Әлеуметтік мәселелер кезек күттірмеуі тиіс. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші бірінші кезекте қаралуы керек. Осы және өзге де мәселелердің шешілу жолдарын талқылау мақсатында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл туралы Қамшы ақпараттық агенттігі 24.kz мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Негізінен тұрғындарды баспана жайы мен медициналық қызмет қынжылтады. Сырдария ауданының тұрғыны Қаракөз Әбетова науқас 2 баласын заманауи медициналық орталықтарға емдетуге жәрдем сұрай келіпті. Филиал төрағасы «Қызылорда игілігі» корпоративтік қоры арқылы мәселені шешуге ықпал ететінін айтты. 3 немересін бір өзі бағып-қағып отырған зейнеткер Наталья Жихарева да олардың оқу ақысын төлеу қиынға соғып отырғанын жеткізді.
Наталья Жихарева, қала тұрғыны: - Немеремнің оқуға ынтасы жақсы. Бірақ төлемақыға келгенде жыл сайын кібіртіктеп, қиналып қаламыз. 3 немерем жастайынан тұл жетім қалды. Үлкеніне әупірімдеп дипломын алып бердім. Партия төрағасы, облыс әкімі бір жылғы 150 мың теңге оқу ақысын төлеп береміз деп қуантты. Балам үшін қуанып тұрмын. Әйтпесе зейнетақыммен қай жыртығымды жамайын.
Шолушы: Айгерім Таубай