"Қазақ мемлекетіне - 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне!!!
Ұлы боп көк тәңірдің саналатын, Орындап сол тәңірдің аманатын. Мәңгілік Ел болуды мұрат етіп, Бумын құрған Түріктің қағанатын. Жауларын айбарымен алжастырған, Бумын ісін Істеміс жалғастырған. Тоз-тоз болған халықтың басын қосып, Ұлы Түрік қағанатын заңдастырған. Армандап Түрік елін бай болсын деп, Төрт түлігі әмәнда сай болсын деп. Халқының киімі көк, қарыны тоқ, Елі бейбіт, көңілі жай болсын деп. Сол үшін ұзақ түндер ұйықтамаған, Қара бастың қамын еш құнттамаған. Батыр бабам Күлтегін, Тоныкөктер, Жорықтарда тамшы су ұрттамаған. Түрік жұрты осылай өсіп-өнген, Ынтымағы жарасып жауды жеңген. Билік- таққа таласқан аға-бауыр, Ақыры Қағанатты екі бөлген. Кезінде жарты әлемді билеп тұрған, Бірлігіне басқалар құлдық ұрған. Ыдырап Ұлы түрік қағанаты, Ру-тайпа өзінше хандық құрған. Айырылып айбынды түр келбетінен, Бөрі жеп бөлінгенді әр шетінен. Жойылды Шыңғыс ханның жорығында, Қалалар Отырардай жер бетінен. Түріктің бір бұтағы қазақ еді, Қайсар мінез өр еді, ғажап еді. Жәнібек, Керей хандар басын қосып, Өмірге келген еді Қазақ елі. Алтаймен Атыраудың арасында, Жетісу, Жеті өзеннің сағасында. Бірігіп Ұлы, Орта, Кіші жүз боп, Хандық құрды қазақ өз даласында. Алайда іріткі түсіп арасына, Іні кетті бағынбай ағасына. Жаулары мұны ұтымды пайдаланып, Қазақтың басып кірді даласына. Жоңғарлар қырып-жойып қазақ елін, Жаулап алды шұрайлы біраз жерін. Елін қорғап жан беріп жан алысты, Қиян кескі соғыста талай ерім. Жау қолында күң болып ару қалды, Жау соңында күл болып ауыл қалды, Миллионға азайып қазақ саны, Кеудеде шықпаған құр жаны қалды. Жойылып кетпеу жолын таңдау қалды, Ұрпаққа «Елім-айлап» арнау қалды. «Бірлігі бекем қазақ ел болса» деп, Абылайдан аманат, арман қалды. Арыстандай алысып жауын құртты, Ақыры сақтап қалды жер мен ұлтты. Қансыраған қазағым амалсыздан, Бодан боп Ресейге тізе бүкті. Бағыншты боп казак-орыстарға, Бекіністер салынды қоныстарға. Хан билеген кешегі қазақ елі, Бөлінді губерния, болыстарға. Алаштың еркін өскен рухы өліп, Қамытын бодандықтың киді көніп. Келісіп Ресеймен көрші Қытай, Сыртынан қазақ елін алды бөліп. Осылай қазақ екі елде қалды, Бөлініп ата-қоныс жер де қалды. Ел қорғаған ерлердің басы жатқан, Жат қолында құба жон, бел де қалды. Ағайын-туыс қалды ажырасып, Басқаның қол астында зар жыласып. Қосыла алмай екі елде қалып қойды, Кешегі сөз байласқан екі ғашық. Тиімді болды жатқа бөлінгені, Іргесі тұтас елдің сөгілгені. Ешкімде бодан елді аямады, Бейнеттің шеті-шегі көрінбеді. Отарлау бір сәткеде басылмады, Халықтың соры мүлде ашылмады. Кенесеры, Исатай, Махамбеттей, Еңіреген ерлердің басын алды. Бастан кешіп кемсіту, мазақтарды, Қайран елім көрді сан азаптарды. Қазақты көпе көрнеу «Киргиз» атап, Аты-заты өшуге аз-ақ қалды. Жабайыға жатқызып дүйім жұртты, Данагөй жақсылардың көзін құртты. Мал орнына