Grand Chess Tour ұйымдастырушылары Сент-Луисте өтетін болатын Гран-тур сериясы кезеңіне Шахматтан 13-інші Әлем чемпионы Гарри Каспаров қатысатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол жылдам шахмат турнирінде өнер көрсетпек. Бұл туралы BBC-дің орыс қызметі жазды.
54 жастағы Каспаров спорттық мансабын 2005 жылы аяқтаған еді. Содан бері тек көрмелік матчтар мен турнирлерге бірнеше рет қана қатысты.
Гарри Каспаров 1985 жылы Шахматтан Әлем чемпионы болды. Онда ол Анатолий Карповты жеңіп, тарихи ойын өткізді. Содан бастап 2006 жылға дейін Каспаров FIDE рейтингінде көш бастады. . Оның рекордты нәтижесі 2851 балл, 1999 жылы қойылған. Оны 2013 жылы ғана Магнус Карлсен жаңартқан.
Спорттық карьерасын аяқтаған соң Каспаров Владимир Путин саясатына белсенді түрде қарсылық білдірді. 2012 жылы қазан айында Каспаров Ресей оппозициясының Координациялық кеңесіне сайланды.
2013 жылы Гарри Каспаров Ресейден бір жола кетті. Қазіргі таңда Нью-Йоркте өмір сүреді. 2014 жылы өзіне азаматтық берген Хорватияда үйі бар.
Осы жолғы Сент-Луистегі Гран-тур кезеңіндегі ойындарда оның қарсыластарының қатарында әлемнің танымал шахматшылары - Левон Аронян, Вишванатан Ананд, Фабиано Каруана, Хикару Накамура Сергей Карякин және Ян Непомнящий бар.