Қазақ əдебиетінде өзіндік үнімен келіп, қалам қарымын танытып, сүбелі дүниелерін ұсынып үлгерген аға буын жазушыларымыздың шығармашылық кескін-келбетін ашатын мақалаларды бұдан былай үзбей жариялап тұрмақпыз. «Қаламгер келбеті» айдарымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғалым, белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің шығармашылық еңбегіне тоқталған мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз. Бір ескеретін жай: «Қаламгер келбеті» айдарымен берілген қаламгерлер шығармасын қазақ оқулықтарына кіргізетін уақыт жеткенін Қазақстан Республикасы Халыққа білім беру министрлігінің құлағына алтын сырға деп айта кеткіміз келеді. Əсілі жаппай орта білім міндетті елде жазғыш көп, жазушы кемдеу, ал шын суреткер ілуде біреу ғана болары бар-ау. .
Қалам ұстап, кітап жазғанның бəрі ə дегеннен ұлық шығып, ұлылардың санат-сапына қосылып жатса, ол сол əдебиеттің мықтылығы емес, балаңдығы, буыны бекіп болмағандығының белгісі ғана. Өйткені, бəйгеге қосылғанның бəрі бірінші келе алмайтыны сияқты, əдебиетте де біреу ілгері, біреу кейін тұруы заңды: бұл əдеби сыйлықтар мен алуан дəрежелі атақтың берілуімен өлшенбесе керек, таланттылар мен дарынсыздар қатар жүрген ортада осылай болуға тиіс, тіпті, əріге үңілсек, жаратылыстың уақыт тезіненөткен əділ заңы – табиғи сұрыптау да осыған келіп саяды. Жазушы ұлттың үні, рухы, тілі екеніне шəк келтіру нəмəрттік, сондай-ақ, сөз өнерінің хас шебері ұлттық сана мен сезімнің, парасат пен ойдың, дүниетанымның материяланғанкөрінісі де: сезімтал халықтан сезімтал жазушы, сұлулыққа құштар ұлттан эстетикалық талғамы биік, жаны сұлу шайыр тумай тұрмақ емес, тоқсан ауыз сөзді бір леппен түйіндеп тастар қазақы мінезімізге жүгінсек: «Қанына тартпағанның қары сынсын». Əлемдік əдебиет Олимпіне көтерілу, жұмыр жерді мекендеген барша халықтар, ұлттар мен ұлыстарға теңдей сүйікті жазушы болу қиын жəне екінің бірінің пешенесіне жазылмаған, бірақ жеке ұлт жазушысы болу қаламынан туған қай-қай шы ғармасынан сол ұлтқа ғана тəн дүниетанымы, зерде, діл мен дін, иманы мен иланары, яки ұлттық бояу, психология, характер, ой жүйесі мен жүректегі сезімі самал желдей есіп қоя берер қаламгер болу одан да қиын, мүлдем ауыр.
Мұны əлемдегі əдебиет корифейлерінің бəрі де күмəнсіз мойындаған. Қолдағы алтынды қадірлемейтін қазақы мінезіміз, қоңыр əдетіміз болмаса, қазақ қаламгерлері арасында қай əдебиеттің де аспанында Темірқазық жұлдыздай жарқырауға қабілеті жетер, бақ-талайымды биіктеттің дер таланттылар аз болмаған, арғы-бергі алыптарымызды санамағанның өзінде ондай сөзі асыл, көкірегі құмбыл жазушылар əдебиетімізде қазір де бар: алайда, таза ұлттық мінезді жазушы кім деген сауалға жаутаңдап жауап іздер болсақ, онда əуелгілердің бірі болып тіл ұшына белгілі жазушы Мұхтар Мағауин есімі еріксіз оралары хақ. Дүмшелік пен дінсіздік сананың сорын сопақ астаудай қылып буған бұқпантай қоғамда кез келген ілім (материалистік диалектикамыздан тысқары тұмандықтарда жатқан тылсым дүниелерден де жұмба, қорқынышты көрінетін, əсіресе ІІІ ғасырда Таяу Шығыста пайда болған манихейлік дуализм (манихеиство) мүлдем жат еді.