майданға қазақты алу, Жөнінде ақ патшадан жарлық шықты. Бұл шешім тұз сепкендей жарасына, Халықтың оқ боп тиді санасына. Торғайдан бастау алған көтеріліс, Қазақтың тез тарады даласына. Кеудесі ар-намыспен толы кекке, Бұрқ еткен ашу-ыза айналды өртке. «Аттандап» атқа қонып ашынған жұрт, Қылышпен қарсы ұмтылды зеңбірікке. Мылтықпен зеңбіріктен оқ борады, Қырылған халықты ешкім жоқтамады. Қазақтың даласында тұтанған өрт, Ақыры Ресейді отқа орады. Боялып қызыл қанға таумен тасы, Өзен боп ақты қанмен көздің жасы. Қолына қару алып жұмысшы тап, Құлатты үстем тапты ойранды сап. Ақ патша ақырында тақтан түсті, Орыстар ақ-қызыл боп қырылысты. Кең байтақ Ресейге сыйыса алмай, Қазақты қос өкпеден келіп қысты. Қару ап кедей байға қарсы шықты, Мәнісін біреу ұқпай біреу ұқты. Бөлініп екі тапқа тұтас халық, Бір қазақ, бір қазақтың көзін құртты. Ауқатты малы барлар шекара асып, Жан бағып туған жерден босты қашып. Жартысы тоз-тоз болып жолда өліп, Жаттан пана іздеді арып-ашып. Кете алмай кейбіреуі тастап елді, Қия-алмай паналады туған жерді. Тәркілеп, малын-мүлкін тартып алып, Қазақтың тең жарымы аштан өлді. Қан сасып кең даланың құты қашты, Қызылдар аямады кәрі- жасты. Халық қамын ойлаған зиялыны, «Халық жауы»- деп ұстап, атып-асты. Көндігіп тағдыр салған үлесіне, Дәрменсіз болды қазақ күресуге. Асты-үсті байлық толы байтақ дала, Айналды халықтардың түрмесіне. Фашистер қапылыста соғыс ашып, Одақтың тең жарымын алды басып. Қазақтың қыздарымен жігіттері, Ел қорғауға аттанды жанталасып. Сұм соғыс талай жанның жолын кесті, Сәбилер ата-анасыз жетім өсті. Миллиондаған азамат мүгедек боп, Сан мыңдаған отаудың оты өшті. Өксігі елмен жердің басылмады, Халықтың көзі сордан ашылмады, Москва-Берлиннің арасында, Төрт жүз мыңдай қазақтың басы қалды. Жеңіс келді боздақтар қаныменен, Қиылған қыршын жастың жаныменен. Қазағым талай ұлтты паналатты, Бөлісіп қолындағы барыменен. Тең жарымы соғыспен аштан өліп, Алаш жұрты азайды саны кеміп. Орталық басқаларды алып келіп, Кең далаға қаптатты «Тың игеріп». Жыртқанды қара жерді жеңіс көрді, Ешкім де байырғы ұлтпен келіспеді. Қиратып ата-баба мазарларын, Зиратын трактормен тегістеді. Жабылып ұлттық мектеп, сыныптары, Қоғам боп орыс тілін ұлықтады. Ескінің қалдығы деп ысырып сап, Қазақтың салт-дәстүрі ұмыт қалды. Еліме бұл бір қиын заман болды, Ішкені ірің, жегені қарам болды. Абай туған қасиетті Семей жері, Атом бомба сынайтын алаң болды. Жарылған бомба әсері болды қатты, Сол маңда тірлік біткен өлім тапты. Зардабынан мақұлыққа ұқсайтұғын, Жарымжан бала өмірге келіп жатты. Қазақ үшін қасіретті мұңға айналып, Арал суы тартылды құмға айналып. Шөлде қалды бір тамшы суға зар боп, Теңіздің жағасында тұрған халық. Қосақтап бір жүйеге жүздей ұлтты, Дәстүрін, тілін, дінін түгел құртты. Қарсы келген кім болсын империя, Көзін жойып түрмемен көрге тықты. Осылайша жылыстап жылдар өтті, Қиын-қыспақ, сан