір кездері «ауыл шаруашылығы» аталып, жұтынып тұрған сөз еді. Кешесін қайдам, бүгінгі күнде Асылжан Мамытбеков басқарған саланың салпиған сала құлаш құлағы мен ыңыршағы шыққан кәрі сиырдың сынық мүйізіндей ғана тұқылы қалған.
Әсілінде, осындағы «қалған» сөзін қадап айту – қарабастың қызды-қызды қызыл дауы емес, қайта қып-қызыл шындық! Әуелі ауыл шаруашылығы дегенде екі-ақ ұғым етегі желпілдеп, еске оралуы мүмкін. Оның біреуі – егін шаруашылығы болса, енді біреуі – мал шаруашылығы (бұл саладағы құс өнімдерінің де салмағы әжептәуір). Сонымен алдыңғы шаруашылықтың шаңын қағып, газетіміздің 2 қазан күнгі санында «Қазақта астық көп пе, өтірік көп пе?» деген тақырыппен мақала жариялағанымызды ескерер болсақ, ары қарай сөз айтудың өзі тым артық!
Ал мал шаруашылығы туралы сөз бөлек. Осыдан әлденеше жыл бұрын шетелден ұшақпен асыл тұқымды мал тасып, 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізем деп шімірікпей айтқан министр Мамытбековтың сөзі Алдар Көсені айдалада қалдырған. Сенбесеңіз, нақты мысалдарға үңіліңіз!
Мамытбековті масқара қылған мамандардың өзі. Олар 1990 жыл мен 2014 жылғы мал басының көрсеткішін салыстырып кеп жіберген. Бақсақ, ірі қараның саны 59 пайызға, қой мен ешкінің саны 49 пайызға азайған екен. Бәсе деймін, қора-қора қой, қос-қос жылқы, табын-табын сиыр, жерді маң-маң майыстырған түйе баққан елдің ұрты суалып, етке жарымай қалғаны содан екен-ау?! Тіпті бір қыс көрші Ресейдің сауымнан қайтқан сар сіңір, кәрі сиырын талғажау етіп шықпап па едік? Сонда деймін, кешегі совет үкіметі кезіндегі 300 мың тонна ет жөткеген әйдік отанның хәл-ахуалы осыған жеткені ме?
Асылында, Асылжан айды аспаннан келтіріп, ет экспортын еселемей-ақ қойса да, импорты соңғы екі-үш жылда 200 мың тоннадан бері ыршып кеткен. «Мәселен, Қазақстан 2008 жылы қатты мұздатылған 156,4 мың тонна ет импорттаса, 2010 жылы 202 мың тонна, ал 2013 жылға қарай 210 мың тонна етті шеттен әкелген» (http://365info.kz/2014/07/kazakstanda-mal-sharuashylyfyn-kalaj-kyrtyp-zhatyr/). Сонда 2016 жылға қарай өркендеп, әлеуеті әупірімдеп артқан 60 мың тонналық ет экспортын 210 тонналық импортпен салыстыруға бола қояр ма екен (оның өзінде 210 тонна 2013 жылдың еншісінде ғана, онан бері өспесе, кемімегені анық – Қ.Қ.)?
Бұл біздің ет өнімдерін шетелдерге сату мен шекара аттап, сатып алу көрсеткішінің өзара керағар екенін көрсетеді. Яки, «Таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да, жапалақ өледі» дегенмен пара-пар. Экспорт та – бір, жапалақ та – бір.
Бір ұққанымыз – білікті деген министрден «білімсіз» деген бір студент көп-көп артық екен. Неге дейсіз ғой? Студент қалтасында қандай да бір қара бақыр болса, әуелі қарынын қампайтады. Асса, нығыздалып келіп, қайыр сұрағанның алақанына тастайды. Несі бар, Қасиетті құранда да «Өзіңнен артса ғана өзгені жарылқа!» демеп пе еді? Оның бер жағында ешкімге барып, алақан жайып жалтақтамайды.
Ал Мамытбеков ше? Жылына жұттан қалған малды сайдан қырып, ойдан жонып, ары кетсе, уәделі 60 мың тоннаға жуықтап, болмаса 10 мың тонналық еттің өзін пора-пора болып, шетелге шығарады. Сосын ғой, сосын өзгеден ет сұрайды.
Жұттан қалған мал демекші, биылғы жылы жұт қатты болатынын сол министр біле ме екен? Заң мен экономикаға үйірсек болып өскен бала, зады, шаруашылықты «шемішкедей» шаға алмас! Жақында ғана ауылға ат басын бұрғанымызда, үлкендер жағы: «Жылан ініне ерте кірді, қыс ұзақ болатын сыңайлы, шөп те шалаң...» – деп ұзақ қауқылдасқан болатын.
Күні кеше айдың-күннің аманында Маңғыстау облысында мал жаппай қырыла бастады. Қыс түспей қыспағына алған «жеті ағайынды жұт» тіпті бір ауылдың 200-дей ірі қара малын қырып салды. Бұл бір ғана Ақшымырау ауылының ақиқаты. Сол ауылдың тұрғыны Тілекқабыл Бекенов небәрі он күнде 15-ке тарта ірі қара малының алтауы аштан арам өлгенін айтады. Бұл не деген сұмдық сонда? Алда-жалда қыс қатты болса, іші шелге жарымаған малдың қыстан аман шыға алмайтыны – тағы екібастан.
Бұл жалпақ Қазақстанның жер қарада сүрінген бір облысы ғана. Әгәрәки, қуаңшылық маусымдарының соңы қатты қысқа ұласса, өзге облыстардың да жұттан аман қалмайтыны шындық (әрине, оның бетін ары қылсын дейміз)!
P.S. Сонда Мамытбеков мырза 2016 жылға қарай қалай 60 мың тонналық ет экспорттамақшы? Әлде өзі айтқандай кетіп «құтыла» ма?
Естеріңізде болса, тағдырын орынбасары Мүсілім Өмірияевпен біржола байланыстырған АШМ басшысы Асылжан Мамытбековтың өзі «орынбасары сенімді жоғалтса, кетуге дайын екенін» білдірген болатын. Ал 16 қазан күні сот Өмірияевты Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 311-бабы 5-бөлімі (пара алу) бойынша айыпты деп таныды. Оған тиесілі мүлкін тәркілеумен қатаң режимдегі түзету колониясында 10 жылға жазасын өтеуге шешім шығарылған болатын.
Мұндайда қазақ тағы: «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деуші еді...
Қозыбай ҚҰРМАН,
«D»
Пікір қалдыру