Бір ғажабы, осы манихейлік ілімнің тіні, алтын арқауы өзіміз күніне сан қайталайтын үйреншікті нəрселер, яки ол ілімнің, мейлі діни ағым ақ болсын негізі бойынша дүниенің (жаратылыстың) өзегі нұр мен түнектің, жақсылық пен жамандықтың бітіспес күресінен тұрады. Ал жақсылық пен жамандық, нұр мен түнек, сезім мен дүлей күш, адалдық пен арамдық, иман мен имансыздықтың ықылым заманадан, дүние алғаш жаратылған қасиетті сəттен бергі тынымсыз күресі де əдебиеттің мəңгілік негіздері екені рас емес пе. Адам мен дию, шайтан мен періштенің бітіспес парасаты да Адамзат қашанда адалдық, сұлулықтың, алтын көрсе жолдан таймас періштенің, рахман нұрының жеңіске жететініне үміттеніп жəне сеніп өтеді пəни жалғаннан. Сондықтан да Достоевский кезінде: «Əлемді құтқаратын сұлулық!» – деген. Осыншама қазымырлана қазбалай сөйлеуіміздің де себебі бар: М.Мағауин 1991 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ғасырлар бедері» атты əдеби зерттеулері жинақталып басылған кітабында оқырмандарына дұғай сəлем жолдай отырып, ең бірінші сөйлемін: «Əдебиет табалдырығын аттар-аттамаста-ақ менің алдымда екі айырық жол тұрыпты: бірі – көркем проза, бірі əдебиеттану екен» дей келіп, «Əйтсе де мен жəмиғатқа ең алдымен əдебиет тарихшысыретінде танылдым», – деп ақиқат шындығын, келе-келе əдебиетке біржола бет алғанын ескертіп өтеді. Ғылыми зерттеулермен қатарлас қаламынан туындап жатқан əңгіме, повестер болашақ «Аласапыранның» уақыттан озған елесі екенін, жаза алмай жатқан басқа да шығармалар сұлбасының көңілде тұрғанын да жасырмайды. 1965 жылы жазылып бітіп, жекелеген мақалалар түрінде баспасөзде жарияланған, ақыры жинақ болып біріктіріліп, «Қобыз сарыны» деген атпен 1968 жылы баспажүзін көрген зерттеулері арқылы қазақ əдебиетінің тарихын төрт-бес ғасыр əріге жетелеген, өрімтал күнінде-ақ дегені алғыс, ал қара дегені. . қарғыстан жаман беделді ғалым ағаларының алдында батылдық, табандылық, білімпаздық танытқан жас ғалымның ескі сорап, бір соқпақты шиырлап, шаңын шығарған, сөйтесөйте өзі мешел болуға айналған əдебиеттану ғылымына жаңа, қызу қан құйған (революция жасаған десек те сиымды) жанның көркем прозаны таңдап алуы кездейсоқтық емес. Бұл шешімнің түбінде талай ұйқысыз түндер мен кірпік айқаспаған таңдарда бекінген тоқтам жатқаны ақиқат.
Зады, қаламгер жанының Сұлулыққа, Сыршылдыққа деген құштарлығы осыған жетелеген. Құмар аңсарлы көңілдің шамырқанған шақтарындағы байламы бұл. Əдебиеттану ғылымын кемсіткеніміз емес, бірақ аталмыш қасиетті ұғымдарды (автордың жан-дүниесін) жеткізуге академиялық ғылымның қарымы жете бермесі шүбəсіз, ал Сұлулық пен Сыршылдық астасса, білім мен біліктілік қолтығынан демеп, тума талант жебесе жазушы қаламына періште қанаты бітеріне шəк жоқ. Ауыл шаруашылығы, мал, егін, көкөніс шаруашылығы, қар тоқтату мен шөп шабу науқаны, бақташылар мен балықшылар, болат қорытушылар мен механизаторлар, алып зауыттардың құрылысы мен каналдардың қазылуы, т.б. жайында заказбен кірпіш кітаптар, том-том романдар (сыншыларымыз «бүгінгі күн талабына сай туынды» деп мақтауға машықтанған) тоқтаусыз жазылып, баспадан топырлап шығып жатқан көлпал кезеңде М.Мағауин Орталық Комитеттің талап етуімен баспалар алдын-ала жоспарға енгізіп қоятын тақырыптарға қалам тартып көрмеген екен. Қаламгерлік, азаматтық ар-ожданы жібермеген! Бір ғажабы, жалғыз М.Мағауин ғана емес, белгілі көсемсөз шеберлері, талантты жазушыларымыз мұндай коньюнктуралық тақырыптарға қалам тартудан бойын таза ұстаған, сондықтан да партиялық пленумдарда əдебиетіміздің саясилығы, идеялығы жиі қаралып, түрлі қаулы-қарарлар қабылданумен болған-ды, яғни дарынсыздар жазған əлгіндей шығармалар партия функционерлерін де қанағаттандыра алмаса керек. Оның есесіне М.Мағауин көбіне əдеби журналдарда («Жалын», «Жұлдыз») жарық көрген «Нарқызыл», «Шахан шері», «Тазының өлімі» секілді повестерімен оқырман қауымды тəнті етіп, қалың көпшіліктің сүйікті қаламгеріне айналды. Айтқандай, сол бір жылдарда ел ішінде жұрт өзінің бұт артар қой торысы мен екі ұрсаң бір баспайтын тулақ тұғырларына Нарқызыл, Шимойын деп ат қоюға үйреніп алған-ды. Мұның өзі де халықытың қаламгерге білдірген пейілі, ризашылығы, ыстық ықыласы екен-ау. Өз повестерінде қаламгер əуелден-ақ қазақ халқының өткен өмірінен алған көріністерді, əдет-ғұрпы мен салт-дəстүрін жазуға ден қойып, этнографиялық суреттемелер жасауға бағыт алды. Біршама күш жұмсалып, көп тер төгіліп жазылған, əдебиет сүйер қауым екіұдай қабылдаған «Көк мұнар» романының өзі де қазақ халқының өткен тарихына арналар туындыларға жетелер баспалдақ, спорт тілімен айтсақ «қан қыздыру» еді. Ең қызығы, сол жазушының əлгіндей əрбір повесінен соңақ оған еліктеушілер жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай дүр етіп, аталмыш тақырыпқа қалам сілтеушілер көбейе кететін: «Нарқызылдан» соң жөпелдемеде бəйге аттары туралы талайталай əңгіме, повестер жазылып тасталды. «Тазының өлімінен» кейін іле-шала біршама уақыт бойы тазылар мен дүрегейлер, төбеттер мен овчаркалар қазақ əдебиеті бетіне басқа жанжануарды жолатпай қойғаны бар. Кезінде əдеби сыйлықты иеленген «Бір атаның балалары» повесі əдебиетіміз үшін тың құбылыс болғаны, терең із қалдырғаны тағы да рас. Қоғамымыз демократияны шамшырақ еткен, жариялылық өмірімізге дендеп ене бастаған соңғы жылдарда жұртшылық əсіресе қазақ зиялылары бар пəле-жаланы, жамандық атаулыны тоталитарлық жүйе, тоқырауға жауып, титімдей озық ой ұшқынына, батыл, тың пікірге жол бермеген қатал цензураның ішін кептіре айыптауға машықтанып алды, алайда осындай кездің өзінде білімді, білікті адам батылдық көрсетерін тағы да М.Мағауин қапысыз дəлелдеп бергендей болған. Жұрт ұлы Шəкəрімнің атын атауға қорқып, жалтақтық танытқан тұста ол Ленинградта орысша басылған кітапқа ақын өлеңдерін енгізіп те үлгерді. Ал сөйткен ғұлама ақынымыздың өлеңдеріне қазақ жұртшылығының қолы он жылдан астам уақыттан соң, жаппай шуылдап жүріп əрең жетті. Ендеше, қаламгер бақыты дегеніміздің өзі де осы шығар!
Рас, қолына қалам ұстағанның тарихта қалғысы келмейтіні кем, осындай ұмтылыс, табандылық болмаса адамзат əлі күнге өзі баяғыда бауыр басқан тас үңгерден шықпас та еді. Бірақ М.Мағауин өзіміз жоғарыда атап өткен, шамамыз келгенше сұлбаландырған еңбектерімен-ақ əдебиетіміздің тарихында қалғаны даусыз емес пе. Əйтпесе, 1971 жылы баспа жүзін көріп, тұтас ұрпақ тəлім алған, қолынан тастамас əуес кітабына айналған «Алдаспанның» өзі-ақ бір адамның тақиясына тар келмес еді ғой. Сөйте тұра жазушы жаны барақат таппайтыны, болдым-толдым демейтіні қалай? Нендей сиқыр оны арбайтын? Сөз өнерінің құдіреті, мөлдір музаның сиқыры-ау қаламгер жанына жай таптырмайтын деген ойға еріксіз ат басын тірейсіз. «Бардың бағасы» атты мақаласында М.Мағауин:«. .қолжазбаны əзірлеуге қатынасқан, атаулы дəрежелері: атақмансабы зор басқа да ағайындарымыздың еңбексіз, оңай ғылым, тегін олжа таппақ болған, ақылға сыйымсыз əрекетіне қатты таңырқадық, бұдан он бес-жиырма жыл бұрын ашылған, жарияланған, ғылым мойындаған, жалпы жұрт қабылдаған мəселелерді, деректерді, байламдарды, жаңалықтарды өзінікі етіп көрсетпек аңғалдығына амалсыз күлдік. Ғалым атына сөз келтірер, жалпы, мəдениетті адам атаулы үшін əбес істеріне қатты қынжылдық», – деп ашына жазды. Ғылымда өзіне, өзгеге де қатал талап қойғыш қаламгер əдебиетте де сол қалып мінезінен айныған емес жəне иманға қас өтірік пен жалғанға бой шалдырған тұсы жоқ. Əсіресе өзіне деген талабы тым жоғары. Парасатты əдебиет өкілінің басқалай болуға құқы да жоқ, өйткені, көріп, біліп тұрып үндемейтініміз болмаса, дилетантизм білімсіздіктен, компиляция өресіздіктен туындайтыны бесенеден белгілі «бидайдың барар жері –диірмен» секілді, білімсіздік пен өресіздіктің тоқайласар нүктесі – надандық. Міне, осылайша іштей ширығу, мазасыздық, іздену үстіне ізденудің түйіні – білімдарлық жазушының жұлдызын əдебиет көгінде жарқыратты. Əрине, əрбір хас қаламгердің жұлдызды сəті болатыны секілді М.Мағауиннің жұлдызы жарқыраған тұс – «Аласапыран» тарихи романы дүниеге келген шақ еді. «Аласапыран» – тарихи романдар онша таңсық емес қазақ əдебиетінде тың құбылыс, жаңа ағыс-ағым болғанын дəл қазір именбай айтуға болады жəне бұл жалған мадақ, қолдан жасалған қолпаш емес: роман Ораз-Мұхаммед сынды абзал да аяулы ердің тентіреген тірлігінің баянсыз жолын, басын тасқа да, тауға да ұрып тауаны шағылған азаматтың отыз тоғыз жылдық ғұмырнамасы, не тындырып, нені ойға алғанын тізбелеу емес, тарихи жағдайға байланысты жұмыр жердің үстінде қатар, қоян-қолтық мекендеуге тағдыр жазған халықтардың, əсіресе даму сатысының төменгі баспалдағында тұрған саныаз, қарымы кең халықтардың трагедиясы, қансоқта тағдыры туралы. Дүрбелең, бұлғақты заманада тұйықтан шығар жол таппай тосылған ақылды, ойлы азаматтардың, жапан түзде жора-жолдассыз жалғыз жортқан жойдасыз ерлердің мұң-қайсығы хақында. Бұл замана анархиясының ғана емес, бұрынғыдан безінуге бел буған, бір-ақ тұйықтан шығар жол, титтей саңылау жаппай сансыраған адамдар жан-дүниесінің де анархияға ұрынған кезеңі. Міне, дəл осындай адам жанының анархиясы кезеңін «Шегірен былғары» романында Бальзак та əдемілеп ашып көрсеткен еді ғой. «Шегірен былғары» романының бас кейіпкері Рафаэль де Валентин тұмар-шегінен ойға алғанын бірден орындайтын, сол былғарыға санскрит тілінде үшбұрыштана тізбеленген:
Маған ие болып, сен бəріне де иелік етесің.