ауыр сындар өтті. Отаршылдық, озбырлық ақырында, Желтоқсан көтерілісіне келіп жетті. Шегіне жетіп көрген мазағының, Сүйегінен өтіп тартқан азабының. Орталық шешіміне қарсы шықты, Жастары ұрандатып қазағымның. Түнерді Алматының аспаны да, Күңіренді Алатаудың тастары да. Құрсанған қарулы әскер қарсы тұрды, Алаштың өрім талдай жастарына. Компартия ниеті болды мәлім, Ұлтшыл деп бар қазаққа төкті кәрін. Қара көз ұлмен қызды қанға бояп, Ұрып-соғып түрмеге жапты бәрін. Азаттық, бостандық боп ұрандары, Кеудесін төседі оққа ұландары. Қарусыз жастарды жау жеңгенімен, Ұлт намысын, рухын жыға алмады. Домалап иығынан ердің басы, Көлкіді көлдей болып көздің жасы. Шыққан жан, киелі қан жіберсінбе, Сөгілді империя қабырғасы. Сан ғасыр бодан болып тартты азап, Кірме боп өз жерінде көрді мазақ. Сондада желтоқсанның ызғарында, Алауын азаттықтың жақты қазақ. Үзіліп бодандықтың темір торы, Егемендікке елімнің жетті қолы. Азаттық , тәуелсіздік алсадағы, Ақ тұман басқан алда жатты жолы. Келімсектер көлігіне жүгін артып, Тарихи отанына көшті қайтып. Кейбіреуі үй ішінен үй тікпек боп, Әртүрлі сандырақты жүрді айтып. Біреулер жанталасты жан таба алмай, Ішер ас, киер киім, мал таба алмай. Пысқайлар бүлінгенді бөліп жесе, Қара тобыр тарықты нан таба алмай. Көршілес көп елдерде бүлік шығып, Қырқысты бірін-бірі тұншықтырып. Жанған отқа май құйып сыртқы дұшпан, Араздықты күшейтті ушықтырып. Құрдымға ескі жүйе құлап жатты, Халықты сенімсіздік тұралатты. Бүлдірмей сақтап қалу сынға түсті, Қазақстан атты алып ғимаратты. Бір арқанға байланған жұрт кешегі, Жол таппай кезіп кетті әр көшені. Тарих толқынынан туып шықты, Ғасырлар тоғысында ұлт көсемі. Халқына жөн көрсетіп тиянақты, Жол салып асулардан қиялатты. Айтқан сөзін дәлелдеп ісіменен, Көңілге сенімділік ұялатты. Бұзылғанда Кеңестің тас қамалы, Ешкімді ол үйіндіге тастамады. Мәңгіге жауып Семей полигонын, Көшірді Сарыарқаға Астананы. Халқының көкейдегі сырын ұқты, Бекітті шекарасын ішкі-сыртқы. Қиын-қыстау кезеңнен алып шықты. Қанаттыға қақтырмай жүздей ұлтты, Аралдың суы толды арнасына, Диқанның дән құйылды қамбасына. Қандастар тозып кеткен елге оралды, Өзінің атамекен ордасына. Сәттерде сынақ түскен ербасына, Қалтқысыз сенді халқы Елбасына. Жұмылған жұдырықтай ерді артынан, Бекініп бірге биік белді асуға. Арманы жүзеге асып бабалардың, Рухы асқақтады даналардың. Есімі қайта қауышты ұрпағымен, Нақақтан шәйіт болған ағалардың. Аманаты Абылайдың орындалды, Әлемге қазақ елі мойындалды. Тілі, діні, дәстүрі халқымыздың, Төрінен лайықты орын алды. Өркендеп алға басты Қазақстан, Бақ құсы қайта қонды қолдан ұшқан. Қуатты, берекелі , бейбіт елмен, Санасатын болды енді дос пен дұшпан. *** Көк аспан түсіндей желбіреп байрағы, Бір мүдде, бір мақсат алдына қойғаны. Көк түрік отаны бүгінгі қазақтың, Тәуелсіз Мәңгілік ел болу арманы. Мұхит Жақсылықұлы Павлодар қаласы
Пікір қалдыру