Бірақ сенің өмірің менің құзырымда болады.
Бұл жаратқанға жақ, қалау білдір – қалғаныңның бəрі орындалады. Бірақ қалауыңды өміріңмен салғастыр, өмірің – менде. Қалау білдірген сайын өз күндерің секілді азая түсемін, маған ие болғың келе ме?
Ал, тəңірі саған құлақ асады. Осылай болсын! – деген сөздер жазылған, «Аласапыран» романының бас кейіпкері Ораз-Мұхаммед те аумалы-төкпелі бейқұт кезеңде осындай шегірен былғарыға ие болған Рафаэль сынды жан немесе құтыдағы жынды шығарып алған мүсəпір. Иə, Шығай ханның немересі, ағасы алты алаштың қазақ пен қалмақ жұртының ханы – Тəуекел, өзі тақ мұрагері – қалға өрімтал Ораз-Мұхаммедтің тəңіріге шүкірлік етпес жөні жоқ, бірақ жас сұлтанның пешенесіне жазылған қарғыс таңбасы – тағдырдың ауыр таңбасы бар іспетті. Ол тағдыр таңбасы Ораз-Мұхаммедтің жеке басына емес, уақытқа қатысты еді. Қалай десек те, адам өз уақытының жемісі ғана емес, құлы да. Роман да «Тарихтың тоғыз жүз тоқсан алтыншы тышқан жылы наурыз туып, қар сөгілген» яки григориан күнтізбесі бойынша 1588 жылы Сайрамда шақырылған төтенше Құрылтай күні кеше ғана аты аңызға айналған, ерлігіне қалың ел сүйсінген Ұзын оқты Ондан сұлтанның баласы, жас ұланның өміріне тікелей қатысы болмауға тиісті де еді, ал ойланып қарасақ, тарихи кезеңде дүниеге келгендердің (роман кейіпкерлерінің көбі) трагедиясы осы тұстан басталған. Осы ретте аздап тарихқа жүгінуге тура келеді. Іргесін Шыңғыс хан қалап, Бату бекіткен, үш ғасырдай жарты əлемді ен жайлап, өзгелерді көжектей дірілдеткен ұлы империя Алтын Орданың ХV ғасырортасындакөбесі сөгіліп,іргесіыдырай бастады. 1456 жылы Шу бойында тарихтағы алғашқы қазақ хандығы (ұлттық мемлекет ретінде) құрылғаны белгілі, нəтижесінде тұтас ұлт ретінде қазақ халқы тарих сахнасына шықты. «Дешті Қыпшақтың бұл кездегі əміршісі Əбілхайыр хан еді. Əбілхайыр хан Жошы əулетінен тараған сұлтандарға көп теперіш көрсетті, сондықтан олардың екеуi – Жəнібек хан мен Керей хан Моғолстанға ауып кетті. Иса-Бұға хан оларды меймандостықпен қабылдап, иеліктеріне Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу, Қозы-Басы деген жерлерді бөліп берді», – деп жазды атақты тарихшы Мұхамед Қайдар. Арада бір жарым ғасырға жетер-жетпес уақытта кең байтақ даланы бауырына басып жатқан қазақ жұртының басына қауіп бұлты үйіріле бастаған. Сыр бойныдағы отыз қала Бұхар ханы Абдолланың қанжығасында кетті, жығасы қисая бастаған жұрт Жайықтан асып, Еділ бойына емінген қайран қоныстан қапияда тағы айырылды. Елдің елдігі, ердің бақталайы сынға түскен аса ауыр дүрбелең шақ. Іргеден əбжыландай бас көтеріп, қуаты арта түскен орыс мемлекетінің жаулаушылары сынаптай сырғып, тоғаннан қашқан судай жылыстап, ақыры Ібір-Сібірге жеткен. Ерлігі болғанмен, от ауыз қаруға қарсы дəрменсіз Көшім хан ордасы ойран-топыр. Міне осының бəрін паймыдаған, батырлығына ақылы мен жұрттан асқан зеректігі сай ТəуекелҚұрылтайғажаңа,дəргейіндегілерге мүлдем тосын ой тасатаған: «. . бірақ қан тілеп туатын халық болмаса керек. Төңіректегі дұшпандарыңа қара. Өздеріңдей адам. Менің ойымша, орыс та осы өзіміздей адам. Батырға да жан керек дейді. Қаншалықты болса да өзі тіленіп жау іздемес. Сенің жүзің өлсе, оның бірі өлер. Жанын тастай алмай жатқан кім бар. Біз біз білмейміз. Білуге талпынбадық. Ал олар сені білгісі келеді». Жасы үлкен, ойы кемел хан көршіңді зертте, біл ұқ, білуге талпын деген. Жалпы жұртқа айтылған кеңес болғанымен тура Ораз-Мұхамедке арнап айтылған ақылдай. Көк Орда хандарының атажұрты Сарыарқа билігіне көшкен Ораз-Мұхаммед Қаратаудың бөктерінен қозғалған көшті бастап, сонау көгілдір дария – Ертіске дейін жолды жүріп өтеді. Ерте көктемеде алыс жолға аттанған елдің қуаныш-сүйініші де, қайғы-мұңы да, көшпенді үшін бар думан, мерекеден артық көштің қызығы да жетерлік. «Қызыл изен, бурыл бетеге, боз селеу – біртұтас жасыл шалғынмен алмасты. Көз көрім төңірек қызғалдақпен албырай құлпырып, сарғалдақ, қырмызы, қоңырау гүлдерімен теңбілдене түрленген масаты кілем жамылды. Жағасы жасыл құрақ, жиегі қамысты, қоғалы, айнадай дөңгелек көлдер көріне бастады. Аспан да шексіз кеңіп, бояуы қаныға түскендей. Осы дан апта бұрын сары сағым бұлдыраған алыс көкжиек қазір көгілжім мұнарға бөккен». Иə, көштің өз саясаты да бар екен: ол күрең-күрең, ауылауыл болып діттеген жерге жылжи беру емес, ұстанған жер саясатының бірден бір көрінісі де. Сондай-ақ қарауындағы халықтың тұрмыстық ахуалы, əлеуметтік жағдайымен жете танысудың да бір тəсілі. Көш жолында Ораз-Мұхаммед өз халқымен қайта танысқандай, жаңа табысқандай болады, саяси мəселелерге еш ішінің дау-шарына араласып, ақыл тоқтата бастайды, көштің əрбір күні мұны есейте түседі. Əсіресе, романда автор қаламының айдарынан айрықша жел есетін, оқырман жадында жатталып қалар эпизод бар. «Көшпендінің лашығында» деген тарауда Ораз-Мұхаммед көштің ең соңында сүйретіліп келе жатқан жұпыны ауылға барады, ыңыршығы айналған жұртты көріп, жаны күйзеледі. Сонда шиеттей бала-шағалы, бір қолы шолақ Төбет арбасына жеккен жалғыз өгізін пышаққа жығып, жас сұлтанның алдына адал асын қояды. Сұлтанға ас батпайды. Өзі алғаш көрген сұрықсыз өмір ортасындағы адамдардың тағдыры қабырғасына батқандықтан. Сонда Сұлтан: «Не тілейсің?» дейді Төбетке. Қалағанын бермек болып шешіп те қойған. Сонда бір сиыры, жеті ешкісі бар, үйі құрау-құрау көшпендінің тілегі. . Сөзді романға берелік:
– «Онда. . ұят та болса айтайын, – деді Төбет қинала сөйлеп.
– Үйіміз. . – екі қолын жан-жағынажайып, оңды-солды бұрылды.
– Былайша не. . ел қатарлы болғанымен, лайық емес, оны сезем. . Сонда да. . ертең: «Асын ішіп, аяғын теуіп кетіпті» деген сөз шығып кетер. . Қонып кетіңіз!.
– Жөн-ақ, ауыр болса да, сұлтан бұл тілегіңді орындайды! – деді риза болған Бесоба». Мұндай мəрттік тек қазаққа ғана тəн шығар. Жəне бұл борыштың ештеңемен келмейтінін Ай-Шешек бегім дəл пайымдаған. Аусар көрінетін Төбеттің өзі де: «Өнер алды – қызыл тіл» деп, сөз құдіретіне бас иген халықытың төл баласы екенін бір ғана лепеспен дəлелдейді. «Сонда да. . ертең: «асын ішіп, аяғын теуіп кетіпті» деген сөз шығып жүрер» деген бір ауыз лебізімен-ақ сұлтанды мақтамен бауыздағандай, өйткені, асын ішіп, ал ақ көңілден аттап кету сұлтан, жалғыз оған ғана емес, даланың əрбір адамы үшін кешірілмес күнə. Абыройсыздық. Кез-келген көркем шығарманың заттық құрылымы, яғни, қаламгер бейнелеген əлем кейпі – автордың əдеби тəсілі мен талғамына, дүниетанымына, ой өресі, көркемдік мұратына, идеялық бағдарына тікелей байланысты. Көркем əдебиеттің негізі – жанды, тірі адам, ал шынайы шығармада заттық болмыстан, қоршаған ортадан тысқары адам бола алмасы хақ. Ендеше шығармадағы заттық əлем артық əшекей де, керексіз үстеме бояу да емес, кейіпкер тұлғасын, автор мұратын айқындайтын негізгі белгілердің бірі. Егер көркем шығарманы біртұтас система ретінде қарастыратын болсақ, ең алдымен оның заттық болмысының негізгі түрлері – пейзаж, интерьер, тұрмыстық реалиялар жайын, олардың жасалу жолдары мен өзіндік ерекшеліктерін сөз етуге тиіспіз.
М.Мағауин романында заттық болмысты – пейзаж, интерьер, тұрмыстық, жауынгерлік құрал-жабдықтарды суреттеуге, кейіпкер кескіндемелерін жасауға мейлінше мол орын береді жəне бұл романның композициялық құрылымына, біртұтас архитектоникасына барынша үйлесіп, кірігіп жатыр. Үстірт қараған жанға автор табиғатты суреттеуге орынсыз көп орын берген (қаншама тамаша суреттемелер ұшырасады романның өн бойында) секілді көрінуі мүмкін, бірақ оның өзі де ақталған: өйткені роман оқиғасы өрбіген кез адамдардың табиғат анадан алшақтамаған, ара-жігі ашылмаған кез екенін ұмытпау лəзім, яғни табиғат – адам, адам – табиғат тізбегі біте қайнасып жатқан кез. Уақыт тұрғысынанжиырма жылдан астам мезгілді, кеңістік тұрғысынан Ұлы Дала, Ібір-Сібір, Ресей жеріндегі оқиғаларды мол қамтыған, кең тынысты, панорамалық бұл роман он алтыншы ғасырдың соңы, он жетінші ғасырдың басы, яки ғасырлар тоғысқан түйінді кезеңді үстірт, жайдақ шолып қана өтпейді, осы кезеңдегі саяси ахуал, əлеуметтік тұрмыс, жағдайды қамтып, сол кез философиясымен əркез үндесіп, қатар өріліп, өрбіп отырады. Роман бөлімдерінің «Қазақ даласы», «Ібір-Сібір жұрты», «Орыс елі», «Хан-Кермен», «Бұлғақ» аталуы, сондай-ақ тараулардың «Көш жолында», «Еруде», «Ордада», «Көшпендінің лашығында», «Арқадағы аңшылық», «Базарда», «Саятта», тағы басқалай хабарламалық түрде аталуы да кездейсоқтық емес, автор ойының нақты көрініс табуының сипаты. Автор əр бөлім, тарау сайын өз оқырманын осы нау беймəлім, əсіресе қазақ оқырмандарына күңгірт ғасыр қойнауына жетелеп, сол кез адамдарының салт-дəстүр, əдетғұрып, дүниетаным, мақсат-мұратымен, тереңірек таныстыруды мақсат еткендей. Осы ұлттық, жергілікті колорит романда декорация міндетін ғана атқаратынын, есесіне шығарманың негізгі түйіні қайталанбас, дара тұлғаларды, қоғамда өзіндік ерекше орны бар, түрлі əлеуметтік категорияларды (хан, патша, бас уəзір, аламан, отоман, воевода. Стрелец, саудагер, түрмеші, т.б.) көрсететін бейнелерді сомдап шығу үшін қажетті тəсіл ғана екенін ұмытпалық.
Əрине, мұндай тəсіл əлем əдебиетінде бұрыннан бар: Вальтер Скотт өзінің «Уэверли» жəне басқа көптеген романдарында да осыған жүгінген. Тіпті, қазақ əдебиетінің ұлы классигі Мұхтар Əуезов салып кеткен нұсқа да көз алдымызда емес пе. Айтқандай, «Абай жолы» эпопеясында адам жүрегін шымырлатар бір эпизод бар. Талай өмір белесін өткерген Абай жер орта жастан асып барып, ерекше бір ықыласпен ден қойып, кең-байтақ далаға, тау жоталары мен қырат-қырқаларға көз жібереді. Əуезов күннің батуын, жүзін мұнар тартқан мезгіл құбылысын кейіпкер өмірінің де батып, бара жатқан шағымен сабақтастыра, салыстыра алған «Қатпарлы қалың адырлардағы кеш көлеңкесі өмір көшіндей сезіледі. Салқындап, қарауыта түсіп, өтіп кеткен ауыр дəурендей, сол қазалы ауыр күндер ізін сақтағандай. Тек қана суық түсті өгейлік, нəрсіздік өлімге бейім суық күйлер танытады». Дəп осындай күй Ораз-Мұхамедтің басында да бар (біз бұл сөзді əдеби дəстүр жалғастығы тұрғысынан айтып отырмыз). Ол Қырым беттегі барлық орыс əскерлерінің бас қолбасшысы болып тағайындалады. Сонда өзі туып-өскен, ен жайлаған сақарадан аумайтын Қиян Дала шетіне келіп тұруды əдетіне айналдырады. Келмей, көрмей тұра алмайтын. «Жел ұшырған түбіттей жеңіл ақша бұлттар қалқыған тұңғиық аспан қыран бүркіттің қанаты талар кең даламен астасқан тұста – алыс, алыстағы көзбен болжал емес, оймен толғап аңдалар көкжиекте толқына тартып, үзіле бұлдыраған сұр сағым ойнайды. Кеш жүріп, түн асып қасына жетсең, қолмен ұстап көруге еркелене шомып, емірене жұтуға болардай, Бірақ жеткізбейді. Ол сағымнан ары тағы бір сағым бар. Одан ары. .»
Иə, одан ары автор ашып айтпайды, кейіпкердің де оймен шолуғаерік-жігеріжетпей, сезімінауыздықтапұстайды.өйткені ол өткенін ұмытуға тиіс! Ал одан ары. . Ораз-Мұхаммедтің кіндік кесіп, кір жуған елі жатыр еді. Əзəзіл, мəймөңке сөзге сеніп, орыс бекінісіне аңғалдықтан қаруын тастап кірген, сөйтіп соңындағы жүз аламанын қапылыста жау опасыздықпен қырып, ақыры мұны бодандықтан құтқарамыз деп Томан би мен Қабан батырдың басы кеткен Ораз-Мұхамед қалған өмірінде өзін басқаша тағдыр күтіп тұр деп ойламаған да: «Құлдық! Құлдық! Тек қана құлдық!
Рас, алдында таңдау бар. Құлдықтан құтқарар, азаттықта жеткізер. Ол – өлім. .» Көп ұзамай орыс патшасының дəргейіне бас ұрған Ораз Мұхаммед жаңа билеушіге қызмет етуге кіріседі. Өз еркімен. Тіпті, əріге салсақ «Төреде Отан жоқ» екенін дəлелдегендей де болады оның іс-əрекеті, ойлау жүйесі. Күшті бөксесімен диірмен тартары, қолға түсіп, бодандықтың қамытын киген мұның еркін ықтиярын сұраған ешкім де жоқ, ақыры жас сұлтан тағдырдың жазғанына амалсыз мойынсұнады. Қайта осы ретте ата жауымен аянбай жұлқысып, ең ақыры өлігін ешкімге көрсетпей кетуімен де тектілік танытқан Көшім ханның эпизодтық бейнесі азаттыққа деген ұмтылыстың, қайыспас қайсарлықтың үлгісіндей көрінері бар. Азаттық құрбандықты талап етеді! Алайда ғасырлар бойы ірге тасы қаланып, қалыптасқан құрылысқа жаңаның, əуелде жат көрінетін өркениеттің енуі де құрбандықты аз талап етпейді. Қару күшімен, зеңбірек пен мылтықтың ұңғысымен келген өркениет обырға айналып, жазықсыз құрбандарының есебінен жеңіске жетпек. Батыс Европада төрт ғасырға созылған қара түнек инквизиция кезінде екі жүз елу мың адам өлген болса, ал жаңа мен ескі тартысқа түскен Ібір-Сібір жұртында, бұлғаққа ұрынған Ресейде халық шыбындай қырылып жатты.
Ораз-Мұхаммед трагедиясының бір қыры да осында. Осы орайда кішкента сүйініштің өзі көрмеген, топырағына табаны тимеген ата жұртқа деген сағынышы оқырман көзіне еріксіз жас үйірілтеді жəнежүрегін осыншалық сағыныш кернеген, жүрімі аз ғана баланың жат ортада тірі тұра алмайтынына сенесің, өйткені ол өскен топырағынан қатігез қол жұлып алған гүл, торға қамалған еркін құс. Ол ауыз ашса «Мен елге барғанда. .» деп сөйлейді. Мұрат сұлтан мен Алтынханым алыстағы ата мекенге аттанып бара жатқанда «Мен де барам. . Мен де. .» деп соңдарынан құлын даусы шырқырап, жылап жүгірген. Ең соңғы, демі бітіп, талқаны таусылған шақта да бейкүнə сəби: «Мен де барам. .», – деген, ерні кеберси күбірлеп». Сүйініш бейнесі Ораз-Мұхаммедтің екінші «мені» жəне сұлтан өзінің елге деген сағынышын, пейілін Сүйініш өзімен бірге қара жердің қойнына ала кеткендей. Жат жердің дəм-тұзын еріксіз татқан, қапастағы құландай күн кешкен Ай-шешек бегім, əззаным, Ділшаттың да келешекке үмітін, жүрек түбінде жатқан əлдеқандай алдамшы сенім, аяулы сезім де бала тəнімен бірге көмілген, сондықтан туған жерден тірідей айырылған осынау бейкүнə жандардың бірінен соң бірі көз жұмуы аса иланымды жəне қара жерден табанын тайдырып қана жеңуге болар Атлантқа ғана тəн қасиет бар бойларында. Романда ерекше сомдалған, естен кетпестей кейіпкерлердің тұтас галереясы бар жəне автор əрқайсысын ерекше сомдаған, өздеріне ғана тəн қимыл/харекет, мінезбен кескіндеп, кейіптейді. «Артық өлшеп, кем кеспейтін», алып-ұшпасыз, асығып-аптықпайтын ақ толқындай автор стилі кейіпкерді кескіндеуде мүлдем шалт, ұшқыр. Жəне сол шалттықтың өзі де жарасымды, кейіпкерлері көбіне (портреттік тұрғыдан) ұқсас болып келе берер əдебиетімізге мүлдем жаңа, тосын бейнелер келіп қосылғандай. Жəне автор осынау кейіпкерлердің киім үлгісі, сөйлеу мəнерін(ХV-ғасыр адамдар екенін ұмытпауымыз керек) баса көңіл бөліп, арнайы тоқталады. Мəселен, бүкіл өмірін ат үстінде өткізген, үлкенді-кішілі сан айқасты көрген Бесоба батырды кескіндеген сəтіне назар салайық: «Кеудесі көріктей, зор денелі, селдір мұрт, сирек сақалды жалпақбет кісі екен.
Басында пұшпағы иығын жапқан мəри далбай, үстіндегі əр жеріне жамау түскен көнетоз түйежүн шекпенінің бір етегін күміс кіселі жалпақ қайыс белбеуге қыстырып алыпты. Кісесі сияқты беліндегі қылыштың қынабы мен балдағы да жарқ-жұрқ етеді. Киімі қандайжұпыныболса, қаруы соншалық қымбат, сəнді». Алайда осыншама көп кейіпкерлің арасынан айрықша бөлектеніп, мүлдем ерекше көрінетін топ бар, ол – əйелдер бейнесі. Əдебиет корифейлерінің бірі əйел бейнелерін сомдай алмаған жазушы əдебиет тарихында қала алмайтынын айтқан болатын, ал М.Мағауин романындағы Ай-Шешек бегім, Əз-ханым, Ділшат өзіндік ерекшеліктерімен дараланып тұрған, тіпті, ел-жұрт, сүйген жар жолында құрбандыққа ойланбай бара алар жандар жəне сонысымен де маңындағы күйкі тірліктен биік, жоғары: «Ұсақтан ұтпа – ұзағын күт. Халық – бала, өзін кім жақсы көрсе, соған құлап түседі. Барын бағалай біл, кемісін қазбалама: қайткенде де жұрт өзіңдікі, жақсы көруге тырыс, жақсы көрініп үйрен. Қарашы бегің – қыран құс, жем үшін ұшады, қызылдан қақпасаң, қызыл шолақтың өзін алып береді. Жұртыңның жүз тілегін орында, жүз біріншіде мың батпанжүгіңді көтереді», – деп немересіне ақылкеңес беретін, кісілік, көсемдік жолын нұсқайтын Əз-ханым жалғыз Ораз-Мұхамедтің ғана əжесі емес, халықтың анасы деңгейіне көтерілсе, өмірі трагедияға толып, сұлулығында да, ақыл кемелдігінде де кемшін жоқ Ай-Шешек бегім де қарақан басының емес, халық ел бірлігінің жоқтаушысы, шамасы келгенше қанатымен су сепкен қарлығаштай болмаққа бекінген кісілігімен жүректе жатталып қалады. Ол: «–Менде əке жоқ, – деді Ай-Шешек күрсініп.
– Менде ел-жұрт қана бар. Сен. . сен де жақын адамның жан күйінен гөрі, жұрттың жағдайын көбірек ескер, қолайы келсе, əйелге қоса құрсақтас бауырыңдықұрбанға шал. Өйткені. . өйткені, ел – біреу-ақ, бауыр көп, ал əйел. . қаншасын алғың келсе, сонша болады. .» Иə, жеке адамның пікірі ол қаншалықты дəлелденген, əбден бекіген пікір болса да, қашанда субъективті пікір ғана, сондықтан М.Мағауин сынды сарабдал, тіпті сарқаптал қаламгер туралы ой толғай отырып менің айтқанымның бəрі объективті баға дей қою қиын. Ал кең тынысты, XV ғасырдағы Дала, Ресей, Ібір-Сібірді мекендеген халықтар өмірінің өзіндік энциклопедиясы сынды «Аласапыран» романын бағалауда айтқан, айтарымның бəрі дəл, тура деп айту да мүмкін емес. Ол бағаны қашанда уақыт бере алады. Бірақ бір ақиқатқа жүгінуіміз керек – «Аласапыран» қазақ əдебиетінің соңғы жылдардағы ірі табыстарының бірі. Ал егер стилдік жағынан қарастырар болсақ, қашанда сырбаз, əрбір сөйлем, сөзін қолмен қалағандай жəне содан көз
қуантар сұлу сарай сала білер автордың сөз саптасы мүлдем ерек, тəнті етпей қоймайды. Сегіз жүз беттен астам романның қай-қай бетін ашып қалсаңыз да қазаққа тəн сөйлеу мəнері бірден көзге ұрып, қызыл тілді өнердің алдыдеп білетін шешен, сөзуар халқымыздың шұрайлы, бейнелі тілінің небір мəйегі тізбектеліп сала береді. Тіпті «Тең азамат – анда болмақ, текті ауылдар құда болмақ. Андалық – ақыл ісі, құдалық – құдай ісі», – деген секілді нақылға бергісіз тіркестер жиі кездеседі. Қысқаша айтқанда, «Аласапыран» ешкімге ұқсамайтын, дара жолы бар жазушының ең үлкен табыстарының бірі. Əрине, жазушының осынау теңдессіз, мехнаттыеңбегінің жемісі қазақ əдебиеті үшін көз қуаныш, мерей болғанын жұптай келіп, М.Мағауин өз еңбегіне сыбағалы үлесін алды ма дегенге жауап іздер болсақ, онда кей ретте іштей қынжылуға да тура келеді. Алайда, Жұматай ағамыз айтқандай: «Ақынның тілін алған ба, ақымақ əлем бір рет».
1992 ж.
[caption id="attachment_14402" align="alignnone" width="142"] Жаңабек Шағатай, жазушы[/caption]
Пікір қалдыру